Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ТАРАУ

Атқарған еңбегің қанағат әкелсін

Атқарған еңбегің қанағат әкелсін

“Әлдебір адам... өзінің ісінен ләззат алатын болса, онда бұл да — Құдайдың сыйы” (ЕККЛЕСИАСТ 3:13).

1—3. а) Көп адам жұмыстарына қалай қарайды? ә) Киелі кітап жұмысқа қатысты қандай көзқараста болуға шақырады және бұл тарауда қандай сұрақтарды қарастырамыз?

БҮГІНДЕ көп адам жұмыстарынан еш қуаныш таппайды. Күн ұзаққа өздеріне ұнамайтын іспен айналысатындықтан, олар үшін күнделікті жұмысқа бару азапқа айналады. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

2 Киелі кітап аянбай еңбек етуге дұрыс қарауға шақырады. Онда еңбек етіп оның зейнетін көру Құдайдың батасы екені айтылған. Сүлеймен патша: “Әлдебір адам ауқат ішіп-жейтін болса, әрі өзінің ісінен ләззат алатын болса, онда бұл да — Құдайдың сыйы”,— деген (Екклесиаст 3:13). Бізді сүйетін әрі игілігімізді ойлайтын Ехоба жұмысымыздан қанағат алып, бейнетіміздің зейнетін көргенімізді қалайды. Оның сүйіспеншілігінің саясында қалу үшін біз оның жұмысқа қатысты көзқарасы мен принциптерін ұстануымыз керек (Екклесиаст 2:24; 5:17).

3 Ал қазір келесі сұрақтарды қарастырамыз: Қалай еңбегімізден қанағат ала аламыз? Жұмыстың қандай түрлері шынайы мәсіхшілерге лайық емес? Қалай осы дүниелік жұмыс пен ғибадат мәселесінде байсалдылық сақтауға болады? Біз үшін ең маңызды жұмыс қандай? Алайда, алдымен, әлемдегі ең еңбекқор екі тұлғаның — Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің — үлгісіне көңіл аударайық.

ЕҢ КЕРЕМЕТ ЖҰМЫСШЫ ЖӘНЕ ШЕБЕР ЖҰМЫСШЫ

4, 5. Киелі кітаптан Ехобаның еңбексүйгіш Құдай екені қалай көрінеді?

4 Ехоба — Ең керемет жұмысшы. Жаратылыс 1:1-де: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты”,— делінген. Ол Жер шарын қоса алғанда, бүкіл жаратылыс ісін тамамдағаннан кейін, еңбегінің нәтижесіне қарап, “өте жақсы” екенін айтқан (Жаратылыс 1:31). Басқа сөздермен айтқанда, ол істеген ісінің бәріне толықтай қанағаттанатынын білдірген. ‘Бақытты Құдай’ Ехоба көп жұмыс атқарды, әрі бұл оған зор қуаныш әкелгенінде күмән жоқ (Тімотеге 1-хат 1:11 ЖД).

5 Еңбексүйгіш Құдайымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Жер мен ондағының барлығы жаратылғаннан кейін көп уақыт өткен соң, Иса Әкесінің әлі де еңбектен қол үзбегенін айтқан (Жохан 5:17). Құдай қандай іс атқарып жатыр? Мысалы, ол көктегі тұрағынан адамдарға басшылық беріп, қамқорлық көрсетіп отыр. Оның еңбектенуді доғармағанының арқасында ‘жаңадан жаратылған адамдар’ — Исамен көкте билік ететін рухтан туылған мәсіхшілер — пайда болды (Қорынттықтарға 2-хат 5:17). Ол адамзатқа қатысты ниетін жүзеге асыру үшін, яғни өзін сүйетіндер жаңа дүниеде мәңгі өмір сүру үшін, еңбектенуде (Римдіктерге 6:23). Еңбегінің нәтижесіне Ехоба өте риза болса керек: өзіне жақындатып тартқан миллиондаған адам Патшалық туралы хабарға құлақ асып, оның сүйіспеншілігінің саясында қалу үшін өмір салттарын өзгертуде (Жохан 6:44).

6, 7. Иса қалай ауыр еңбек еткен?

