Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ИНДОНЕЗИЯ

31-қабаттағы кеңселер

Филиалдың асқақтауы

Филиалдың асқақтауы

2008 жылы Индонезиядағы жариялаушылар саны 21 699-ға жетті. Филиал ғимараттары таршылық етті әрі тыйым салынған кезде соғылғандықтан, шалғай жерде орналасқан еді. Сондықтан Джакартаға жақындау жерде үлкенірек филиал қажет болды.

Екі жылдай өткен соң, бұрынғы филиалға мүлдем ұқсамайтын ғимарат сатып алынды. Бұл Джакартаның орталығына жақын жерде бой көтерген соңғы үлгідегі 42 қабатты кеңсе ғимаратының 31-қабаты еді. Кейін бауырластар 80 не одан көп бетелдікті орналастыру үшін жанындағы биік тұрғын үйдің 12 қабатын сатып алды. Сондай-ақ олар Бетелдегі әртүрлі бөлімдерге арнап 5 қабатты ғимаратты иемденді.

12 қабатты бойлай орналасқан бетелдіктердің бөлмелері

Кеңселер мен пәтерлерді қайта құрастыру жұмыстарын жергілікті жалдамалы құрылысшылармен бірге жер-жерден келген ерікті қызметшілер жасады. “Ехоба таудай кедергілерді жеңуге қайта-қайта көмектесіп отырды,— дейді құрылыстың бақылаушысы Даррен Берг.— Мысалы, шайынды суды тазартуға арналған озық үлгідегі станция орнатқымыз келді. Бірақ билік басындағылар оның технологиясымен таныс болмағандықтан, рұқсат бермей қойды. Кейін инженер болып істеген жергілікті бауырлас бұл мәселемен жоғары дәрежелі шенеунікке барды. Ол инженер бауырласымыздың сөзіне толық сенім артатынын айтып, бірден өтінішімізге жауап берді”.

“Біз енді жасырынып жүрген жоқпыз. Жұрт Ехоба куәгерлерін байқайтын болды. Біздің осында нық орныққанымызға олардың көздері жетті”

2015 жылдың 14 ақпанында жаңа филиал ғимараттарын бағыштау бағдарламасы өтті. Бағыштау баяндамасын Басқарушы кеңестің мүшесі ІІІ Энтони Моррис айтты. “Қазір филиалымыз Индонезияның ірі корпорациялары орналасқан беделді ауданда тұр,— дейді филиал комитетінің мүшесі Винсент Витанто Ипиккусума.— Біз енді жасырынып жүрген жоқпыз. Жұрт Ехоба куәгерлерін байқайтын болды. Біздің осында нық орныққанымызға олардың көздері жетті”.

Филиал комитеті (солдан оңға қарай): Буди Сентоса Лим, Винсент Витанто Ипиккусума, Лотар Миханк, Хидеюки Мотои

“Бұл жерде уағыздау бір ғанибет!”

Соңғы жылдары Индонезияға жан-жақтан келіп жатқан Куәгерлердің саны көбейген үстіне көбеюде. “Қызмет аясын кеңейткендердің біздікі сияқты елдерге деген көмегі зор,— дейді Лотар Миханк.— Тәжірибелі, рухани толысқан бұл бауырластар қауымдарды шабыттандырады әрі солардың арқасында дүниежүзілік бауырластық үшін ризашылығымыз артуда”. Бауырластарды қажеттілік көп жерге көшуге не талпындырды? Бұл жақтағы жағдай қалай өріс алуда? Бұны өз ауыздарынан естиік.

