Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітапта ядролық соғыс жайлы не айтылған?

Киелі кітапта ядролық соғыс жайлы не айтылған?

 Бүгінде қуатты мемлекеттер ядролық қаруларының санын көбейткен үстіне көбейтіп жатыр. Бәрін уайымдататын бір жайт — ядролық қарудың саны көбейген сайын, осы қару бастаған соғыстың бұрқ ету қаупі де арта түсуде. Тіпті бір ғана кішкентай бомбаның өзі бүкіл әлемнің күл-талқанын шығаратын ядролық соғыстың тиегін ағытуы мүмкін. Бір журналда айтылғандай, “біз ядролық соғыс табан астынан басталуы мүмкін заманда өмір сүріп жатырмыз” (“Bulletin of the Atomic Scientists”).

 Ядролық соғыстың бұрқ етуі мүмкін бе? Егер солай болса, жеріміз аман қала ма? Соғыс болады деген уайымнан қалай арыла аламыз? Киелі кітапта бұл жайында не делінген?

Осы мақалада:

 Киелі кітапта ядролық соғыстың болатыны алдын ала айтылған ба?

 Киелі кітапта ядролық соғыс жайлы нақты ештеңе айтылмаған. Алайда, мұндай қауіп тудыратын бірсыпыра жайттар алдын ала айтылып кеткен.

 Киелі кітапта айтылып кеткен келесі жайттардың бүгінгі өмір ағымында қалай орындалып жатқанын көріңіз:

 Киелі кітап тармақтары: Исаның шәкірттері одан: “Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады. Иса бұған: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады”,— деп жауап берді (Матай 24:3, 7).

 Әлемдегі жағдай: Ядролық қаруы бар мемлекеттерді қоса алғанда, бүгінде кикілжіңді қарудың көмегімен шешкісі келетін мемлекеттердің саны артуда.

 “Соңғы жылдары мемлекет аралық қақтығыстар жиілеп, бүкіл әлемде қатыгездік ойран салуда” (“The Armed Conflict Location & Event Data Project”).

 Киелі кітап тармағы: “Ақырғы уақытта оңтүстік патшасы [солтүстік патшасымен] текетіреседі” (Даниял 11:40).

 Әлемдегі жағдай: Киелі кітапта алдын ала айтылып кеткендей, қарсылас мемлекеттер мен олардың одақтастары билік үшін текетіресіп жатыр. Бүгінде ең қуатты ядролық қаруы бар мемлекеттер бір-біріне шабуыл жасамаса да, олар өздерінің ядролық оқтұмсықтарын ұштай түсуде.

 “Соңғы онжылдықта бір-біріне тіс қайраған елдердің саны артуда, олардың ішінде қуатты мемлекеттердің қанат астында жүрген елдер де бар” (“The Uppsala Conflict Data Program”).

 Киелі кітап тармағы: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болатынын біліп қой: адамдар... ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез... болады” (Тімөтеге 2-хат 3:1—3).

 Әлемдегі жағдай: Бүгінде көп адамның үш қайнаса сорпасы қосылмайтын болып кеткен. Елбасылары жайлы да солай дей аламыз. Туындаған мәселені жайшылықта отырып шешудің орнына, олар бір-біріне жұдырық ала жүгіруге дайын. Мұндай жағдай ядролық соғыстың бұрқ етуіне себепші болуы әбден мүмкін.

 “Басшылар келіспеушіліктің тігісін жатқызуды үйренбесе, жағдайдың ушыға түсетіні айдан анық” (Самир Саран және Джейн Харман, Дүниежүзілік экономикалық форумдағы баяндама).

 Құдай ядролық соғыстың болуына жол бере ме?

 Киелі кітапта бұл жайлы айтылмаған. Бірақ онда “қорқынышты” жайттардың біздің күнімізде орын алатыны айтылады (Лұқа 21:11). Оның бір мысалы ретінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде лақтырылған атом бомбаларын алсақ болады. Киелі кітапта Құдай неліктен соғыстың болуына жол беретіні түсіндіріледі. Бұл туралы “Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?” деген бейнероликтен толығырақ біле аласыз.

 Жеріміз аман қала ма?

 Әлбетте. Тіпті адамзат тағы да ядролық қаруға жүгінсе де, Құдай жағдайдың ушығып, бүкіл жержүзінің құрдымға кетуіне ешқашан жол бермейді. Киелі кітапқа сай, Құдай жерді ядролық қарудан қалқалап қана қоймай, оны адамзаттың мәңгілік тұрағы етпек.

 “Жер мәңгілік тұрады” (Уағыздаушы 1:4).

 “Құдай жерді қалыптастырып, Оны бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (Ишая 45:18).

 Кейбіреулер болашақ жайлы ойлағанда, жарылыстан кейін қаңырап бос қалған жерде күйін әрең күйттеп жүрген бірен-саран адамды ғана елестетеді. Бірақ Киелі кітапта соғыстың кез келген зардабының орны толатыны айтылған.

