Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

“Сендер — ең жақсы көршісіңдер”

“Сендер — ең жақсы көршісіңдер”

2016 жылдың 7, 8 мамырында Колумбия-Хайтс 25 мекенжайы бойынша орналасқан Бруклиндегі (Нью-Йорк) бас басқарманың қабылдау бөлімінде адамдар абыр-сабыр болып жатты. Әдетте демалыс күндері жабық болатын қабылдау бөлмесі мен көрмелер осы демалыста ашық болды: Бетелге көрші тұратын адамдар Киелі кітап тарихын баяндайтын көрмені тамашалау үшін ашық есік күніне шақырылды.

Шақыру науқанының арқасында адамдарға керемет куәлік берілді, шақыруға қатысқан бауырластар да рухани жағынан бір сергіді. Ұзақ жыл бойы көршілес тұрған адамдардың сөздері жанымызға әсіресе жылы тиді.

“1960 жылдан бері мен [Бетелдің маңындағы] бірнеше үйде тұрдым. Сендер ең жақсы көрші болдыңдар. Сендерді сағынатын болдық, көшпей-ақ қойсаңдар жақсы болар еді”,— деп бір ер адам лебізін білдірді.

Ал бір әйел былай деді: “Сендерсіз бұл аймақ қазіргідей болмас еді. Көптеген жыл бойы сендермен көрші болып келгенімізге сондай ризамыз”.

Шақыруға қатысқан ізашарлар көршілердің сыпайы да көзі ашық адамдар екенін көріп қуанып кетті. Тұрғындар бірлестігінің бір мүшесі біздің ұйымымызға ризашылығын айтты, сондай-ақ ашық есік күндері қалада болмайтынын айтып, шын жүректен өкінішін білдірді.

Бұл науқанның нәтижесі жігерімізге жігер қосты. Сол екі күнде Киелі кітап көрмесін тамашалауға Куәгер емес 48 адам келді. Ашық есік күні кезінде Бетел отбасының кейбір мүшелері қабылдау бөлмесінде қонақтарды қарсы алып, олармен әңгімелесті.

Сэлли есімді жиырма бестен асқан бір жас қыз Киелі кітап жайлы көрмені жарты сағат бойы қарап жүрді. Ол қабылдау бөлмесінде өзіне шақыру қағазын берген ізашарларды көріп қалды. Ол бұл жерде Киелі кітап көрмесі бар екенін ешқашан естімеген екен. Ізашарлар Киелі кітапты бағалайтын осындай білімді адамды кездестіргендеріне өте қуанышты екендерін айтқанда, Сэлли былай деді: “Киелі кітап дегеніңіз құнды дүние ғой. Тек сол арқылы ғана біз Құдайдың хабарын біле аламыз. Ол — өмірімізге пайдалы кітап”.

Сэлли өзінің Киелі кітапқа деген қастерлі сезімі оны латын және грек тілін үйренуге талпындырғанын, сондай-ақ Киелі кітап аудармаларына қатты қызығатынын айтты. Ол біреудің жеке ойы еніп кетпес үшін тура аударма өте маңызды деп есептеген екен. Ізашарлар біздің jw.org сайтымызда 800-ден аса тілде Киелі кітапқа негізделген мәлімет бар екенін айтқанда, ол қатты таңғалып, қуанып кетті. Бауырластар аудармашылардың Ехобаның есімімен не істегенін түсіндіргенде, ол төбесіне жай түскендей болып: “Ехобаның есімін Киелі кітаптан не үшін алып тастаған?”— деп сұрады. Кетіп бара жатып Сэлли былай деді: “Мен туылғанымнан осы аймақта тұрамын, сендер — ең жақсы көршісіңдер”.

Ашық есік күні өткеннен кейін, дүйсенбі күні, Бетелде қызмет ететін Джон сол маңда әдебиет арбасымен уағыздап тұрғанда, оған бір діни қызметкер жақындап келеді. Ол бауырласымызға ашық есік күнінің оған қатты ұнағанын және біздің Киелі кітапты берік ұстанатынымыз керемет екенін айтады. Сәл әңгімелескен соң, ол аяқ астынан: “Ехоба куәгерлеріне ашуым кеп тұр!”— дейді. Түсінбей қалған Джон себебін сұрайды. Сонда ол былай деді: “Өйткені сендер көшіп бара жатырсыңдар! КЕТПЕЙ-АҚ ҚОЙСАҢДАРШЫ! Үлкендеу ғимарат сатып алыңдар не қалаған ғимараттарыңды соғып алыңдар, тек қалыңдаршы. Сендер осы аймақтың тұрақтылығын ұстап тұратын едіңдер. Енді көшіп бара жатқандарыңа қатты көңілім түсіп тұр!”

Шақыру науқаны мен Киелі кітап көрмесі үшін ұйымдастырылған ашық есік күні жұртшылыққа тамаша куәлік болды. Көршілеріміздің арасында бұрын-соңды болмағандай Құдай есіміне ерекше назар аударылды.