Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Филиалдардың бағышталуы

Филиалдардың бағышталуы

2012 жылдың 20 қазанында Кореяда жаңартылған және жаңадан соғылған филиал ғимараттары Ехобаға бағышталғанда, бауырластар зор қуанышқа кенелді. Кездесуде бауырластарымыздың 100 жыл бойы атқарып келген адал қызметтері жайлы айтылғаны бұл жиынның мәнін арттыра түсті. Сондай-ақ 2012 жылы жариялаушылардың саны алғаш рет 100 000-нан асқаны тағы бір қуантарлық жайт болды. Жергілікті 1200 ерікті қызметші мен халықаралық бағдарламаның 239 қызметшісі және тоғыз елден келген ерікті қызметшілер жаңа тұрғын үй ғимаратын, баспахана ғимаратын, аудио-видео студияларын және көлік жөндейтін орындарды соғу жұмыстарына қатысты. Бұған қоса, бұрынғы ғимараттардың барлығына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Морристің ғимаратты бағыштауға арналған жігерлендірерлік баяндамасын кездесуге жиналған 3037 бауырлас тыңдады. Келесі күні үлкен көрме залында арнайы кездесу өткізілді және Кореядағы 1300-ден аса қауымдағы бауырластар бұл бағдарламаны Интернет байланысы арқылы тыңдай алды. Барлығы 115 782 Ехоба куәгері мен қызығушылар осы рухани бағдарламаның пайдасын көрді.

2013 жылдың 9 наурызы Либериядағы Ехоба куәгерлерінің тарихында есте қаларлық күнге айналды. Он бір елден келген қонақтар жаңартылған және кеңейтілген филиалдың бағышталу салтанатына жиналды. Олардың барлығы Басқарушы кеңестің мүшесі Гай Пирстің бағыштауға арналған көңіл толқытарлық баяндамасын тыңдады. Он жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыстың кесірінен филиалдың құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Алайда кейін бауырластар бұрын бүлікшілер паналаған және босқындар лагері болған көршілес ғимаратты иелікке алып, филиалды кеңейтті. 51 адамнан тұратын Бетел отбасы 35 тұрғын бөлмесін, жаңартылған кеңселерді, жаңа қойманы, жаңадан соғылған шеберхананы және асүй мен асхананы қолдануға қуанышты болды.

Грузия республикасында рухани білімді бағалайтын ақжүректі адамдар тұрады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл елде ерекше рухани өсім орын алды, алайда артынан қатты қудалау кезеңі басталды. Қарсылық көрсетушілер толықтай дерлік басылғаннан кейін 2013 жылдың 6 сәуірінде сенбі күні Грузиядағы Ехоба куәгерлерінің тарихында елеулі оқиға орын алды. Басқарушы кеңестің мүшесі Дэйвид Сплэйн жаңартылған және кеңейтілген филиал ғимараттар кешенін, Конгресс сарайын, сондай-ақ Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп пен Аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдеріне арналған мектеп өтетін жаңа ғимаратты бағыштауға арналған баяндама айтты. Бағышталу бағдарламасын 24 елден келген 338 қонақ пен жергілікті 800 Куәгер тыңдады.

Грузия

Келесі күні бүкіл Грузия бойынша қауым кездесуі өтетін жерлерде аудио-видео байланысы жүргізіліп, 15 200 адам Дэйвид Сплэйн бауырластың арнайы баяндамасын тыңдай алды. Бұл халықаралық жиын көпшілік үшін көңіл толқытарлық оқиға болды. Бір жас ер бауырлас былай дейді: “Мен енді жаңа өмірдің қандай болатынын білемін”.