6 Иса да о бастан еңбекқорлығымен танымал. Көктегі және жердегі нәрселердің бәрі жаратылып жатқанда, ол көкте Құдайдың “шебер жұмысшысы” болған (Нақыл сөздер 8:22—31 ЖД; Қолостықтарға 1:15—17). Иса адам болып жер бетіне келген соң да, аянбай еңбек ете берген. Ол жас кезінен құрылыс ісіне үйреніп, “ағаш ұстасы” ретінде белгілі болған (Марқа 6:3). Бұл кәсіп біраз тер төгуді және шеберлікті талап ететін, өйткені ол кезде ағаш тілетін зауыттар, құрылыс дүкендері және электр құралдары болмаған. Исаның ағашты кесіп, оны жұмыс істеп жатқан жеріне сүйреп әкеле жатқанын елестете аласың ба? Оның үй соғып, төбесінің арқалықтарын дайындап, оларды қойып жатқанын, есік не жиһаз жасап жатқанын көз алдыңа келтіре аласың ба? Исаның ауыр еңбектен қанағат алудың не екенін білгендігінде сөз жоқ.

7 Сонымен қатар Иса жердегі қызметін зор ықыласпен атқарған. Үш жарым жыл бойы оның бар көңілі осы аса маңызды істі атқаруда болған. Ол мүмкіндігінше көп адамды кезіктіру үшін ертеден қара кешке дейін еңбек еткен (Лұқа 21:37, 38; Жохан 3:2). Иса “қалалар мен ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялады” (Лұқа 8:1). Ол шаң басқан жолдармен жүздеген шақырым жерді жаяу жүріп өтті.

8, 9. Қалай Иса аянбай атқарған қызметінен қанағат алған?

8 Иса аянбай атқарған қызметінен қанағат алды ма? Әрине! Ол Патшалықтың тұқымын сеуіп, артында орақ салуға дайын тұрған танап қалдырған. Тұқым себу ісінің күш беріп, қанат бітіргені соншалық — сол қызмет үшін ол астан бас тартуға дайын болған (Жохан 4:31—38). Жердегі қызметінің ақырында Әкесіне толық сенімділікпен: “Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде ұлылығыңды көрсеттім”,— дегенде, оның қандай қанағат сезінгенін ойлап көрші (Жохан 17:4).

9 Иә, Ехоба мен Иса еңбектен қанағат алудың ең керемет үлгісін көрсетуде. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бізді оған еліктеуге талпындырады (Ефестіктерге 5:1). Ал Исаға деген сүйіспеншілігіміз оның ‘ізімен жүруге’ қозғау салады (Петірдің 1-хаты 2:21). Енді еңбегімізден қанағат алу үшін біздің не істеуімізге болатынын қарастырайық.

ЖҰМЫСТАН ҚАЛАЙ ҚАНАҒАТ АЛУҒА БОЛАДЫ?

Киелі кітап принциптерін қолданғаның жұмысыңнан қанағат алуға көмектеседі

10, 11. Жұмысымызға қатысты дұрыс көзқарас дамытуға не көмектеседі?

10 Шынайы мәсіхшілер осы дүниелік жұмыс істейді. Біз жұмысқа қуана барып, одан қанағат алғымыз келеді. Бірақ жұмысымыз өзімізге ұнамаса, бұлай ету өте қиын болуы мүмкін. Мұндайда жұмыстан қалай қанағат алуға болады?

11 Дұрыс көзқарас дамыт. Жағдайды өзгерту әрдайым қолымыздан келе бермейді, бірақ көзқарасымызды өзгерту қолымыздан келеді. Осы орайда Құдайдың көзқарасы туралы ой жүгірткеніміз көмектеседі. Мысалы, егер отағасы болсаң, жұмысыңның қаншалықты ішпыстырарлық болып көрінгеніне қарамастан, соның арқасында отбасыңды асырап отырғаның жөнінде ойлан. Үй ішінің қамын ойлау — Құдай үшін елеусіз қалдыруға болатын нәрсе емес. Оның Сөзінде бұлай етпейтін адамның “Құдайға сенбейтіннен де жаман” екені айтылған (Тімотеге 1-хат 5:8). Жұмысыңның Құдай жүктеген міндетіңді атқаруға көмектесетінін мойындағаның әріптестеріңнің көбісі сияқты емес, оны мәнді деп тауып, қандай да бір шамада қанағат алуыңа көмектеседі.

