10-ТАРАУ
Патшаның өз ізбасарларын рухани жағынан тазартуы
1—3. Ғибадатхананың арамдалып жатқанын көргенде, Иса не істеді?
ИСА Иерусалимдегі ғибадатханаға зор құрметпен қараған. Себебі ғибадатхана ұзақ жылдар бойы жер бетіндегі шынайы ғибадаттың ошағы болып келген. Ал киелі Құдай Ехобаға деген ғибадат таза болуы тиіс. Олай болса, б. з. 33 жылы 10 нисанда ғибадатханаға келген Исаның оның арамдалып жатқанын көргенде, не сезінгенін елестетіңізші. Ғибадатханада ол не көрді екен? (Матай 21:12, 13 оқыңыз).
2 Басқа ұлт адамдарына арналған аулада ашкөз саудагерлер мен ақша айырбастаушылар Ехобаға құрбандық ұсынуға келгендердің қалтасын қағып алатын a. Мұны көрген Иса “ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін қуып шықты. Ал ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады” (Нехемия 13:7—9 салыстырыңыз). Ол Әкесінің үйін “қарақшылар ордасына” айналдырған пайдакүнемдерді қатал айыптады. Осылай ғибадатхананы да, жұрт сол жерде ғибадат ететін Құдайды да құрметтейтінін көрсетті. Иә, оның Әкесіне арнап атқарылатын ғибадат таза болуы тиіс!
3 Ғасырлар өте Құдай Патшалығының Патшасы болып тағайындалғаннан кейін, Иса ғибадатхананы тағы да тазартты. Бұл тазартудың бүгінде Ехобаға ұнамды түрде қызмет еткісі келетіндердің бәріне қатысы бар. Әңгіме қандай ғибадатхана жөнінде болып отыр?
“Леуі ұлдарын” тазарту
4, 5. а) Исаның майланған ізбасарлары 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін қалай тазартылды? ә) Құдай халқының тазартылуы осымен аяқталды ма? Түсіндіріңіз.
4 Екінші тарауда айтылғандай, 1914 жылы таққа отырғаннан кейін, Иса Әкесімен бірге рухани ғибадатхананы, яғни шынайы ғибадатқа арналған құрылымды, тексеруге келді b. Тексеру барысында Патша майланған мәсіхшілерді, “Леуі ұлдарын”, балқытып, тазарту керек екенін көрді (Малх. 3:1—3). Содан Ехоба 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін халқының ауыр сынақтар мен қиындықтарға ұшырауына жол берді. Бұл оларға балқытылып, тазартылумен тең болды. Осылай оттай сынақтардан өтіп, тазарған майланғандар Құдай Патшалығының Патшасына қолдау көрсетуге даяр болды.
5 Құдай халқының тазартылуы осымен аяқталды ма? Жоқ. Соңғы күндер басталғаннан бері Ехоба оларға таза болып, рухани ғибадатханада қызмет ете берулері үшін, тағайындаған Патшасы арқылы көмектесіп келеді. Келесі екі тарауда олардың өнегелік жағынан қалай тазартылғаны және ұйымда қандай өзгерістер болғаны қарастырылады. Бірақ, алдымен, олардың рухани жағынан қалай тазартылғанын көрейік. Ізбасарлары рухани жағынан таза болу үшін, Исаның не істегені мен не істеп жатқанының бәрі біздің көзімізге көріне бермейді. Соларды қарастырғанымыз сенімімізді нығайтары сөзсіз.
“Өздеріңді таза сақтаңдар”
6. Бабылдан оралатын яһудилерге қатысты Ехобаның айтқан сөздерінен рухани тазалық жөнінде не білуге болады?
6 Рухани жағынан таза болу деген не? Мұны білу үшін б. з. б. VI ғасырда Бабылдан Иерусалимге оралатын яһудилерге қатысты айтылған Ехобаның пайғамбарлығына көңіл бөлейік (Ишая 52:11 оқыңыз). Кезінде Бабылға жер аударылған яһудилердің Иерусалимге оралуының басты мақсаты ғибадатхананы қайта тұрғызып, шынайы ғибадатты қалпына келтіру еді (Езра 1:2—4). Ехоба өз халқының бабылдықтардың дінімен байланысы бар барлық нәрселерден арылғанын қалады. Байқасаңыз, ол келесідей бірнеше бұйрық берген: “арам нәрсеге жоламаңдар”, “оның арасынан шығыңдар”, “өздеріңді таза сақтаңдар”. Ехобаға деген таза ғибадатты жалған дін еш арамдамау керек. Демек, рухани жағынан таза болу, басқа жайттармен қатар, жалған діннің ілімдері мен жора-жоралғыларынан аулақ болуды білдіреді.
7. Иса ізбасарларының рухани жағынан таза болуына кім арқылы көмектесіп жатыр?