2013 жылдың 29 маусымында Мьянманың Янгон қаласында филиалдың жаңа үш қабатты кеңсе ғимаратының бағышталу салтанаты өтті. Басқарушы кеңестің мүшесі Гай Пирстің ғимаратты бағыштауға арналған баяндамасын 1013 адам тыңдады, олардың ішінде 11 елден келген қонақтар да болды. Қонақтарды күтіп алу үшін тағайындалған мьянмалық бір топ бауырлас Янгонның ұлттық әуежайында тұрғанда, олардың қастарына Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған елден келген бір кісі жақындайды. Ол “Ехоба куәгерлері қош келдіңдер!” деген жазуды байқап, олардан: “Сендер қандай да бір сотқа келген куәгерлерді қарсы алып тұрсыңдар ма?”— деп сұрайды. Сонда бауырластар: “Жоқ, біз достарымызды қарсы алып тұрмыз”,— деп жауап береді. “Ал Ехоба деген кім сонда?”— деп сұраған екен ол. Әрине, бауырластар оған жақсы куәлік берді. Бағышталу бағдарламасынан бір күннен кейін Мьянма конвенция орталығында өткен арнайы кездесуде Гай Пирс бауырлас “Ехобаға парасатты жүрекпен қызмет ет” деген баяндама айтты. Мьянманың тағы басқа алты аймағында тұратын бауырластар бұл бағдарламаны телефон арқылы тыңдады. Жалпы алғанда, бұл уақтылы айтылған баяндаманы 2963 адам тыңдады. Жергілікті бір топ бауырласты Янгонда өткен арнайы кездесуге алып барған бір автобус жүргізушісі былай деді: “Мен сендердің өзге дінді ұстанатын адамдардан өзгеше екендеріңді байқадым. Сендердің жүріс-тұрыстарың да, киінгендерің де өте жақсы және сендер сондай сыпайысыңдар. Мен автобуспен көп адамды тасығанмын, бірақ сендер сияқты әдепті адамдарды ешқашан кездестірмеппін!”

Мьянма. Жергілікті бауырластар филиалды бағыштауға арналған бағдарламаға келген қонақтарды қарсы алуда

Молдовадағы Ехобаның адал қызметшілерінде 2013 жылы 3 шілде күні қуануға келелі себеп болды. Олар Басқарушы кеңестің мүшесі Стивен Леттің жаңадан кеңейтілген филиал ғимараттарын бағыштауға арналған баяндамасын тыңдады. Кеңейту барысында әдебиеттер қоймасы бар үш қабатты ғимарат, он тұрғын бөлмесі және жеті қауым қолданатын екі қабатты Патшалық сарайы соғылды. Молдовадағы Бетел отбасының 33 мүшесі Германиядан, Ирландиядан, Нидерландыдан, Румыниядан, Ресейден, Украинадан және Құрама Штаттардан келген қонақтарды қуана қарсы алды. Келушілердің арасында ұйымымыздың ісіне тыйым салынған кезде Ехобаға адал қызмет еткен және әдебиеттеріміздің көшірмесін жасап, оларды таратқан бауырластар да болды. Сондай-ақ кездесуде Кеңес Одағы кезінде Ехоба куәгерлеріне қарсы жүргізілген іс-шаралардың кесірінен ата-аналарымен бірге Сібірге айдалғандар да бар еді. Жексенбі күні 14 705 адам жиналған кездесуде Летт бауырластың айтқан көңіл тебірентерлік баяндамасы румын және орыс тілдеріне аударылды. Осыншама көп Куәгер жиналған кездесу Молдовада бұрын-соңды өтпеген еді.

Үнемі дұға ет және ұнжырғаңды түсірме

Иса “үнемі дұға ету және ұнжырғаны түсірмеу” керектігіне баса назар аударған (Лұқа 18:1). Сезімдерімізді дұғада ақтарып айтар болсақ, үмітіміз нығая түседі. Сондықтан біздің ұдайы дұға еткеніміз маңызды (Сал. 1-х. 5:17; Рим. 12:12). Егер солай етер болсақ, “тыныштықтың Құдайы... өз еркін орындауымыз үшін бар жақсымен жабдықтайды. Ол бізді Иса Мәсіх арқылы өзіне ұнамдыны істеуге талпындырады” (Евр. 13:20, 21).