12. Еңбекқор әрі адал болу қай жағынан пайдалы?

12 Еңбекқор әрі адал бол. Аянбай еңбек етудің және шеберлігіңді арттырудың көп пайдасы бар. Әдетте жұмыс берушілер еңбексүйгіш, ісмер жұмысшыларды жоғары бағалайды (Нақыл сөздер 12:24; 22:29). Сондай-ақ шынайы мәсіхшілер жұмыстан ақша, материалдар не жұмыс уақытын ұрламайтын адал болуы тиіс (Ефестіктерге 4:28). Алдыңғы тараудан көргеніміздей, адал болудың пайдасы зор. Адал жұмысшыға көп нәрседе сенім артылары даусыз. Сонымен қатар жұмыс берушіміз адал екенімізді байқаса да, байқамаса да “ар-ұжданымыз таза” екенін және сүйікті Құдайымызға ұнайтынды істеп жүргенімізді білгеніміз қанағат әкеледі (Еврейлерге 13:18; Қолостықтарға 3:22—24).

13. Жұмыста жақсы үлгі көрсеткеніміздің нәтижесі қандай болуы мүмкін?

13 Жүріс-тұрысыңның Құдайды дәріптейтінін ұмытпа. Жұмыстағы жүріс-тұрысымыз әрқашан мәсіхшілерге лайық болса, өзгелер мұны байқайды. Ал мұның нәтижесі қандай болады? Біз ‘Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейте’ аламыз (Титке 2:9, 10). Иә, жақсы жүріс-тұрысымыздың арқасында ғибадатымыз өзгелерге тартымды болады. Жұмыстағы керемет үлгіңді көріп, әріптесің шындыққа құлақ асса, керемет емес пе!? Ал ең бастысы — жақсы жүріс-тұрысыңның Ехобаға мадақ әкеліп, оның жүрегін қуантатынын білгеннен артық не бар?! (Нақыл сөздер 27:11; Петірдің 1-хаты 2:12).

ЖҰМЫС ТАҢДАҒАНДА ҚЫРАҒЫ БОЛ

14—16. Жұмыс таңдауға қатысты шешім қабылдағанда, қандай маңызды екі сұрақты қарастыруымыз керек?

14 Киелі кітапта біз үшін қандай жұмыстың лайықты, ал қайсысының лайықсыз екені бүге-шігесіне дейін жазылмаған. Бұл еш талғамай, кез келген жұмысты істей беруге болады дегенді білдірмейді. Жазбалар адал атқарылатын, пайдалы әрі Құдайға ұнамды жұмыс таңдауға көмектеседі (Нақыл сөздер 2:6). Жұмыс таңдағанда ой жүгіртуіміз керек маңызды екі сұрақ бар.

15 Бұл жұмыс Киелі кітапта айыпталатын іске жата ма? Құдай Сөзінде ұрлау, өтірік айту және жалған тәңірлердің бейнесін жасау ашық айыпталады (Мысырдан шығу 20:4; Елшілердің істері 15:29; Ефестіктерге 4:28; Аян 21:8). Біз осындай нәрселер жасалатын жұмысты істемес едік. Ехобаны сүйетіндіктен, біз оның талаптарына қайшы келетін жұмысты істеуге ешқашан келіспейміз (Жоханның 1-хаты 5:3).

16 Бұл жұмысты істесем, өзгелердің бұрыс қылық жасауына түрткі боламын ба не ортақтасамын ба? Мысалы, қабылдау бөлімінде істегенде тұрған ештеңе жоқ. Алайда мәсіхшіге Қан құю орталығының қабылдау бөлімінде жұмыс істеу ұсынылса ше? Оның атқаратын ісі қан алу не құйдырумен тікелей байланысты емес те шығар. Сөйткенмен де сонда жұмыс істеуімен ол қан құйылуына — Құдай Сөзінде айыпталатын қылықтың жасалуына — үлес қосады емес пе? (Елшілердің істері 15:29). Біз Ехобаны сүйеміз, сондықтан Жазбалардағы талаптарға қайшы келетін істермен тығыз байланысы бар жұмысқа орналасқымыз келмейді.