7 Патша тағына отырғаннан кейін көп ұзамай, атап айтқанда 1919 жылы, Иса адал да ақылды құлды тағайындады. Содан бері оның осы құл арқылы ізбасарларына рухани жағынан таза болуға көмектесіп отырғаны айдан анық (Мат. 24:45). Киелі кітап зерттеушілері 1919 жылға таман жалған діннің біраз ілімдерінен тазарып қойған еді. Десе де олар әлі де тазара түсу керек-тін. Адал құлы арқылы Иса ізбасарларына тағы қандай мейрамдар мен жоралардан бас тарту керек екендерін бірте-бірте түсіндірді (Нақ. с. 4:18). Солардың кейбірін қарастырып көрелік.
Мәсіхшілер Исаның туған күнін тойлау керек пе?
8. Киелі кітап зерттеушілері Исаның туған күнін тойлауға қатысты нені әлдеқашан түсінген, әйтсе де нені анық түсінбеді?
8 Киелі кітап зерттеушілері Исаның 25 желтоқсанда туылмағанын, ал оның туған күнін тойлау жалған діннен бастау алғанын әлдеқашан түсінген. Осы орайда 1881 жылы желтоқсан айындағы “Сион күзет мұнарасында” былай деп жазылды: “Кезінде пұтқа табынушы болған миллиондаған адамдар мәсіхшілікті қабылдады. Бірақ олардың аты өзгергенімен, заты өзгермеді. Өйткені абыздары мәсіхшілердің діни қызметкеріне айналды, ал мейрамдарына мәсіхшілікпен байланысты атаулар берілді. Солардың бірі — Исаның туған күні”. Ал 1883 жылы “Күзет мұнарасында” жарық көрген “Иса қашан туылған?” деген мақалада Мәсіхтің қазан айының басында дүниеге келгені түсіндірілді c. Әйтсе де Киелі кітап зерттеушілері бұл мейрамды тойлауды доғару қажет екенін анық түсінбеді. Оны тіпті Бруклиндегі Бетел отбасы да тойлайтын. Бірақ 1926 жылдан кейін жағдай өзгерді. Неге?
9. Киелі кітап зерттеушілері Исаның туған күнін тойлауға қатысты нені түсінді?
9 Киелі кітап зерттеушілері бұл мәселені жіті зерттеген соң, Исаның туған күнін тойлап, оған қатысты жораларды жасау, шындығына келгенде, Құдайды қорлау екенін түсінді. 1927 жылы 14 желтоқсанда шыққан “Алтын ғасыр” журналында “Исаның туған күні мейрамының шығу тегі” деген мақала басылды. Мақалада оның жалған діннен шыққаны және мақсаты ләззат-ермек пен пұтқа табыну екеніне көңіл бөлінді. Сондай-ақ Мәсіх өзінің туған күнін тойлауға қатысты ешқандай нұсқау бермегені түсіндіріле келе, мынадай тұғырлы қорытынды жасалды: “Оны тойлауға осы дүние, тәніміз және Шайтан талпындырады. Бұл Ехобаға қызмет етуге өздерін толық арнағандар үшін оны тойламауға келелі әрі бұлтартпас себеп болып табылады”. Сондықтан сол жылдан бастап Бетел отбасының аталмыш мейрамды тойлауды доғарғаны таңғалдырмайды!
10. а) Исаның туған күнін тойлау мейрамына қатысты 1928 жылы желтоқсанда тағы не айтылды? (“ Исаның туған күні мейрамының шығу тегі” деген қоршауды да қараңыз.) ә) Кейбір мейрамдарға қатысты әдебиеттерімізде қандай ескерту жасалды? (“ Басқа мейрамдарды әшкерелеу” деген қоршауды қараңыз.)
10 Келесі жылы Киелі кітап зерттеушілеріне Исаның туған күнін тойлау орынсыз екені тағы айтылды. Сол кезде бас басқармада қызмет еткен Ричард Барбер 1928 жылы 12 желтоқсанда радиодан баяндама айтып, бұл мейрамның қайдан шыққанын аян етті. Құдай халқы бас басқармадан берілген мұндай анық нұсқауды қалай қабылдады? Чарлз Брандлин бауырлас отбасымен осы мейрамды тойлауды доғарғаны жөнінде былай деді: “Пұтқа табынушылықпен байланысы бар мейрамды тойламау бізге қиынға соқты ма? Мүлдем қиын болған жоқ! ...Біз кір киімімізді шешіп, лақтырып жібергендей болдық”. Кейіннен аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен Хенри Кантуэлл болса былай деді: “Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дәлелдеу үшін бірдеңеден бас тарта алғанымызға қуандық”. Исаның адал ізбасарлары өзгерістерді қуана қабылдап, арамдалған ғибадаттан бастау алған мейрамды тойлаудан бас тартты d (Жох. 15:19; 17:14).
