Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ТАРАУ

Еңбек түбі — қуаныш

Еңбек түбі — қуаныш

“Әрбір адам... еңбегінің жемісіне қуансын” (УАҒЫЗДАУШЫ 3:13).

1—3. а) Көп адам өз жұмыстарына қалай қарайды? ә) Осы тарауда қандай сұрақтарды қарастырамыз?

 АДАМ атаулының бәрі өз басын, отбасын асырау үшін еңбек етеді. Көбісі өз жұмысын сүйіп істемейді, тіпті кейбірі өздерін жұмысқа сүйреп апарады. Сіз де осындай адамдардың қатарынан болсаңыз, жұмысыңызды сүйіп істеуге не көмектеседі?

2 Ехоба: “Әрбір адам ішіп-жеп, еңбегінің жемісіне қуансын. Бұл — Құдайдың сыйы”,— деген (Уағыздаушы 3:13). Ол бізді еңбек етуді қажет ететіндей әрі соған ықыласты етіп жаратқан. Сондай-ақ ол еңбегіміздің жемісін көріп, қуанғанымызды қалайды (Уағыздаушы 2:24; 5:18 оқыңыз).

3 Олай болса, жұмысқа ынталы болуға не көмектеседі? Мәсіхшілер қандай жұмыстан бас тарту керек? Жұмыс істеу мен Ехобаға ғибадат етуге қатысты қалай дұрыс көзқарас сақтай аламыз? Біз атқаратын ең маңызды іс қандай? Бұл сұрақтардың жауабын осы тараудан табамыз.

ЕҢБЕКСҮЙГІШ ЕКІ ҰЛЫ ЖҰМЫСКЕР

4, 5. Ехоба еңбектенуге қалай қарайды?

4 Ехоба әрбір ісін сүйіп істейді. Мұсаның 1-жазбасы 1:1-де: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— делінген. Жер мен ондағының бәрін жаратып болған соң, Құдай атқарған еңбегіне қарап, оның “өте жақсы екенін көрді” (Мұсаның 1-жазбасы 1:31). Қолынан шыққан туындылары оған қуаныш сыйлады (Тімөтеге 1-хат 1:11).

5 Ехоба үнемі тынбай еңбек етеді. Иса соны растап: “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ”,— деген (Жохан 5:17). Біз Ехобаның тамаша істерінің бәрін түгел білмесек те, кейбірінен хабардармыз. Мысалы, ол Иса Мәсіхпен бірге көкте билік ететін адамдарды таңдап жатыр (Қорынттықтарға 2-хат 5:17). Сондай-ақ ол адамзатқа талмай жол сілтеп, қамқорлық көрсетіп келеді. Дүниежүзі бойынша жүріп жатқан уағыз ісінің арқасында миллиондаған адам Ехобаны танып-біліп, жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруге үмітті (Жохан 6:44; Римдіктерге 6:23).

6, 7. Иса қандай жұмысшы?

6 Әкесі сияқты Иса да сүйсініп еңбек етеді. Жер бетіне келмес бұрын Иса Әкесінің қасында “шебер жұмысшы” болған. Ол көктегі мен жердегінің бәрін жаратуға атсалысқан (Нақыл сөздер 8:22—31; Қолостықтарға 1:15—17). Жерде болған кезінде де Иса талмай еңбек етті. Ол жастайынан ағаш ұсталығын меңгеріп, үй жиһаздары мен есік-терезелер жасаса керек. Иса өз ісінің шебері болғаны сонша — ол жұрт арасында “ағаш ұстасы” деп танылды (Марқа 6:3).

7 Десе де Иса үшін ең маңызды іс ізгі хабарды уағыздап, адамдарға Ехоба жайлы үйрету еді. Бұл істі атқаруға оның еншісінде үш жарым жыл уақыт болды. Ол таңның атысынан түннің батысына дейін аянбай еңбектенді (Лұқа 21:37, 38; Жохан 3:2). Иса жүздеген шақырым шаңды жолды жүріп өтіп, мүмкіндігінше көп адамға ізгі хабарды жеткізді (Лұқа 8:1).

8, 9. Неге Иса өзінің ісін қуанышпен атқарған?

8 Иса үшін Құдайдың тапсырған ісін орындау тамақпен тең болған. Оған күш берген, бойына қуат дарытқан. Ісін жан салып атқарғаны сонша — кейбір күндері тамақ ішуге уақыт таппаған (Жохан 4:31—38). Иса өзгелерге Әкесі жайлы үйрету үшін әр мүмкіндікті қалт жібермеген. Сондықтан Ехобаға: “Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жер бетінде сені даңқтадым”,— деп айтуына толық негіз болды (Жохан 17:4).

9 Иә, Ехоба да, Иса да аянбай еңбек етеді, әрі содан қуаныш пен қанағатқа бөленеді. Біз де “Құдайға еліктеп”, Исаның “ізімен тура жүргіміз” келеді (Ефестіктерге 5:1; Петірдің 1-хаты 2:21). Сол себептен аянбай тер төгіп, не істесек те жанымызды салып істегіміз келеді.