17. а) Жұмыс таңдағанда қандай жайттарды ескеруіміз керек? (“ Осы жұмысты істегенім дұрыс бола ма?” деген қоршауды қара.) ә) Құдайға ұнайтын шешімдер қабылдауымызға ар-ұжданымыз қалай көмектеседі?

17 Жоғарыдағы екі сұрақты жақсылап талдар болсақ, жұмысқа қатысты көп мәселенің басын ашып алуға болады. Жұмыс таңдағанда мұқият қарастыруымыз керек басқа да жайттар бар *. Біз адал құл табы әрбір жағдайға қатысты басшылық береді деп күтпейміз. Өзіміз қырағылық танытуымыз керек жағдайлар да болады. Екінші тараудан білгеніміздей, біз Құдай Сөзіндегі принциптерді күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын үйреніп, ар-ұжданымызды тәрбиелеуіміз керек. ‘Түйсіну қабілетімізді’ ‘қолдану арқылы’ машықтандыратын болсақ, ар-ұжданымыз Құдайға ұнамды шешімдер қабылдауға және оның сүйіспеншілігінің саясында жүруге көмектеседі (Еврейлерге 5:14 ЖД).

ЖҰМЫСҚА БАЙСАЛДЫЛЫҚПЕН ҚАРА

18. Неге байсалды болу оңай емес?

18 Қазіргі соңғы дәуірдің қиын-қыстау күндерінде байсалды болу оңай емес (Тімотеге 2-хат 3:1). Жұмыс тауып, оны сақтап қалу өте қиын болуы мүмкін. Шынайы мәсіхшілер отбасын асырау үшін көп жұмыс істеу керек екендерін біледі. Алайда абай болмасақ, жұмыстағы қысым не дүниені жайлаған ақшақұмарлық рухы рухани істерімізді ысырып тастауға түрткі болуы мүмкін (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Олай болса, ‘ненің маңыздырақ екеніне’ көз жеткізе отырып, қалай байсалды бола алатынымызды қарастырайық (Філіпіліктерге 1:10 ЖД).

19. Неге Ехоба толық арқа сүйеуімізге лайық және бұл неден аулақ болуымызға көмектеседі?

19 Ехобаға толықтай арқа сүйе (Нақыл сөздер 3:5, 6). Ол осылайша сенім артуымызға лайық емес пе? Өйткені ол біздің қамымызды ойлайды ғой (Петірдің 1-хаты 5:7). Ехоба біздің мұқтаждықтарымызды өзімізден жақсы біледі, әрі әрқашан оларды қанағаттандыра алады (Забур 36:25). Сондықтан Жазбалардағы келесі сөздерге ден қойғанымыз дұрыс: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: — Мен сенен бас тартпаймын, Ешқашан жалғыз қалдырмаймын,— деген ғой” (Еврейлерге 13:5). Құдайдың өмірге қажетті нәрселерсіз қалдырмайтынына көптеген толық уақытты қызметшілердің көздері жеткен. Ехобаға толық сенім артатын болсақ, отбасын қалай асырауды ойлап, уайымға салынбаймыз (Матай 6:25—32). Біз жұмыстың кесірінен уағыздау, қауым кездесулеріне бару сияқты рухани істеріміздің елеусіз қалуына жол бермейміз (Матай 24:14; Еврейлерге 10:24, 25).

20. Көзді қарапайым сақтау деген нені білдіреді және мұны қалай істеуге болады?

20 “Көзіңді қарапайым” етіп сақта (Матай 6:22, 23 ЖД). Бұл қарапайым өмір сүру керек дегенді білдіреді. Көзін қарапайым сақтайтын мәсіхші бір ғана мақсатты, яғни Құдай еркін орындауды, көздейді. Егер осылай етер болсақ, есіл-дертіміз табысы мол жұмыс істеп, жақсы өмір сүруде болмайды. Сондай-ақ ең соңғы әрі ең жақсы заттарға қол жеткізбей бақытты болу мүмкін емес дегенге сендіруге тырысып бағатын жарнамашылардың сөзіне алданбаймыз. Көзіңді қалай қарапайым етіп сақтауыңа болады? Мүмкіндігінше қарыз алудан аулақ бол. Көп уақыт пен көңіл бөлуді талап ететін заттар алып, өміріңді қиындатпа. “Ішер ас пен киер киім” болса, соған қанағат етуге қатысты Киелі кітаптағы кеңеске құлақ ас (Тімотеге 1-хат 6:8). Өміріңді мүмкіндігінше қарапайым етудің жолдарын ізде.

