4-ТАРАУ
Билігі барларды құрметтеңіз
“Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер, барлық бауырластарды сүйіңдер, Құдайдан қорқыңдар, патшаны құрметтеңдер” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 2:17).
1, 2. а) Біз кімнің нұсқауларына мойынсұнуымыз керек? ә) Осы тарауда қандай сұрақтардың жауабын аламыз?
БАЛА кезіңізде ата-анаңыздың айтқанын істегіңіз келмеген кездер талай болған шығар. Оларды жақсы көргендіктен, айтқанын тыңдау керектігін түсінетінсіз. Бірақ сонда да оларға мойынсұну әр кезде оңай болмаса керек.
2 Әкеміз Ехоба бізді сүйетінін жақсы білеміз. Ол бізді қамқорлап, өмірімізді қуанышқа толтыру үшін бәрін берген. Барлық істе жетістікке жетуіміз үшін қажетті нұсқаулар беріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Кейде ол мұны адамдар арқылы істейді. Ал біз өз тарапымыздан Ехобаның билігін құрметтеуіміз қажет (Нақыл сөздер 24:21). Алайда неге кейде нұсқауларға мойынсұну қиын? Неге Ехоба оларға құлақ асқанымызды қалайды? Біз оның билігін құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз? Бұл тарауда осы сұрақтардың жауабын аламыз (9-түсіндірмені қараңыз).
ҚИЫНДАТАТЫН КЕДЕРГІЛЕР
3, 4. Адамдар қалай кемелсіз болып қалды? Өзгелердің кеңестері мен нұсқауларына мойынсұну біз үшін неге қиын?
3 Адамдардың бүлік шығаруға дайын тұратын бейімділігі бар. Мұндай күйге Адам мен Хауаның күнәсінің кесірінен жеттік. Олар кемелді болып жаралса да, Құдайдың билігіне қарсы шықты. Содан бастап өздері де кемелсіз болды, олардан тараған күллі адамзат та кемелсіз болып туылатын болды. Кемелсіздік — Ехоба мен адамдардың ақыл-кеңестеріне, нұсқауларына мойынсұнуды қиындататын бір себеп. Тағы бір себеп — нұсқаулар беретін адамдар да кемелсіз (Мұсаның 1-жазбасы 2:15—17; 3:1—7; Зәбүр 51:5; Римдіктерге 5:12).
4 Кемелсіз болғандықтан менмендігіміз қылт етіп шығып тұрады. Бұл жағымсыз қасиет мойынсұнуды қиындатады. Ежелде болған бір оқиға соны айқын көрсетеді. Ехоба өз халқын жетелеп жүру үшін Мұсаны таңдаған болатын. Көп жыл бойы Ехобаға қызмет еткен Қорах деген кісі тәкаппарланып, Мұсаға үлкен құрметсіздік көрсетті. Ал Мұса Құдайдың халқын жетелеп жүрсе де, менмендіктен бойын аулақ ұстаған. Ол тіпті сол заманның ең кішіпейіл адамы ретінде сипатталады. Бірақ Қорах Мұсаның билігін жақтырмады. Өзімен қоймай, өзгелерді де Мұсаға қарсы шығуға айдап салды. Қорах бастаған бүлікшіл топтың ақыры не болды? Олар жер құшты (Мұсаның 4-жазбасы 12:3; 16:1—3, 31—35). Менмендіктің арты жақсылыққа апармайтынына Киелі жазбалардағы басқа да көптеген оқиғалар дәлел (Шежірелер 2-жазба 26:16—21; 10-түсіндірмені қараңыз).
5. Кейбір адамдар билігін қалай теріс пайдаланған?
5 “Билік адамды бұзады” деген сөзді талай естіген шығарсыз. Шынында да, адамзат тарихында өз билігін теріс пайдаланған билеушілер аз болмаған (Уағыздаушы 8:9 оқыңыз). Солардың бірі — Саул патша. Ехоба оны Исраилдің патшасы етіп таңдағанда, ол өзін кіші тұтатын жақсы адам еді. Алайда ол жүрегінде менмендік пен қызғаныш өскінінің жетілуіне тосқауыл қоймады. Соның салдарынан жазықсыз Дәуіттің ізіне түсіп, қудалаумен болды (Самуилдің 1-жазбасы 9:20, 21; 10:20—22; 18:7—11). Кейіннен таққа Дәуіт отырды, ол Исраилдегі ең үздік патшалардың қатарында болды. Алайда ол да бір кездері билігін теріс пайдаланды. Ол Ұрияның әйелі Барсабиямен жыныстық қатынасқа түсті, ал күнәсін жасыру үшін Ұрияны соғыстың қызып тұрған алдыңғы шебіне әдейі жіберіп, өлімге қалдырды (Самуилдің 2-жазбасы 11:1—17).