Қызмет аясын кеңейткендер

1. Дэн мен Джанин Мур

2. Стюарт пен Мэнди Уильямс

3. Джейсон мен Кейси Гибс

4. Такахиро (артқы оң жақта) мен Мари Акияма (алдыңғы оң жақта)

Құрама Штаттардан барған Джейсон мен Кейси Гибс былай дейді: “Жылнамадан” әр елдегі жариялаушылардың халық санына қатынасын қарап отырып, Индонезия қажеттілік көп елдерге жататынын байқадық. Кейін қызметтерін кеңейткен достарымыз ол жақта жақсы өсім болып жатқанын айтты. Сонда біз Индонезия филиалына телефон соқтық. Олар бізді Бали аралына жіберді. Елдегі ағылшын тілінде сөйлейтіндерге уағыздау енді басталып жатқандықтан, біз едәуір көмек көрсете алатын едік. Басында бір-ақ жылға баруға жоспарласақ та, үш жылға қалдық. Біз кездестірген адамдардың көбісі ешқашан Ехоба куәгерлері туралы естімеген. Мұндағы қызмет сондай жемісті!”

Австралиядан барған орта жастағы Стюарт пен Мэнди Уильямс былай дейді: “Шындыққа сусаған адамдарға уағыздағымыз келгендіктен, Индонезияға көшеміз деп шештік. Батыс Явадағы Маланг қаласында ағылшынша сөйлейтін жүздеген студенттерді кездестірдік, олар ізгі хабарды ұйып тыңдады. jw.org сайты оларға қатты ұнайды! Бұл жерде уағыздау керемет!”

Ява аралының Джокьякарта қаласында ізашар болып қызмет ететін Такахиро мен Мари Акияма болса былай дейді: “Жапонияға қарағанда біз бұл жақта өзімізді қауіпсіз сезінеміз. Адамдар мейірімді әрі ілтипатты. Көбісі, әсіресе жастар өзге діндерге қызығушылықпен қарайды. Бір күні көпшілік орындарында уағыздауға арналған үстелдің қасында тұрып, бес сағат ішінде 2600-дей журнал тараттық”.

Жастары алпысқа таяп қалған ерлі-зайыпты Дэн мен Джанин Мур былай айтып берді: “Уағызға шыққанда адамдар бізді қоршап алады. Біз оларға жымисақ, олар да жымияды. Басында олар не айтып жүргенімізді жай ғана білгісі келеді, сосын қызығушылықтары оянып, білген нәрселеріне қайран қалып жатады. Киелі кітаптан бір нәрсе оқып берсең, кейбірі “Мұны жазып алсам бола ма?” деп сұрайды. Олар Киелі кітаптағы даналыққа таңғалады. Келгенімізге бір жыл болды, бірақ бұл жаққа ертерек келуіміз керек еді деп ойлаймыз. Біз Ехоба туралы әлі көбісі естімеген жерді іздеген едік, іздегенімізді таптық!”

Мейше мен Кристина Биренс 2009 жылы осы жаққа миссионер ретінде келген болатын. Қазір аудандық қызметті атқарып жүрген олар былай дейді: “Батыс Явадағы Мадура аралы — Индонезияның мұсылмандықты қатты ұстанатын аймақтарының бірі. Соған қарамастан мұнда уағыз ісі керемет жүріп жатыр. Адамдар көліктерін тоқтатып, журналдар сұрайды. “Мен мұсылманмын, бірақ журналдарың маған қатты ұнайды. Тағы бірнешеуін достарыма алсам бола ма?” дейді олар. Бұл жерде уағыздау бір ғанибет!”

Егін жинауға дайын

Фрэнк Райс 1931 жылы Джакартаға келгенде, Индонезия халқы 60 000 000-ға жуық еді. Қазір халқының саны 260 000 000-ға жетіп қалған бұл ел — әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан төртінші мемлекет.

Осы аралықта Индонезиядағы Ехоба куәгерлерінің саны да едәуір өсті. 1946 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан аман шыққан адал жариялаушылардың саны он-ақ еді. Ал қазір елде 26 000-нан астам жариялаушы бар, бұл — Ехобаның батасы! 2015 жылы Еске алу кешіне 55 864 адам келгенін ескерсек, бұл елде әлі керемет өсім болатыны сөзсіз.

“Иә, жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер”,— деді Иса (Мат. 9:37, 38). Индонезиядағы Ехобаның қызметшілері бұл сөздерге қосылады. Олар осы топарал тұрғындарына Ехобаның ұлы есімін киелі тұтуға көмектесу үшін аянбай еңбектенуге бел буған (Ишая 24:15).