Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

Көбірек жариялаушылар қажет

Көбірек жариялаушылар қажет

Ізгі хабар шалғай аймақтарға жетті

Сол уақыттары Доминика еліне көптеген миссионерлер келді. Олардың ішінде Пит Паскаль, Эймос Паркер мен әйелі Барбара және Боливияда қызмет еткен Ричард Стоддард пен әйелі Белва, сондай-ақ Колумбиядан келген Джесси Кантуэл мен әйелі Линн бар еді. Олар келген соң, ізгі хабарды жариялау ісі ерекше қарқын алды. 1973 жылға таман қалалар мен қалашықтарда уағыз ісі кеңінен етек алса, шалғай аймақтарға жариялаушылар әлі аяқ баспаған еді. Сондықтан Құдай жайлы шындықты ауыл тұрғындарына да жеткізу қолға алынды. Бауырластар ауылдарда екі ай уағыздауды жоспарлап, ерікті қызметшілерді шақырды. Бұл шақыруды 19 тұрақты ізашар қабыл алды. 1973 жылдың желтоқсанынан бастап 1977 жылдың қаңтарына дейін көптеген ізашарлар аз уағыздалған не мүлдем уағыздалмаған аймақтарға тағайындалып жатты.

“Олар әдебиеттеріміз үшін тауық, жұмыртқа мен жеміс беретін”

Осы шарадан шет қалмаған бір ізашар былай деп әңгімелейді: “Бірінші күні адамдарға Киелі кітаптағы хабарды айтып, әдебиеттер беріп кететінбіз. Екінші күні қызығушылық білдіргендерге қайта баратынбыз. Ауыл тұрғындарының ақшалары аз болғандықтан, олар әдебиеттеріміз үшін тауық, жұмыртқа мен жеміс беретін. Осылайша Ехобаның арқасында үнемі тоқ жүретінбіз”. Жергілікті адамдардың көпшілігі Киелі кітапты ешқашан оқып көрмеген. Дінбасылардың жұртты “Ехоба деген Шайтан” деп үйреткен кездері де болған. Алайда тұрғындар Зәбүр 83:18-дегі: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”,— деген сөздерді оқығанда, аң-таң болған. Кей жерлерде қызығушылық білдіргендердің көптеп жиналғаны сонша — қауым кездесулері ұйымдастырылған.

Жаңа миссионерлер мен жаңа филиал

1979 жылы қыркүйек айында Доминика Республикасына Абигайл Перес пен әйелі Джорджина миссионерлер ретінде тағайындалды. Олар бұған дейін аудандық қызмет атқарған. Кейін 1987 жылы Ғалақад түлектері Том мен Шерли Дин келіп, уағыз ісіне көп қолғабыс етті. Сондай-ақ Пуэрто-Рикодан ағылып келіп жатқан арнайы толық уақытты қызметшілер де өздерінің өлшеусіз үлестерін қосты. 1988 жылдың тамызында Доминика Республикасына Райнер Томпсон мен әйелі Джинн тағайындалды. Бұл олардың миссионер ретінде бесінші рет тағайындалуы еді.

1989 жылы жариялаушылардың саны орта есеппен 11 081-ге жетті. Сол уақытта бауырластар 20 494 адаммен Киелі кітапты зерттеп жатты. Бұл жариялаушылар санының әлі де көбейетінінің дәлелі еді. Бірақ мұндай өсім бір қиындыққа әкеп соқты. Біраз жылдар бойы кәдеге жарап келген филиал енді аздық етті. Райнер Томпсон былай дейді: “Бетел адамдарға лық толып кеткендіктен, жаңа үй және қаланың түрлі жерлерінен қоймалар іздеу керек болды”.

Райнер тағы былай деп қосты: “Жаңа филиал тұрғызу үшін жақсы жер табу оңайға соқпады. Жер іздеп жүргенімізді естіген бір бизнесмен бізге хабарласып, жақсы аймақта орналасқан жер телімін сатайын деп жатқанын және оны тек Ехоба куәгерлеріне ғана сататынын айтты. Бұрын оның үлкен тігін фабрикасында бірнеше Ехоба куәгері хатшы және жұмысшы болып істеген екен. Олардың жылдар бойы адал жұмыс істегендері және үлгілі жүріс-тұрыстары оған қатты ұнады. Ехоба куәгерлерін құрметтегендіктен, ол жер телімін бізге төмен бағамен сатты”. 1988 жылы желтоқсан айында осы жер мен оның қасында орналасқан үш жер телімі сатып алынды. Филиал мен Конгресс сарайының жалпы көлемі шамамен 9 гектар жерді құрады.

Жергілікті және халықаралық ерікті қызметшілерді қоса алғанда, жаңа филиал мен Конгресс сарайын соғуға жүздеген адам қатысты. Бұл ғимараттар 1996 жылдың қараша айында Құдайға бағышталды. Басқарушы кеңестен Кэри Барбер, Теодор Ярач пен Геррит Лёш келіп, сенбі күні өткен бағышталу салтанатына атсалысты. Келесі күні Доминикадағы ең үлкен екі стадионда арнайы бағдарлама өтті. Содан соң 10 000-нан аса адам жаңа филиалды көруге келді.