ЕХОБАНЫҢ БИЛІГІН ҚҰРМЕТТЕУ
6, 7. а) Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз не нәрсеге қозғау салады? ә) Мойынсұну қиынға соққанда Исаға қалай еліктей аламыз?
6 Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз оның нұсқауларына құрметпен қарауға қозғау салады. Біз ешкімді де, ештеңені де Ехобадан артық сүймейміз. Бар тілеріміз — оның жүрегін қуанту (Нақыл сөздер 27:11; Марқа 12:29, 30 оқыңыз). Шайтан сонау Едем бағындағы алғашқы жұптан бастап барлық адамды арбап, олардың Ехобаның билігіне күмәнмен қарағанын көксеп келеді. Ол Ехобаның не істеп, не істемеу керектігін айтып отыруға құқы жоқ дегенге сендіргісі келеді. Бірақ біз бұның бәрі өтірік екенін білеміз. Сондықтан мына сөздерге бірауыздан қосыламыз: “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:11).
7 Бала кезіңізде ата-анаңызға мойынсұнғыңыз келмеген кезде де, оларға мойынсұнған шығарсыз. Сол сияқты Ехобаның қызметшілеріне де кей кездері мойынсұнғыш болу оңай емес. Бірақ біз Ехобаны сүйіп, құрметтегендіктен, бар күшімізді салып оған мойынсұнуға тырысамыз. Бұл жағынан Иса жақсы үлгі қалдырған. Өзіне қиын болса да, қолайсыз болса да, ол Ехобаға мойынсұнуды доғармаған. Сондықтан Әкесіне: “Менің емес, сенің еркің болсын”,— деген (Лұқа 22:42; 11-түсіндірмені қараңыз).
8. Ехоба бізге қандай жолдармен бағыт-бағдар береді? (“ Кеңеске құлақ асыңыз” деген қоршауды қараңыз).
8 Бүгінде Ехоба бізге түрлі жолдармен бағыт-бағдар береді. Мысалы, ол бізге Киелі кітап сыйлады. Қауымдағы ақсақалдар арқылы да ақыл-кеңес пен нұсқаулар береді. Осы адамдарды құрметтеуімізбен Ехобаның билігін құрметтейтінімізді көрсетеміз. Ал олардың көмегінен бас тартсақ, Ехобадан бас тартқандай боламыз. Ежелде исраилдіктер Мұсаға қарсы шыққанда, Ехоба оларды өзіне қарсы шықты деп санаған (Мұсаның 4-жазбасы 14:26, 27; 12-түсіндірмені қараңыз).
9. Сүйіспеншілік нұсқауларға құлақ асуға қалай көмектеседі?
9 Басшылықты қолға алғандарды құрмет тұтқанда, бауырластарды да жақсы көретінімізді көрсетеміз. Мұны мынадай мысалдан көруге болады. Әдетте табиғи апат болған жерде көп адамды аман алып қалу үшін құтқарушылар тобы жұмыла әрекет етеді. Жұмыс өнімді болу үшін бір адам ұйымдастырып, ал қалғаны берілген нұсқаулар бойынша әрекет ету керек. Бірақ біреуі нұсқауларды елемей, бәрін өзі қалағандай істесе ше? Ниеті қанша жерден таза болса да, оның мойынсұнбаушылығы топтағыларға кесірін тигізіп, тіпті жапа шегуіне себеп болуы мүмкін. Тап солай Ехобаның және билік берілген адамдардың нұсқауларын елемесек, өзгелер азап шегуі мүмкін. Ал Ехобаға мойынсұнатын болсақ, бауырластарды жақсы көретінімізді әрі Ехоба орнатқан тәртіпті құрметтейтінімізді көрсетеміз (Қорынттықтарға 1-хат 12:14, 25, 26).
10, 11. Қазір нені қарастырамыз?
10 Ехоба бізге не істе демесін, бәрі біздің пайдамыз үшін. Отбасында және қауымда билігі барларға, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге құрмет танытсақ, мұның игілігін бәрі көреді (Мұсаның 5-жазбасы 5:16; Римдіктерге 13:4; Ефестіктерге 6:2, 3; Еврейлерге 13:17).
11 Ехоба өзгелерді не себепті құрметтегенімізді қалайтынын түсінсек, құрмет таныту оңайырақ болады. Қазір өміріміздің үш саласында қалай құрмет танытуға болатынын кеңінен қарастырайық.
ОТБАСЫНДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ
12. Күйеулер Ехобаның билігін құрметтейтіндерін қалай көрсетеді?
12 Ехоба отбасы атаулыға бастау беріп, әр мүшесіне өзіндік міндет жүктеген. Әркім өз міндетін жете түсінсе, отбасының бақыты еселеніп, қаймағы бұзылмайды (Қорынттықтарға 1-хат 14:33). Ехоба отбасы тізгінін күйеуге берген. Бұл дегеніміз — ол әйелі мен балаларын қамқорлап, сүйіспеншілікпен бағыттап отыру керек деген сөз. Ол Ехобаның алдында олар үшін жауап береді. Иса қауымға қалай қараса, мәсіхші күйеулер де отбасына солай қарайды. Оларды аялап, жақсы көреді. Осылайша күйеулер Ехобаны құрметтейтіндерін көрсетеді (Ефестіктерге 5:23; 13-түсіндірмені оқыңыз).
13. Әйел күйеуінің билігін құрметтейтінін қалай көрсетеді?
13 Мәсіхші әйелдің де міндеті маңызды әрі құрметті. Ол жақсы отағасы болуға барын салып жүрген күйеуіне қолдау көрсетеді. Күйеуімен бірге ол да бала тәрбиесіне жауапты. Балаларына құрметтеудің не екенін үйреткенде, оларға өзі үлгі көрсету керек (Нақыл сөздер 1:8). Ол күйеуіне құрмет танытады, шешімін іске асыруға көмектеседі. Ал шешімімен келіспеген жағдайда өз ойын жұмсақ үнмен, құрметпен жеткізеді. Күйеуі Куәгер емес мәсіхшілердің өзіндік қиындықтары болады. Соған қарамастан олар күйеулерін сүюден талмай, құрметтейтін болса, кім біледі, күндердің күнінде олар да Ехобаны жақыннан танып, оған ғибадат еткісі келуі мүмкін (Петірдің 1-хаты 3:1 оқыңыз).
14. Балалар ата-анасының билігін құрметтейтіндерін қалай көрсетеді?
14 Балалар Ехобаның көз алдында аса бағалы. Олар қорғаныш пен бағыт-бағдарға әсіресе мұқтаж. Балалар айтқанды тыңдаса, ата-анасына үлкен қуаныш сыйлайды. Бұдан да маңыздысы, осылай олар Ехобаны құрметтейтіндерін көрсетеді, әрі оның жүрегін қуантады (Нақыл сөздер 10:1). Кейбір отбасында балаларды жалғызбасты ана не әке тәрбиелейді. Бұл балаға да, жалғызбасты ана не әкеге де оңай емес. Бірақ балалар тілалғыш болса, өмірлері айтарлықтай жеңілдейді. Қалай болған күнде де, мінсіз отбасы жоқ. Дегенмен де отбасының әр мүшесі Ехобаның нұсқауына сай жүріп-тұрса, әлдеқайда бақытты болады. Ал бақытты отбасылар осы құрылымның негізін қалаушы Ехобаға даңқ әкеледі (Ефестіктерге 3:14, 15).
ҚАУЫМДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ
15. Қауымдағы билігі барларды құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?
15 Ехоба бізге қауым арқылы да бағыт-бағдар береді. Ол Исаға бүкіл қауымның үстінен билік жүргізуді тапсырды (Қолостықтарға 1:18). Ал Иса “адал да ақылды құлға” Құдайдың халқына бас-көз болуды тапсырған (Матай 24:45—47). “Адал да ақылды құл” дегеніміз — Басқарушы кеңес. Сенімімізді берік ету үшін Басқарушы кеңес бар қажетімізді уақытылы беріп отырады. Ақсақалдар, қызмет көмекшілері мен аудандық бақылаушылар болса бүкіл жер жүзіндегі қауымдарға қолдау көрсетеді және Басқарушы кеңестен нұсқаулар алады. Осы ер бауырластардың бәріне біздің қамымызды ойлау жүктелген. Олар қауымның қамы үшін Ехобаның алдында жауапты. Осы ер адамдарды құрметтегеніміз — Ехобаны құрметтегеніміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:12; Еврейлерге 13:17 оқыңыз; 14-түсіндірмені қараңыз).
16. Неге ақсақалдар мен қызмет көмекшілері киелі рухпен тағайындалады дей аламыз?
