10-ТАРАУ
Шынайы сенімнің қас жауы
ЕХОБА ҚҰДАЙ жерді жаратқаннан ұзақ уақыт бұрын, көкте періштелерді жаратты. Бірақ уақыт өте келе, бір періште Құдайға ғана тиесілі ғибадатты көксей бастады. Осы қалауын жүзеге асырамын деп, ол өзін Шайтан етті. Бұл атау “Қарсылас”, яғни Құдайға қарсы шығушы, дегенді білдіреді. Ол Құдайға қалай қарсы шықты?
Жылан арқылы сөйлеп, Шайтан Хауа ананы Құдайға мойынсұнбауға азғырды. Қулықпен ол Хауа анаға мынадай ой салды: Ехоба Құдай оған жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеуге тыйым салуымен қандай да бір жақсы нәрсені жасырып отыр. Шайтан: Жемісті “жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деуімен шімірікпестен Құдайды өтірікші деп, ал Хауа ана оның басшылығынан бас тартуы керек дегенге меңзеді (Мұсаның 1-жазбасы 3:5). Хауа ана ақымақтық жасап, оның өтірігіне сеніп қалды. Ол Құдай заңын бұзып, Адам атаны да солай етуге итермеледі. Содан бері Шайтан шынайы сенімі бар адамдардың қас жауы болып келеді. