Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

Алға басып келе жатқан ұйым

Алға басып келе жатқан ұйым

2013 жылдың 5 шілдесінде, жұма күні, Құрама Штаттардағы Бетел отбасы Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Морристің хабарландыруын естігенде қатты қуанды. Моррис бауырлас былай деген еді: “2013 жылдың 4 шілдесінде, бейсенбі күні, Бруклиннің Адамс Стрит 117 мен Сэндс Стрит 90-да орналасқан кешенді қоса алғанда алты ғимаратты сатуға қатысты келісім жасалды. Сату келісімі бойынша 1-ден 5-ке дейінгі ғимараттарды осы жылдың тамыз айының ортасына дейін босатпақпыз”.

Моррис бауырластың айтуынша, 3-інші ғимараттың алтыншы және жетінші қабаттарындағы кір жуатын бөлім мен химтазалау бөлімі 2014 жылдың ортасына дейін сол жерде қызмет ете береді. Ал Сэндс Стрит 90-дағы ғимарат болса 2017 жылы ғана босатылмақ.

Алты үлкен ғимараттың сатылуының бірден бір себебі Ехоба куәгерлерінің бас басқармасын Нью-Йорк қаласынан Уориктегі (Нью-Йорк штаты) 102 гектарлық жерге көшіру болатын. Алайда құрылыс алаңында дайындық пен қазу жұмыстарын бастау үшін қажетті рұқсат қағаздарын алу керек еді.

Сондықтан Басқарушы кеңестің мүшесі Марк Сандерсонның 18 шілде бейсенбі күні айтқан хабарландыруын Құрама Штаттардағы Бетел отбасы мұқият тыңдады. Ол былай деген болатын: “17 шілде сәрсенбі күні кешке Уориктегі құрылысты жоспарлау кеңесі Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік жаңа бас басқармасының құрылысына қатысты жоспарға бірауыздан рұқсат бергенін сендерге қуана хабарлаймыз. Бұл рұқсат қағазы құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жинауға мүмкіндік беретін соңғы рұқсатнама болатын. Бір қызығы, бұл келісімді алған күн осыдан төрт жыл бұрын Уориктегі жерді сатып алуға қатысты құжатқа қол қойған күнге тура келді. Ең бастысы, осы келісімді алуға мүмкіндік берген соңғы бірнеше күнде болған оқиғалар Ехобаның батасын беріп жатқанын анық көрсетті”. Сандерсон бауырлас осы маңызды жобада аянбай тер төгіп, шын жүректен дұға еткен бауырластардың барлығына ризашылығын білдірді. Ол сөзін жалғап: “Бәріміз де бас басқарманың Уорикке көшірілуіне қатысты осы елеулі кезең үшін Ехобаға мадақ айтып, шексіз ризашылығымызды білдіреміз”,— деді.

Моррис бауырлас 26 шілде жұма күні Уориктегі жобаны іске асыруға көмек болатын Таксидо аймағындағы (Нью-Йорк) жаңа асханада 1000-ға жуық бетелдікпен және Аймақтық құрылыс комитетінің ерікті қызметшілерімен жүздесті. Жігерлендірерлік баяндама айтқан соң, ол бір жаңалығы бар екенін айтты. Ол былай деді: “Сендермен жаңа ғана қолыма тиген мына қағаздағы мәліметпен бөлісейін деп едім. Тақырыбы — “Құрылыс ісіне рұқсат қағазы”. Ол хатын оқымай жатып-ақ, ерікті қызметшілер ду қол шапалақ ұра бастады. Барлығы ықыласпен тыңдап тұрғанда, Моррис бауырлас үш сағат бұрын ғана Уорик қаласының орталығынан келген осы ең алғашқы да маңызды рұқсат қағазынан үзінділер оқып берді.

Уолкилде, Уорикте және Таксидода не болып жатыр?

2009 жылдың тамыз айында басталған Уолкилдегі кеңейту жобасына 2800-ге жуық уақытша ерікті қызметшілер атсалысып келеді. Бұл жобаға жаңа тұрғын үй ғимараттары, көлік тұрағы және кеңсе ғимараттары кіреді. Қазір тұрғын үй ғимараттарының бірінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде және баспаханада, кір жуатын орында, тыңдармандар залында, шеберхана ғимаратында және негізгі кіреберісте өзгерістер жасалуда. Уолкилдегі осы кеңейту жобасы 2015 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Уориктегі болашақ дүниежүзілік бас басқарманың құрылысы да басталып кетті. Құрылыс басталғаннан кейінгі бірнеше айдың ішінде жерді тегістеу мен қазу және жер асты құбырларын орнату жұмыстары алға басты. Алғашқы үш ғимараттың, яғни көлік жөндейтін жер, қонақтарға арналған көлік тұрағы және техникалық қызмет көрсету ғимаратының құрылысы 2013 жылдың соңында басталды. Құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі үшін және жұмысшылардың қамы үшін соғылатын бұл ғимараттар құрылыс кезінде де және одан кейін де маңызды рөл атқара бермек. Ал тұрғын үй ғимараттары мен кеңсе және шеберхана ғимараттарының құрылысы 2014 жылдың басына жоспарланып отыр.

Құрылыс жоспары жөніндегі комитеттің мүшесі Кеннет Черништің түсіндіруінше, Таксидодағы ғимарат болашақ дүниежүзілік бас басқарманың құрылысына көмектесу үшін қолданылатын болады. Ол Уориктен солтүстікке қарай 10 шақырымдай жердегі 20 гектар жер телімінде орналасқан. Бұл ғимаратта ерікті қызметшілердің кейбірі тұратын болады, әрі олар сол жерде ас-сумен, қажетті құрал-саймандармен және материалдармен қамтамасыз етілетін болады. Таксидодағы ғимараттың құрылысын тездету үшін Құрама Штаттарының батыс бөлігіндегі арнайы таңдалған Аймақтық құрылыс комитеттері жұмыстың кейбір тұстарында көмек көрсетеді.

Аймақтық құрылыс комитеттерімен қызметтесетін елдегі көптеген ерікті қызметшілер болашақ дүниежүзілік бас басқарманың құрылысына қатысуды асыға күтуде. Тәжірибелі бауырластар осы құрылысқа уақытша ерікті қызметшілер ретінде қатыса алу үшін қазірден бастап қамдануда. Питер есімді күйеуімен бірге құбыр жүргізу бөлімінде жұмыс істейтін Лесли Блондоу былай дейді: “Бірге жұмыс істегеніміздің арқасында біз бір-бірімізге бұрынғыдан бетер жақындай түстік әрі естен кетпес сәттерді бастан кешірудеміз”.

Ал Мэллори Рашмор былай дейді: “Мен қазір Таксидодағы электрлендіру тобында қызмет етемін. Күн сайын иық тіресе жұмыс істеп жүрген осындағы ерікті қызметшілерді көру мен үшін үлкен қуаныш”.

Куинси Дотсон былай дейді: “Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Мен мұнда көп нәрсе беремін деген оймен келген едім, бірақ шындығына келгенде, бұл жерде мен көп нәрсеге ие болудамын”.

Черниш бауырлас тағы былай дейді: “Осы жобаға қатысу — мен үшін үлкен бақыт. Бауырластар жұмыстарын тез әрі тиімді атқарумен қатар, зор қуанышқа кенелуде”