16 Ақсақалдар мен қызмет көмекшілері қауым мүшелерінің сенімде нық, өзара тату болуына септігін тигізеді. Әрине, олар да біз сияқты күнәкар пенделер. Олай болса, олар қалай таңдалады? Мұндай ер адамдар Киелі кітапта жазылған талаптарға сай келуі тиіс (Тімөтеге 1-хат 3:1—7, 12; Титке 1:5—9). Ал бұл талаптарды Ехоба киелі рухы арқылы жаздырған. Ақсақалдар ер бауырласты қызмет көмекшісі я ақсақал болуға ұсынбас бұрын, Ехобадан киелі рух сұрап, дұға етеді. Иә, қауым Иса мен Ехобаның қарамағында екеніне еш күмән жоқ (Елшілердің істері 20:28). Бізді қамқорлап, қолдап жүретін бұл ер адамдар — Ехобаның сыйы (Ефестіктерге 4:8).
17. Әйел бауырлас құрмет танытатынын кей жағдайларда қалай көрсетеді?
17 Кейде қауымда тапсырмаларды орындайтын ақсақал не қызмет көмекшісі болмай қалуы мүмкін. Мұндайда шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар көмекке келе алады. Олар да болмай қалған жағдайда, шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар атқаратын тапсырманы әйел бауырлас атқарса болады. Алайда мұндай кезде ол басын орамалмен не баскиіммен жабу керек (Қорынттықтарға 1-хат 11:3—10). Осылайша ол отбасында болсын, қауымда болсын, Ехобаның басшылыққа қатысты бекіткен тәртібін құрметтейтінін көрсетеді (15-түсіндірмені қараңыз).
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ
18, 19. а) Римдіктерге 13:1—7 тармақтардан не түйеміз? ә) Мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да билігі бар адамдарға қалай құрмет танытамыз?
18 Үкіметтердің билік етуіне Ехоба жол берген. Сондықтан біз оларға құрмет танытуымыз керек. Олар өз елі мен қоғамының ішінде тәртіп орнатады және халыққа қажетті қызмет көрсетеді. Мәсіхшілер Римдіктерге 13:1—7 тармақтардағы (оқыңыз) нұсқауға құлақ асады. Біз “билік басындағыларды” құрметтейміз, әрі тұрып жатқан еліміздің заңдарына бағынамыз. Бұл заңдар отбасына, жұмысқа не меншікке қатысты болуы мүмкін. Мысалы, біз салық төлейміз және үкімет талап еткен құжаттарды дұрыс толтырамыз. Ал олардың талап еткендері Құдайдың заңдарына қайшы келсе ше? Мұндайда біз елші Петірдің: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деген сөздеріне сай әрекет етеміз (Елшілердің істері 5:28, 29).
19 Мемлекеттік қызметкерлердің ішінде сот не полиция өкілдерімен сөйлесуге тура келсе, құрмет танытуды ешқашан ұмытпауымыз керек. Жас мәсіхшілер мұғалімдеріне және мектептегі басқа да қызметкерлерге құрмет көрсетеді. Ал жұмыс істейтіндер бастықтарына құрмет танытады. Тіпті әріптестері олай етпесе де, мәсіхшілер құрмет танытуларын доғармайды. Құрмет танытуға келгенде біз елші Пауылға еліктейміз. Ол қиын сәтте де билігі барларға құрметпен қараған (Елшілердің істері 26:2, 25). Өзгелер бізге құрметсіздік танытса да, біз оларға құрмет таныта беруіміз керек (Римдіктерге 12:17, 18 оқыңыз; Петірдің 1-хаты 3:15).
20, 21. Өзгелерге құрмет танытсақ, нәтижесі қандай болуы мүмкін?
20 Адамдар барған сайын бір-біріне құрмет танытудан қалып барады. Бірақ Ехобаның халқы олардан ерекше. Елші Петір: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер”,— деген. Осы сөздерді есте ұстап, біз әр адамға құрмет көрсетуді мақсат тұтамыз (Петірдің 1-хаты 2:17). Өзгелерге танытқан сый-құрметіміз елеусіз қалмайды. Иса бізге: “Сендердегі жарық адамдар алдында жарқырап тұрсын. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтасын”,— деген (Матай 5:16).
21 Отбасында, қауымда не өмірдің басқа да салаларында құрмет танытатын болсақ, біздің осындай үлгіміз өзгелерді Ехоба жайлы көбірек білуге талпындыруы мүмкін. Өзгелерге құрмет танытқанда, Ехобаға құрмет танытамыз. Сонда Ехобаның жүрегін қуанышқа толтырып, оны сүйетінімізді дәлелдейміз.