21. Неге өмірде әр нәрсенің өз орны болу керек және бірінші орында не тұру керек?

21 Рухани істерді бірінші орынға қойып, соған сай әрекет ет. Уақытымыз бен күш-жігеріміз шектеулі болғандықтан, өмірде әр нәрсенің өз орны болу керек. Әйтпесе маңызды істерге жұмсалатын уақытты аса маңызды емес істерге сарп етіп жіберуіміз мүмкін. Өмірімізде не нәрсе бірінші орында тұру керек? Көп адам жақсы жұмысқа орналасу үшін жоғары білім алуға көп көңіл бөледі. Алайда Иса өзінің ізбасарларын ең алдымен ‘Құдай Патшалығының қамын ойлауға’ шақырған (Матай 6:33). Иә, біздер, шынайы мәсіхшілер, Құдай Патшалығының мүддесін өмірде бірінші орынға қоямыз. Біздің өмір салтымыздан, яғни шешімдеріміз бен мақсаттарымыздан және іс-әрекеттерімізден, Патшалықтың мүддесі мен Құдай еркі біз үшін дүние-мүлік пен жұмыстан әлдеқайда маңызды екені көрініп тұру керек.

ҚЫЗМЕТТЕ АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТ

Уағыздау ісін өмірімізде бірінші орынға қою арқылы Ехобаны сүйетінімізді көрсетеміз

22, 23. а) Шынайы мәсіхшілердің басты ісі қандай және оны маңызды деп санайтынымызды қалай көрсетеміз? (“ Қабылдаған шешімім мені қуаныш пен қанағат сезіміне бөледі” деген қоршауды қара.) ә) Осы дүниелік жұмысқа қатысты не нәрсеге бел будың?

22 Біз соңғы күндердің ақырында өмір сүріп жатқанымызды білеміз, сондықтан бар назарымызды шынайы мәсіхшілердің басты ісі — уағыздау және шәкірт дайындау ісіне аударамыз (Матай 24:14; 28:19, 20). Исаға еліктеп біз де осы өмір сақтайтын істі ынты-шынтымызбен атқарғымыз келеді. Бұл істі маңызды деп қарастыратынымызды қалай көрсетуімізге болады? Құдайдың қызметшілерінің көбісі жариялаушы болып, уағыздау ісін шын жүректен атқарып жүр. Ал кейбіреулері істерін үйлестіріп, ізашар не миссионер ретінде қызмет етуде. Рухани мақсаттарға ұмтылудың маңызды екенін түсінген көп ата-ана балаларын толық уақытты қызметті өмірлік жол етіп таңдауға талпындыруда. Патшалық туралы хабарды құлшыныспен уағыздап жүрген жариялаушылар еңбектерінен қанағат алып жүр ме? Әрине! Ехобаға жан-тәнімен қызмет ету қуаныш пен қанағат және көл-көсір бата әкелетін өмір жолы екенінде сөз жоқ (Нақыл сөздер 10:22).

23 Көпшілігімізге отбасын асырау үшін көп уақыт жұмыс істеуге тура келеді. Ехобаның атқарған еңбегімізден қанағат алғанымызды қалайтынын ұмытпайық. Жұмысқа Ехоба іспетті қарап, соның принциптеріне сай әрекет ету арқылы еңбегімізден қанағат алуымызға болады. Алайда осы дүниелік жұмысымыздың кесірінен басты ісіміздің, яғни Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау ісінің, екінші орынға ысырылуына ешқашан жол бермейік. Ехобаның ісін өмірде бірінші орынға қою арқылы біз оны сүйетінімізді көрсетеміз, осылайша сүйіспеншілігінің саясында жүреміз.

^ 17-абзац “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі сандарында жұмыс таңдауға қатысты көбірек мәлімет бар: 1999 жыл, 15 сәуір 28—30 беттер және 1983 жыл, 1 наурыз 18-бет.