ЖҰМЫСҚА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС

10, 11. Жұмысқа оң көзқараспен қарауға не көмектеседі?

10 Ехобаның халқы болғандықтан, біз өзімізді, отбасымызды асырау үшін жұмыс істейміз. Жұмысымызды бар ынтамен істегіміз-ақ келеді, бірақ бұл кейде оңай болмауы мүмкін. Жұмысымызды жақсы көрмесек, не істеуге болады?

Оң көзқарас кез келген жұмысты ынтамен атқаруға көмектеседі

11 Оң көзқарас таныту. Қай жерде, қанша сағат жұмыс істейтінімізді өзгерту біздің құзырымызда емес шығар, бірақ көзқарасымызды өзгерту өз қолымызда. Ехобаның бізден не күтетінін білсек, бұл бізге зор көмек болады. Мәселен, Ехоба отағалары қолдарынан келгенше отбасының қамын жасайды деп күтеді. Киелі кітапта отбасының қамын ойламайтын адамның “Құдайға сенбейтін адамнан да жаман” екені айтылған (Тімөтеге 1-хат 5:8). Бір үйдің отағасы болсаңыз, отбасыңызды қамдау үшін аянбай еңбек етіңіз. Жұмысыңыз өзіңізге ұнаса да, ұнамаса да, отбасыңызды асырап жүргеніңіз Ехобаға ұнамды екенін біліп жүріңіз.

12. Еңбекқорлық пен шыншылдықтың пайдасы қандай?

12 Еңбекқор әрі шыншыл болу. Бұл қасиеттер сізге жұмысыңызды сүйіп істеуге септеседі (Нақыл сөздер 12:24; 22:29). Бұның бір пайдасы — жұмыс берушінің сеніміне ие боласыз. Олар жұмыстағы заттарды, ақшаны, уақытты ұрламайтын жұмысшыларды жоғары бағалайды (Ефестіктерге 4:28). Ал бәрінен де маңыздысы — сіздің еңбекқорлығыңыз бен шыншылдығыңыз Ехобаның назарынан тыс қалмайды. Құдайдың көңілінен шығып жатқандықтан, “ар-ұжданыңыз таза” болады (Еврейлерге 13:18; Қолостықтарға 3:22—24).

13. Шыншылдықтың берер жемісі қандай?

13 Жақсы жүріс-тұрыс Ехобаны мадақтайтынын ұмытпау. Бұл — жұмысыңызды жақсы көріп істеудің тағы бір себебі (Титке 2:9, 10). Сіздің үлгілі жүріс-тұрысыңызға қарап, бір әріптесіңіздің Киелі кітапты зерттеуге ықыласы оянуы мүмкін (Нақыл сөздер 27:11; Петірдің 1-хаты 2:12 оқыңыз).

ЖҰМЫС ТАҢДАУ

14—16. Жұмыс таңдағанда, нені есепке алу керек?

14 Киелі кітапта мәсіхшілер қандай жұмысқа тұрып, қандай жұмысқа жоламау керектігі тізіп айтылмаған. Десе де онда жұмысқа қатысты дұрыс шешім қабылдауымызға көмегін беретін принциптер бар (Нақыл сөздер 2:6). Принциптерді қарастыра отырып, келесідей сұрақтарға жауап беріп көріңіз.

Ехобаның нормаларына қайшы келмейтін жұмыс таңдаңыз

15 Бұл жұмыс Ехоба мақұлдамайтын істер жасауды талап ете ме? Ехоба нені жек көретінін біз жақсы білеміз. Ұрлық пен өтірікті оның жаны жаратпайды (Мұсаның 2-жазбасы 20:4; Елшілердің істері 15:29; Ефестіктерге 4:28; Аян 21:8). Сол үшін де біз сақ болып, Ехобаның нормаларына қайшы келетін жұмыстан аулақ жүреміз (Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз).

16 Бұл жұмыс Ехоба айыптайтын істерді қолдап, соған үндей ме? Мысалы, сізге темекі ғана сатылатын дүкенде жұмыс істеуді ұсынды делік. Әрине, сатушы болудың еш айыбы жоқ. Алайда сіз Ехобаның темекі тартуға қалай қарайтынын жақсы білесіз. Өзіңіз темекі тартпасаңыз да, оны сатқаныңызға Ехоба қалай қарайды? Мұны өзгелердің “тәнді арамдайтын” ісіне ортақтасу деп қарастырмай ма? (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

17. Құдайға ұнамды шешімдер қабылдауға не көмектеседі?

17 Құдай принциптерінің арқасында біз Еврейлерге 5:14-те сипатталған адамға ұқсайтын боламыз, ондай адам “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады”. Келесі сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: “Осы жұмысқа тұруға келіссем, басқалар сүрініп жүрмей ме? Бұл жұмысқа тұрсам, жарым мен бала-шағамнан жырақта жүру, тіпті басқа елге кету керек бола ма? Бұл отбасыма қалай әсер етеді?”

“НЕНІҢ МАҢЫЗДЫРАҚ ЕКЕНІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗІҢІЗ”

18. Ғибадатымызды басты орынға қою неліктен қиын болуы мүмкін?