“Македонияға келе көр”

Құдай халқының Доминика Республикасындағы тарихына үңілгенде, қызмет аясын кеңейтіп, сол елге көшіп барған көптеген Куәгерлер жайлы айтып өтпеу мүмкін емес. 1980 жылдың аяғына таман көптеген бауырластар бұл елде бейнелі егіндіктің пісіп, дәндері төгіліп жатқанын естігенде, отандарын тастап, “Македонияға келді” (Ел. іс. 16:9). Олар Доминика Республикасындағы жаппай егін ору кезінде қандай қуанышқа кенелгендерін өзге бауырластармен бөлісті. Нәтижесінде, 1990 жылдары елге келген жариялаушылардың саны бұрын соңды болмаған деңгейге жетті.

Даниядан келген Мириям кезінде әпкесімен бірге Доминика Республикасында бір жарым жылдай қызмет еткен. Ал 2001 жылы ол күйеуі Стеуан Норагермен бірге осы елге көшіп келген. Мәдениеті мен тілі өзгеше шалғай жерге көшуге бұл ерлі-зайыптыны не талпындырды екен? Мириям былай дейді: “Екеуміз де рухани мықты отбасында өстік. Ата-аналарымыз жас кездерінде арнайы ізашар болған, ал балалы болғанда тұрақты ізашар болып қызмет еткен. Олар бізді Ехобаға барымызды беріп, толық уақыт қызмет етуге талпындыратын”.

2006 жылдан бері арнайы ізашар болып қызмет етіп келе жатқан Стеуан мен Мириям көп адамға Құдай жайлы шындықты білуге көмектесті. Стеуан былай дейді: “Доминика Республикасында қызмет етіп жүргенде алған баталарымыздың бәрін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қиындықтарға кезіккен, ауырып қалған кездеріміз болса да, ақжүрек адамдарға Ехоба Құдай жайлы білуге, оны жақсы көруге көмектескенде, зор қуанышқа бөлендік. Сол күндерге ештеңе жетпейді. Жанымызға жақын болып кеткен достар да таптық. Кішіпейіл әрі шыдамды болуды үйрендік. Қарапайым өмір кешкеніміздің арқасында Ехобаға деген сеніміміз нығайды”.

Ым тілінде уағыздауға өз үлесін қосып жүрген Дженнифер Джой 20 жылдан бері осында қызмет етеді

Доминика Республикасында қызмет ететін салтбасты бауырластардың бірі — Дженнифер Джой. 1992 жылы ол Идит Уайт деген әпкесіне қонаққа келеді. Оның әпкесі Доминика Республикасында біраз уақыттан бері қызмет етіп жүрген миссионер еді. Джой сол жерде уағыз ісінің қызығына батады және басқа елден келген өзі қатарлы қыз бауырластармен танысады. Дженнифер былай дейді: “Мен жасқаншақ әрі өз-өзіме сенімсіз болатынмын. Бірақ басқалардың қолынан келген нәрсе, менің де қолымнан келу керек деп ойладым”.

Алғашында Доминикада бір жыл ғана боламын деген Дженнифер, міне, 20 жылдан бері сонда қызмет етеді. Ол көптеген адамға Киелі кітапты зерттеуге, Ехобаның қызметшісі болуға көмектесті. Дженнифер уағыз ісі ым тілінде енді ұйымдастырылып жатқанда көп қолғабыс етті. Сондай-ақ ол тіл үйрету курстарының бағдарламасын дайындауға да үлес қосты.

“Осы күнге дейін Ехоба менің қамымды ойлап келсе, оның келесі жылы да қамымды ойлайтынына неліктен күмәндануым керек?!”

Дженнифердің өз күнін қалай көргеніне келер болсақ, ол былай дейді: “Мен Канадаға қайтып барып, бірнеше ай жұмыс істейтінмін. Осы уақытқа дейін түрлі жұмыс істедім: фотозертханада сурет шығардым, суретке түсірдім, үйлерді сырладым, кеңселерді тазаладым, кілем тоқыдым, экскурсиялар жүргізіп, туристік фирмада жұмыс істедім және ағылшын тілінен сабақ бердім, аудармашы да болдым”. Дженнифер өзінің жағдайын ежелгі исраилдіктердің шөл далада жүрген кезімен салыстырып былай дейді: “Исраилдіктер Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүрді. Ал Ехоба болса олардың қамын ойлаймын деген сөзінде тұрды. Олардың күнделікті ас-суы болды және үстеріндегі киімдері тозбады, аяқтары да ісінбеді (Мұс. 5-ж. 8:3, 4). Ехоба біздің де қамымызды ойлауды уәде етеді (Мат. 6:33). Осы күнге дейін Ехоба менің қамымды ойлап келсе, оның келесі жылы да қамымды ойлайтынына неліктен күмәндануым керек?!”

Доминика Республикасына Австрия, Жапония, Испания, Құрама Штаттар, Польша, Пуэрто-Рико, Ресей, Тайвань мен Швециядан шамамен 1000-нан аса жанқияр жариялаушы келген еді. Отыз шақты ұлттан жиналған бұл бауырластар ағылшын тіліндегі, америка ым тіліндегі, итальян, испан, гаитилік креол, қытай, орыс тіліндегі қауымдарда қызмет етуде. Олар елші Петірдің: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңыздан ердік”,— деген сөздеріне толықтай қосылады (Мар. 10:28).