СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ
Олар оны “Киелі кітапшы” Браун деп атады
Уильям Браун
-
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1879
-
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1908
-
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Батыс Африкадағы уағыз ісіне жетекшілік еткен.
УИЛЬЯМ 1907 жылы Панама каналының құрылысында жұмыс істеп жүрген кезінде, көшенің қиылысынан өтіп бара жатып, Исая Ричард есімді “Киелі кітап зерттеушісінің” айтып жатқан баяндамасын естіп қалады. Ричард өзінің баяндамасын “Құдайдың ғасырларға қатысты ниеті” деген кітапқа негіздеп, Ехобаның ниетін түсіндіру үшін сондағы диаграмманы қолданған болатын. Уильям бірден шындықты қабылдап, анасы мен қарындасына білгендерін айту үшін Ямайкаға қайта оралады. Уақыт өте келе олар да “Киелі кітап зерттеушілері” болады.
Браун бауырлас Панама елінің Панама қаласында біраз уақыт қызмет етеді. Ол сол жерде “Киелі кітап зерттеушілерінің” өкілі ретінде баяндамалар айту үшін келген Ивандер Дж. Кауардты кездестіреді. Кауард баяндамаларды өте әсерлі әрі сенімділікпен айтатындықтан, адамдар оны тыңдау үшін ағылып келетін. Ол Уильямның шындыққа деген зор құлшынысын көргенде, оған өзімен бірге Тринидадқа уағыздау сапарымен баруды ұсынады.
Шамамен он жылдай уақыт бойы, Уильям Вест-Индияда ізашар болып қызмет етіп, кішігірім топтарды жігерлендіріп жүреді. 1920 жылы ол Антония есімді адал бауырласқа үйленеді. Үйленгендеріне екі күн болғанда, олар Лиуард аралдар тобындағы Монтсеррат деген кішкентай аралға барады. Сол жерде олар Киелі кітапқа негізделген және төрт бөліктен тұратын жылжымалы суреттер мен слайдтары бар “Жаратылыстың фотодрамасын” көрсетеді. Сондай-ақ олар Барбадос, Доминика және Гренада аралдарына да барып уағыздайды. Олар қуанышқа толы бал айын Ехобаға қызмет етумен өткізеді.
Екі жылдан кейін Уильям уағыз ісіне жетекшілік етіп жүрген Джозеф Рутерфордқа хат жазып: “Ехобаның көмегінің арқасында мен Кариб аралдарының көп бөлігінде куәлік беріп, шәкірт дайындадым. Сол аймақтарға қайтадан барып уағыздай берейін бе?”— деп сұрады. Бірнеше күннен кейін Рутерфорд бауырлас: “Енді әйелің мен қызыңды алып, Батыс Африкадағы Сьерра-Леонеге бар”,— деп жауап жазып жіберді.
27 жыл бойы Батыс Африкада отбасымен бірге қызмет еткен кезінде Браун бауырлас ешқашан кеңседе отырып жұмыс істеуді қаламаған. Қайта, ол уағыздағанды өте қатты жақсы көрген. Ол Киелі кітаптың маңыздылығына үнемі назар аударғандықтан, адамдар оны “Киелі кітапшы” Браун деп атап кеткен.
1950 жылы Уильям Браун бауырлас 71 жасында әйелімен бірге Ямайкаға қайта оралып, ізашарлық қызметтерін жалғастырды. Уильям жердегі өмірінің соңына дейін ізашар болып қызмет етіп, 1967 жылы қайтыс болды. Ол ізашарлық қызметті өте қатты жақсы көрді және оны адам баласына берілген ең мәртебелі қызметтің бірі деп қарастырды.