11. Патшамыз Исаны қолдайтынымызды біз қалай көрсетеміз?
11 Неткен керемет үлгі! Олардың үлгісі жайлы ойланып, өзімізден былай деп сұрайықшы: “Бас басқармадан келген басшылыққа мен қалай қараймын? Қуана қабылдап, өмірде қолданамын ба?” Рухани ас-суды адал құл арқылы уақтылы беріп отырған Патшамыз Исаны қолдағанымыз мойынсұнушылығымыздың көрінісі болмақ (Ел. іс. 16:4, 5).
Мәсіхшілер айқышты қолдану керек пе?
12. Киелі кітап зерттеушілері жылдар бойы айқышқа қатысты қандай пікірде болды?
12 Киелі кітап зерттеушілері көптеген жылдар бойы айқыш мәсіхшіліктің лайықты белгісі деген пікірде болған. Әрине, олар оған табынған жоқ, себебі пұтқа табыну дұрыс емес екенін білді (Қор. 1-х. 10:14; Жох. 1-х. 5:21). 1883 жылдың өзінде “Күзет мұнарасы” журналында “кез келген пұтқа табынушылық — Құдай үшін жиренішті нәрсе” деп кесіп айтылды. Әйтсе де бастапқыда Киелі кітап зерттеушілері айқышты қолданудан еш оғаштық көрмеді, себебі оны дұрыс қолданып жүрміз деген ойда болды. Мысалы, олар мақтанышпен айқыш пен тәж бейнеленген төсбелгі тағып жүрді. Олардың ойынша, бұл төсбелгі өле-өлгенше адал болғандар алатын өмір тәжінің бейнесі еді. 1891 жылдың басында “Күзет мұнарасы” журналының мұқабасында да айқыш пен тәждің суреті пайда болды.
13. Мәсіхтің ізбасарлары айқышқа қатысты нені түсінді? (“ Айқышқа қатысты түсініктің айқындалуы” деген қоршауды да қараңыз.)
13 Киелі кітап зерттеушілері айқыш пен тәж бейнеленген рәмізді қатты ардақтады. Бірақ 1920 жылдардың аяғына таман бұған қатысты түсінік айқындала түсті. Кейіннен Басқарушы кеңесте қызмет еткен Грант Сьютер бауырлас 1928 жылы АҚШ-тың Мичиган штатындағы Детройт қаласында өткен конгресті есіне алып былай деді: “Конгресте айқыш пен тәж бейнеленген рәмізді қолданудың еш қажеті жоқ, тіпті дұрыс емес екені түсіндірілді”. Келесі бірнеше жылда бұған қатысты түсінік бұрынғыдан да айқындала түсті. Осылай таза ғибадатта айқыш мүлдем қолданылмау керек екені айдан анық болды.
14. Айқышқа қатысты айқындала түскен түсінікті Құдай халқы қалай қабылдады?
14 Айқышқа қатысты айқындала түскен түсінікті Құдай халқы қалай қабылдады? Жандарына жақын болып кеткен рәмізді қимай жүрді ме? Сол жылдардан бері Ехобаға қызмет етіп жүрген Лила Робертс: “Нені бейнелейтінін түсінгенде, одан бас тарту еш қиын болған жоқ”,— деп есіне алды. Урсула Серенко деген тағы бір адал бауырлас келесі сөздерімен көптің көзқарасын жеткізді: “Біз Иеміздің өлімі мен адалдығымыздың бейнесі деп ардақтап жүрген нәрсенің, шындығында, пұтқа табынушылықтың бейнесі екенін түсіндік. Нақыл сөздер 4:18-де айтылғандай, жолдың жарқырай түскеніне қуандық”. Иә, Мәсіхтің адал ізбасарлары жалған діннің ешбір арам нәрсесіне жолағысы келмеді!
15, 16. Ехобаның рухани ғибадатханасының жердегі аулаларын таза сақтауға деген шешіміміз берік екенін қалай көрсетеміз?
15 Біз олардың осындай мызғымас көзқарасына ортақпыз. Исаның адал да ақылды құл арқылы Құдай халқына рухани жағынан таза болуға көмектесіп отырғанын да түсінеміз. Сондықтан олар дайындаған әдебиеттерде қандай да бір мейрамның не салт-жораның жалған дінмен байланысы бар екені айтылса, мұны елеусіз қалдырмай, бірден құлақ асамыз. Мәсіхтің осында болуының бастапқы кезінде өмір сүрген бауырластардікі сияқты, біздің де Ехобаның рухани ғибадатханасының жердегі аулаларын таза сақтауға деген шешіміміз берік.