18 Қазіргідей “ерекше қиын уақытта” ғибадатымызды басты орынға қою оңай емес (Тімөтеге 2-хат 3:1). Жұмыс тауып, одан айырылып қалмау қиын мәселеге айналды. Отбасымызды асырауымыз керек, әрине. Бірақ алғы шепте ғибадатымыз тұру керектігін түсінеміз. Біз үшін ақша мен дүние-мүлік тым маңызды болып кетпеу керек (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Олай болса, “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізе” отырып, отбасымызды қалай асырай аламыз? (Філіпіліктерге 1:10).

19. Ехобаға сенім арту жұмысқа дұрыс қарауға қалай көмектеседі?

19 Ехобаға толықтай сенім артыңыз (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқыңыз). Ехоба не нәрсеге мұқтаж екенімізді біліп, шын жүректен қамымызды ойлайтынына еш күмәніміз жоқ (Зәбүр 37:25; Петірдің 1-хаты 5:7). Оның Сөзінде былай делінген: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген” (Еврейлерге 13:5). “Отбасымды қалай асыраймын” деген ой сізді әрдайым мазалағанын Ехоба қаламайды. Қаншама уақыт бойы ол өз халқын қамдайтынын талмай дәлелдеп келеді (Матай 6:25—32). Жұмысқа қатысты жағдайымыз қандай болмасын, біз үнемі Құдай Сөзін зерттеп, ізгі хабарды уағыздап, қауым кездесулерін қалдырмаймыз (Матай 24:14; Еврейлерге 10:24, 25).

20. Қалай қарапайым өмір кеше аламыз?

20 Көзіңізді бір-ақ нәрсеге тігіңіз (Матай 6:22, 23 оқыңыз). Бұл бар назарымызды ғибадатқа аудару үшін қарапайым өмір кешуді білдіреді. Ақша, жайлы өмір, я болмаса соңғы үлгідегі электронды құрылғылар Құдаймен қарым-қатынасымыздан басым болып кетсе, бұл нағыз ақымақтық болар еді. Ендеше, маңызды нәрсені тиісті орнына қою үшін не істеу керек? Қолдан келгенше қарызға кіріп кетпеуге тырысу қажет. Ал қарызыңыз бар болса, одан құтылудың я азайтудың жоспарын жасаңыз. Абай болмасақ, ақша мен дүние-мүлік көп уақытымыз бен күшімізді алып қойып, дұға айтуға, зерттеуге, уағызға шығуға уақыт таппай қалуымыз мүмкін. Дүние-мүлік пен ақша үшін өмірімізді қиындатқанша, “ішер ас, киер киім” сияқты негізгі нәрселерді қанағат етуді үйренейік (Тімөтеге 1-хат 6:8). Өмірлік жағдайымыз қандай болмасын, Ехобаға әлде де көбірек қызмет ету үшін не істей алатынымыз туралы ара-тұра ойланып тұрғанымыз абзал.

21. Өміріміздің төрінде не тұратынын шешіп алу неліктен маңызды?

21 Ненің маңыздырақ екенін айыра біліңіз. Уақытымызды, күшімізді, мүлкіміз бен қаражатымызды ақылмен қолданғанымыз жөн. Сақ болмасақ, оқу, ақша сияқты аса маңызды емес нәрселер алтын уақытымызды алып қоюы мүмкін. Иса: “Құдай Патшалығын... әрдайым бірінші орынға қойыңдар”,— деген (Матай 6:33). Шешімдеріміз, әдеттеріміз, күнделікті істеріміз бен мақсаттарымыз жүрегіміздің төрінде не тұрғанын аян етеді.

ЕҢ МАҢЫЗДЫ ІС

22, 23. а) Мәсіхшілер атқаратын ең маңызды іс қандай? ә) Жұмысымызды сүйіп істеуге не көмектеседі?

22 Біз атқара алатын ең маңызды іс — Ехобаға қызмет ету мен ізгі хабарды жариялау (Матай 24:14; 28:19, 20). Иса сияқты біз де бұл істі бар күшімізді салып атқарғымыз келеді. Кейбіреулер уағыздаушыларға қажеттілік бар жерге көшіп барған. Тағы біреулері шет тілін үйреніп, сол тілде сөйлейтін адамдарға уағыздап жүр. Сондай бауырластармен сөйлесіп, қызметтері жайында сұрастырып көріңіз. Олар сізге өмірлері анағұрлым бақытты да мағыналы екенін айтып береді (Нақыл сөздер 10:22 оқыңыз).

Ехобаға қызмет ету — ең маңызды іс

23 Көбіміз отбасымызды ең басты нәрсемен қамтамасыз ету үшін бір не бірнеше жұмыста бел жазбай еңбек етеміз. Мұны көріп жүрген Ехоба отбасыңыз үшін төккен әрбір маңдай теріңізді бағалайды. Олай болса, жұмысымыз қандай болмасын, еңбексүйгіш Ехоба мен Исаға еліктей берейік. Сондай-ақ біз атқаратын ең маңызды іс Ехобаға қызмет ету мен ізгі хабарды жариялау екенін ұмытпайық. Бұл — нағыз бақыттың көзі.