ГРУЗИЯ | 1991—1997
“Өсіріп жатқан — Құдай” (Қор. 1-х. 3:6).
1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Грузия тәуелсіздік алды. Алайда саяси өзгерістер мен азаматтық толқулардың кесірінен өмір сүру деңгейі күрт төмендеп кетті. Сол жылдары аудандық бақылаушы болған Генади Гудадзенің айтуынша, нан алу үшін кейде жұрт күні бойы кезекте тұратын.
Ехоба куәгерлері жиі кезекте шоғырланып тұрған адамдарға Киелі кітаптағы хабарды айтатын. Генади бауырлас: “Сол бір қиын заманда адамдардың барлығы шындыққа ыңғай танытатындай көрінетін. Бізде Киелі кітап зерттегісі келетін жүздеген адамның мекенжайы болды”,— дейді.
Әр жиналыстан кейін жауапты бауырластар зерттегісі келген адамдардың аты-жөні мен мекенжайын оқып шығатын. Ал жариялаушылар оларды бөлісіп алатын.
Тбилисиде ақсақал болған Левани Сабашвили мекенжайын берген бір ерлі-зайыптыларды есіне алды. Ол: “Жариялаушылар келіп түскен өтініштердің бәрін бөлісіп алды. Бірақ әлгі ерлі-зайыптылар алыс тұратындықтан оларға барғысы келетін ешкім болмады. Оның үстіне, көпшілігіміз бірнеше зерттеу сабағын өткізетінбіз”,— деп әңгімеледі.
Бірнеше айдан кейін олар тағы бір өтініш жіберді. Ақыр соңында олар “бізге біреу келмесе, қанымыз сендердің мойындарыңда болады” деген сөздермен үшінші рет өтініш жолдады (Ел. іс. 20:26, 27). Левани былай деді: “Ол кезде жұрт Жаңа жылды тойлап жатқан еді. Мұндай кезде біз адамдарға бармауға тырысатынбыз. Бірақ біз бұдан әрі созуға болмайды деп ойладық”.
Шындыққа сусаған Роини мен Нана Григалашвили бір аязды күні есіктерінің алдында тұрған Левани мен тағы бір бауырласты көргенде, өз көздеріне өздері сенбеді. Олар бірден зерттеу сабағын бастап кетті. Қазір Роини мен Нана балаларымен бірге ізашар болып жүр.
Қызығушыларға бару үшін көп тер төгілді
Шындықты біліп, бойларын ризашылық кернегендер өзгелерге ізгі хабарды жеткізу үшін уақыттарын, күш-қайраты мен қаржы-қаражатын аямайтын. Бадри мен Марина Копалиани сондай ақжүрек адамдарға көмектесу үшін, отбасылық міндеттеріне қарамай, шалғай ауылдарға барудан бас тартпайтындардың бірі еді.
Бадри мен Марина бір демалыс күні Гоча, Левани деген екі жасөспірім ұлдарымен Тбилисидің солтүстігіндегі сұлу таулы аймақта орналасқан Душети қаласына барды. Ал кейде олар шалғайдағы ауылдарға жету үшін ойлы-қырлы жолдармен 150 шақырымдай жүріп өтетін.
Бірде Бадри мен Маринаны бір әйел жұмыс істейтін жеріне шақырады. Бадри былай дейді: “Келсек, бір үлкен бөлмеге елу шақты адам жиналыпты! Алғашқыда мен сасып қалдым. Бірақ Ехобаға дұға етіп алдым да, Матайдың 24-тарауындағы соңғы күндердің белгілері туралы айта бастадым. Сонда бір кісі таңғалып: — Неге дінбасылары мұны бізге айтпайды?— деді”.
Жұрттан жасырын қалмаған Еске алу кеші
Исаның өлімін Еске алу кеші талай ақжүректі грузиндердің шындықты естуіне себеп болды. Мысалы, 1990 жылы Тбилисиде тұратын Ия Бадридзе деген бауырластың үйінде өткен Еске алу кеші көршілердің назарынан тыс қалмады.
Бадридзе бауырлас пәтерін Еске алу кешін өткізуге ұсынған соң, екі баласымен қонақ бөлмесін босатып қояды. Бірақ оған көп орындық қажет еді. Грузияда үлкен жиындар жасағанда үстелдер мен орындықтарды жалға алуға болатын. Бірақ бауырласымыз тек орындықтар сұрағандықтан, жалға беруші одан: “Үстелдер алмайсыз ба? Үстелсіз қалай тамақ ішесіздер?”— деп сұрап қоймайды.
