Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ИНДОНЕЗИЯ

Ехобаның есімін жұртқа паш ету

Ехобаның есімін жұртқа паш ету

Көп жылға созылған тыйым салу кезеңінде бауырластар Исаның “жыландай сақ, көгершіндей ақпейіл болыңдар” деген кеңесіне құлақ асып келген (Мат. 10:16). Алайда еркіндікке қол жеткізген кезде көбісіне “Құдай Сөзін батылдықпен жариялау” оңайға соқпады (Ел. іс. 4:31).

Мәселен, кейбір бауырластар үйден үйге уағыздауға батылы жетпей, қайта бару мен зерттеу сабақтарын өткізуге көбірек көңіл бөлетін. Басқалары мұсылман қауымына уағыздаудан тартынатын. Көп бауырластар өздерін Ехоба куәгері емес, “мәсіхшімін” деп таныстыратын және индонезия тіліндегі “Жаңа дүние аудармасынан” * гөрі, шіркеудің Киелі кітап аудармаларын қолданатын. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді ашық таратуға тартынғандары да болды.

Бұл әдеттердің кейбірі тыйым кезінен қалып кеткен болса, кейбірі жергілікті мәдениеттің ықпалынан туған еді. Индонезия мәдениетінде адамдар сөз таластырудан гөрі, ымыраға келуге бейім әрі ашылып сөйлесе бермейді. Осындай көзқарасты өзгерту үшін бауырластар не істеді?

Ехоба оларға рухани толысқан бауырластардың мейірімділікпен берген кеңестері арқылы көмектесті (Ефес. 4:11, 12). Мысалы, 2010 жылы Басқарушы кеңестің мүшесі Стивен Летт бауырластарды “Жаңа дүние аудармасын” емін-еркін қолдану арқылы Құдай есімін мадақтауға шақырды. Мейше Биренс есімді миссионер былай деді: “Көп жариялаушыға Стивен бауырластың баяндамасы қатты әсер қалдырды. Олар Ехоба куәгерлері ретінде ерекшеленуі және Құдай Сөзін мақтанышпен қорғаулары керектігін түсінді”.

Мұсылмандар Ехоба куәгерлерін жиі жалған мәсіхшілермен шатастыратын, сондықтан Индонезияға арнап шығарылған “Біздің қасиетті қызметіміз” парақшасында мынадай пайдалы нұсқау берілді: “Сөзіміздің басында Ехоба куәгері екенімізді анық айтқанымыз көбінесе ең дұрыс әдіс болып табылады... Біз Ехобаның атынан келгенімізді мақтан тұтамыз және оның есімі мен ниетін өзіміз тағайындалған жерде паш етуді қалаймыз!” Индонезия филиалында қызмет ететін Шиншуки Кауамото былай дейді: “Тіке, әйтсе де ілтипатпен айтылған бұл сөздер жақсы нәтиже әкеледі. Көп мұсылмандар Ехоба куәгерлері жайлы, олар немен ерекшеленетінін білгісі келеді. Бұл бізге жақсы куәлік етуге жол ашады”.

Бұған қоса, жариялаушылар “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын көбірек үлестіруге шақырылды. Филиал комитетінің үйлестірушісі Лотар Миханк былай дейді: “Адамдар бізбен танысу үшін журналдарымызды оқу керек. Олар “топырақты” жұмсартып, адамдардың жүрегін шындықты қабылдауға дайындайды. Журналдарымызды барлық жерде тарататын болсақ, көбірек адамның Ехоба жайлы білуіне жағдай жасаймыз”.

Көпшілік орындарында уағыздаудың жемісі

Индонезия филиалы 2013 жылы Басқарушы кеңестің қолдауымен енгізілген жаңа уағыздау жолдарына бастама берді. Олар: ірі қалалардағы көпшілік орындарында уағыздаудың арнайы түрі және қауымдардың өз аумақтарындағы көпшілік орындарында куәлік етуі. Жаңадан ендірілген бұл тамаша әдістердің арқасында Индонезияда ізгі хабарды естіп жатқандардың саны күннен күнге артуда.

Ірі қалалардағы көпшілік орындарында уағыздау үстелдерінің ең алғашқылары Батыс Джакартадағы электроника сауда кешеніне қойылды. Жергілікті қауымдағы бауырластар көпшілік орындарында уағыздауға арналған арбалар мен үстелдерді өз аумақтарында қолдана бастады. Сөйтіп, бір жылдың ішінде Индонезия қалалары бойынша 400-ден астам үстелдер мен арбалар қолданылды. Бұның нәтижесі қандай болды?

Джакартада тұратын Юсак Униплата есімді ақсақал былай дейді: “Көпшілік орындарында уағыздау тәсілін қолданбай тұрғанда, біздің қауым айына 1200 журналға тапсырыс беретін. Алты ай өте 6000 журналға тапсырыс беретін болдық. Ал қазір біз ай сайын 8000 журнал алып тұрамыз. Сондай-ақ біз өте көп кітаптар мен кітапшалар үлестіреміз”. Солтүстік Суматрадағы Медан қаласында ізашарлардың кішігірім тобы уағыздауға арналған арбаларды үш жерге қойып жүрді. Бірінші айда олар 115 кітап пен 1800-дей журнал таратты. Ал бірнеше айдан соң, жеті жерге орналастырылған арбамен уағыздаған 60-қа жуық ізашар 1200-ден астам кітап пен 12 400 журнал үлестірген. “Уағыздаудың бұл жаңа әдістері бауырластарға қатты ұнайды және Индонезияда әлі зор өсім болатыны байқалуда. Біз көпшілік орындарында уағыздаудың осы әдістерін кеңінен қолданудамыз!”— дейді Джесси Кларк есімді миссионер.

Жүрекке жететін тілге аудару

Индонезия — әлемдегі ең көптілді мемлекеттердің бірі *. Басым көпшілігі этносаралық ортақ тіл — индонезия тілін түсінгенмен, көбісі жандарына жақын өз тілінде де сөйлейді.

Солтүстік Суматрадағы батак-тоба тілінің аударма тобы

2012 жылы филиал осы көптілді танаптың қажеттіліктерін қамдауды қолға алды. Том Ван Лимпутен бауырлас былай дейді: “Біз 120 миллиондай халық сөйлейтін 12 жергілікті тілге әдебиет аудара бастадық. Явалық аудармашылар ява тіліндегі алғашқы буклеттің нұсқасын көргенде, туған тілдерінде жазылған рухани ас-суға қуанып, көз жастарын тыя алмады!”

Десе де адамдардың басым көпшілігі жергілікті тілде сөйлейтін көптеген аймақтарда қауым кездесулері индонезия тілінде өте берді. Лотар Миханк былай дейді: “2013 жылы әйелім Кармен екеуміз Солтүстік Суматрадағы Ниас аралында өткен екі күндік конгреске бардық. Жиналған 400 адамның көпшілігі ниас тілінде сөйлесе де, баяндамалардың бәрі индонезия тілінде айтылып жатты. Баяндамашылардан сұраған соң, біз жиналған қауымға ертең баяндамалардың ниас тілінде айтылатынын хабарладық. Ертесінде конгресс өтетін жер 600-ден астам адамға толды”. Кармен болса былай дейді: “Алдыңғы күні айтылған индонезия тіліндегі баяндамалардан гөрі, ниас тіліндегі баяндамаларды әлдеқайда мұқият тыңдағандары қатты байқалды. Олар Киелі кітап хабарын туған тілінде естіп, мәнін ұғынғандарына риза еді”.

Ізгі хабарды ым тілінде біліп жатқан әйел

Индонезияда тұратын құлағы естімейтін адамдар да қазір шындықты өз тілдерінде “ести” алады. 2010 жылдан бері индонезиялық ым тілінің аударма тобы осы тілге 7 кітапша мен 8 буклет аударды. Сондай-ақ филиал ым тіліндегі қауымға қолдау көрсететін 750 бауырласты ым тіліне үйрету үшін арнайы 24 курсты ұйымдастырды. Бүгінде ым тіліндегі 23 қауым мен топ Индонезиядағы құлағы естімейтін 3 миллиондай тұрғынға рухани көмек көрсетіп, жұбаныш сыйлайтын хабарды жеткізуде.

Қазіргі таңда Аударма бөлімінде 37 аударма тобы бар. Индонезия бойынша 19 жерге шашыраған бұл топтарда барлығы 117 аудармашы мен 50 көмекші қызметкер бар.

^ 2-абзац Индонезия тіліндегі “Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасы 1999 жылы шықты. Бұл аударманы бітіру үшін аудармашылар тыйым салынған уақытта жеті жыл бойы еңбектенді. Ал бірнеше жылдан кейін, бұл тілде екі томдық “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясы мен компакт-дискідегі “Күзет мұнарасының кітапханасы” жарық көрді. Бұл — аударма ісінің керемет жетістігі!

^ 2-абзац Индонезияда 707 тіл бар, ал оның шығыс жағындағы Папуа — Жаңа Гвинеяда 838 тіл қолданыста.