16 Бұған қоса, Мәсіх “соңғы күндері” Құдай халқының қауымдарын рухани жағынан арамдайтын адамдардан бізге көрінбейтін жолмен қорғап отыр. Олай болса, Исаның мұны қалай жүзеге асырып жатқанын көрейік.
“Зұлымдарды әділдерден ажырату”
17, 18. Теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгімедегі мыналар нені білдіреді: а) Аудың теңізге тасталуы? ә) Әртүрлі балықтың түсуі? б) Жақсы балықтың ыдысқа жиналуы? в) Жарамсыздарының лақтырылып тасталуы?
17 Патшамыз Иса Мәсіх Құдай халқының дүниежүзіндегі қауымдарын жіті бақылап отыр. Мәсіх пен періштелер біз толық түсіне алмайтын жолмен адамдарды бір-бірінен ажыратуда. Бұл жөнінде Иса теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгімесінде айтқан (Матай 13:47—50 оқыңыз). Бұл әңгімені қалай түсінуге болады?
18 Аудың “теңізге тасталуы”. Теңіз — адамзатты, ал ау Патшалық туралы хабарды уағыздау ісін білдіреді. “Әртүрлі балықтың түсуі”. Ізгі хабарды әртүрлі адамдар тыңдайды: олардың кейбірі шынайы мәсіхшілердің қатарына қосылу үшін қадамдар жасайды, бірақ біразы бастапқыда қызыққанмен, шынайы ғибадаттың жағына шықпайды e. “Жақсы балықтың ыдысқа жиналуы”. Ақжүректі адамдар “ыдысқа жиналады”, яғни қауымдарға келіп, Ехобаға таза ғибадат атқарады. “Жарамсыздарының лақтырылып тасталуы”. Соңғы күндер басталғаннан бері Мәсіх пен періштелер “зұлымдарды әділдерден ажыратуда” f. Осының арқасында жалған ілімдер мен жоралардан бас тартқысы келмейтін арам пиғылды адамдар қауымдарды арамдай алмайды g.
19. Құдай халқы рухани жағынан таза болу үшін Исаның көп күш салып жатқаны туралы ойланғанда, не сезінесіз?
19 Патшамыз Иса Мәсіхтің қол астындағыларды осылай қорғап отырғаны сенімімізді нығайтады емес пе? Оның бірінші ғасырда ғибадатхананы құлшына тазартқанындай, бүгін де шынайы ғибадат пен оны ұстанатындарды қызғыштай қорғап отырғаны көңілге медет болары сөзсіз! Құдай халқы рухани жағынан таза болу үшін Исаның көп күш салып жатқанына біз дән ризамыз! Ендеше Патша мен оның Патшалығын қолдайтынымызды көрсету үшін жалған дінмен байланысы бар кез келген нәрседен аулақ жүрейік.
a Иерусалимге келген яһудилер ғибадатханаға арналған жыл сайынғы салықты белгіленген ақша бірлігімен төлеу керек болған. Ал ақша айырбастаушылар көп үстеме алатын. Бұған қоса, қалаға келгендерге құрбандыққа шалатын мал алу қажет болуы мүмкін еді. Исаның саудагерлерді “қарақшылар” деп атауының себебі — олар тым жоғары құн сұрағандықтан болса керек.
b Ехобаның жер бетіндегі қызметшілері оның ұлы рухани ғибадатханасының жердегі аулаларында қызмет етеді.
c Бұл мақалада мынаған көңіл бөлінді: Исаның қыста туылуы мүмкін емес, себебі бұл “қойшылардың отарларымен далада түнеп жүргендері туралы айтылған тармаққа сай келмейді” (Лұқа 2:8).
d Фредерик Френц бауырлас 1927 жылдың 14 қарашасында жазған хатында былай деді: “Биыл біз Исаның туған күнін тойламаймыз. Бетел отбасы оны тойламауды шешті”. Ал бірнеше айдан кейін, 1928 жылдың 6 ақпанында, жазған хатында болса ол: “Ібілістің Бабылдан бастау алған ұйымының жалған ілімдерінен Иеміз бізді бірте-бірте тазартып жатыр”,— деді.
e Мысалы, 2013 жылы жариялаушылардың жоғарғы саны 7 965 954, ал Еске алу кешіне келгендердің саны 19 241 252 адам болды.
f Жақсы балық пен жарамсыз балықты ажырату және қойлар мен серкелерді бөлу — екі түрлі жайтқа нұсқайды (Мат. 25:31—46). Қойлар мен серкелерді бөлу, немесе шешуші сот, алдағы зор алапатта орын алады. Оған дейін “жарамсыз” балықтардың Ехобаға оралып, “ыдысқа жиналуға”, яғни қауымға қайта қосылуға мүмкіндіктері бар (Малх. 3:7).
g Ақыр соңында “жарамсыз” балықтар отқа тасталады, бұл жойылуды бейнелейді.