Ия бауырлас Еске алу кешіне келгендердің бәрін 13-інші қабаттағы үйіне сыйдырды. Ал Кешке 200 адам келген еді! Осыдан кейін көршілерінің Ехоба куәгерлері туралы білгісі келгені таңғалдырмайды.
Естен кетпес Еске алу кеші
1992 жылы Еске алу кешін өткізуге елдің жер-жерлерінен үлкен залдар жалға алынды. Гори қаласында тұрған Давит Самхарадзе аралаушы бақылаушының олардан Еске алу кеші жөнінде сұрағанын есіне алды.
Кештің бауырластардың үйінде өткізілгелі жатқанын білгенде, бақылаушы: “Қалада үлкен зал бар емес пе? Неге соны жалға алмайсыңдар?”— деп сұрады.
Ал ол залға 1000-нан аса адам сыятын еді. Сондықтан небәрі 100-ден асатын жариялаушы үшін мұндай үлкен зал қажет еместей көрінген.Бірақ аралаушы бақылаушы: “Әр жариялаушы он адам шақырса, зал толады ғой”,— деді. Бастапқыда бұл кеңесті орындау мүмкін еместей көрінгенмен, жариялаушылар барын салды. Содан Еске алу кешіне 1036 адам келді *! Бауырластар бұған әрі таңғалды, әрі қуанды.
Жалындаған екі ізашар жаңа алқапты өңдеді
1992 жылы Грузияда әлі де Ехоба куәгерлерінің аяғы баспаған аймақтар бар болатын. Экономикалық тоқырау шарықтау шегіне жеткен уақытта бұл аймақтарда уағыз ісін қалай ұйымдастыруға болар еді?
Сол жылдары батыс Грузияда тұрған Тамази Библаиа былай деді: “Аралаушы бақылаушы бірнеше бауырластың басын қосып, не істеуге болатынын талқылады. Біздің арнайы ізашарлардың қызметін қалай ұйымдастыруға болатынынан онша хабарымыз жоқ еді. Бірақ біз уағыз ісі қауырт атқарылуы тиіс екенін білетінбіз” (Тім. 2-х. 4:2). Сөйтіп, олар 16 ізашарды таңдап алып, елдің түрлі аймақтарына жібереді. (Картаны қараңыз.)
Бес айға сол аймақтарға жіберілгелі жатқан ізашарларды жігерлендіру үшін, 1992 жылдың мамыр айында Тбилисиде үш сағаттық кездесу өтті. Сосын ақсақалдар ай сайын оларды жігерлендіріп, қажет болса, қаржылай көмектесіп тұрды.
Манеа Адуашвили, Нази Жваниа деген ізашарлар Озургети қаласына тағайындалды. Ол кезде 60-та болған Манеа бауырлас былай деп есіне алды: “Біз Озургети қаласының маңайында бір қызығушының тұратынын білетінбіз. Сондықтан қалаға келе сала, соған баруды жоспарладық. Әлгі әйелдің үйіне келсек, ол 30 шақты адам жинап, бізді күтіп отыр екен. Сол күні бірнеше зерттеу сабағы басталды”.
Одан кейінгі айлар өте жемісті болды. Бар болғаны бес айдан кейін 12 адам шомылдыру рәсімінен өтуге дайын еді!
Олардың жанқиярлығының қарымтасы қайтты
Павлэ Абдушелишвили, Паата Морбедадзе деген ізашарлар Цагери қаласына тағайындалды. Бұл қала ескі әдет-ғұрып пен мәсіхшілер әлемінің ілімін қатаң ұстанатын аймақта орналасқан еді.
Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанда, бұл ізашарлардың тағайындалған бес айы аяқталып жатқан.
Оның үстіне, Паата аударма ісіне көмектесуге шақырылды. Сондықтан Павлэ шешім қабылдау керек еді. Ол былай деп әңгімеледі: “Мен Цагериде қыстау оңай болмайтынын білдім. Бірақ зерттеушілерге әлі де көмек қажет еді, сондықтан қалуды шештім”.Павлэ әңгімесін былай жалғады: “Мен сондағы бір отбасының үйінде тұрдым. Күні бойы уағызда жүретінмін де, кешке әлгі отбасымен бірге бірінші қабаттағы пештің қасында отыратынмын. Ал өз бөлмеме барғанда, жылы баскиіммен, қалың көрпенің астында жататынмын”.
Көктемде Павлэнің халін білуге ақсақалдар келгенде, 11 адам жариялаушы болуға дайын еді. Көп ұзамай олардың бәрі шомылдыру рәсімінен өтті.
^ 20-абзац 1992 жылы Грузияда 1869 жариялаушы болатын, ал Еске алу кешіне 10 332 адам келді.