 “Шөл мен құла түз шаттыққа кенеледі, Шөл дала қуанып, бәйшешектей жайнайды” (Ишая 35:1).

Құдай біздің жайқалған жерде бақытты өмір кешкенімізді қалайды

 Құдай жерді өзін жаңарта алатындай тамаша қабілетпен жаратқан. Түбінде Құдай өзінің құдіретті күшімен жерді қалпына келтіреді. Осылайша жайқалған жер беті адамзаттың мәңгілік мекені болады (Зәбүр 37:11, 29; Аян 21:5).

 Ядролық соғыс болады деген уайымнан қалай арыла аламыз?

 Кейбіреулер ядролық соғыстан қорқып, сарыуайымға салынып жатады. Киелі кітаптағы жарқын болашаққа қатысты уәделер мен кеңестер көп адамға қорқыныштарын сейілтуге көмектеседі. Қалай?

 Киелі кітапта қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайтыны айтылған. Сол күнге жетеміз деген үмітіміз көңілімізді орнықтырады. Киелі кітапта мұндай үміт кемеге тұрақтылық беретін “зәкірге” теңеледі (Еврейлерге 6:19). Сондай-ақ біз алда болуы мүмкін жаман жайттарды ойлай бермей, тек бір күннің ғана уайымымен өмір сүрсек, біршама жеңілдік сезінеміз. Иса пайғамбар айтып кеткендей, “әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті” (Матай 6:34).

 Расында да, ой-санамыз бен эмоциялық күйімізді жайландырып отырғанымыз өте маңызды. Ол үшін соңғы кездері орын алып жатқан ядролық әрекеттерге қатысты ой-пікірлер мен болжамдарға тым көп назар аудармағанымыз дұрыс. Өйткені мұндай хабарлар бізді жантыныштығынан айыруы мүмкін. Бұлай еткеніміз — шындыққа тура қарамай жатырмыз деген сөз емес. Өзіміз әсер ете алмайтын әрі болуы екіталай жайттар жайлы ойлай бергеннен пайда жоқ. Сондықтан ой-санамызды олардың құрсауынан босатқанымыз абзал.

 “Сарыуайым жүректі күйзелтеді, Жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” (Нақыл сөздер 12:25).

 Біраз уақытқа жағымсыз жаңалықтарды ысырып қойып, өміріңізде болып жатқан жағымды жайттарға назар аударыңыз.

 “Үміттерің молая түсу үшін... Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!” (Римдіктерге 15:13).

Киелі кітапта бізді жарқын болашақ күтіп тұрғаны анық айтылған

 Құдайдың уәделері жайлы көбірек білер болсаңыз, үмітіңіз жанып, қуаныш пен жантыныштығына кенелесіз.

 Киелі кітаптағы Армагеддон соғысы ядролық соғысқа нұсқай ма?

 Кейбір адамдар Армагеддон дегенде ядролық соғыстан астан-кестені шыққан жерді елестетіп жатады.

 Алайда Киелі кітаптағы “Армагеддон” сөзі “жержүзінің патшалары”, яғни үкіметтері, мен Құдайдың арасындағы соғысқа нұсқайды a (Аян 16:14, 16). Ядролық бомба жарылғанда адамдар жаппай қырылып, жердің күл-талқаны шығады. Алайда Армагеддон жайлы бұлай дей алмайсың. Өйткені Армагеддонда Құдай тек зұлым адамдарды ғана жояды. Осының арқасында жер бетіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды (Зәбүр 37:9, 10; Ишая 32:17, 18; Матай 6:10).

 Құдай соғыстың соңғы нүктесін қалай қояды?

 “Ол күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады, Садақты сындырып, найзаны да быт-шыт қылады, Соғыс арбаларын отқа жағып құртады” (Зәбүр 46:9).

 Ехоба b Құдай соғысқұмар халықтардың қылышын қайыстырып, бүкіл соғыс атаулыға тоқтау қояды. Ол мұны өзінің көктегі Патшалығы, яғни үкіметі, арқылы жүзеге асырады. Осылайша ол жер бетіндегі бүкіл билікті өз қолына алады (Даниял 2:44).

 Құдай патшалығы орнағанда адамдар бейбіт өмір кешуді үйренеді. Бүкіл жержүзін тек бір ғана үкімет басқарғандықтан, халықтар арасында ешқандай келіспеушілік туындамайды. Адамдар тіпті соғысуды үйренбейтін болады (Миха 4:1—3). Нәтижесінде тыныш заман орнап, “әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, ешкім де оларды қорқытпайды” (Миха 4:4).

a “Армагеддон соғысы деген не?” деп аталатын мақаланы қараңыз.

b Ехоба — Жаратушы Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деп аталатын мақаланы қараңыз.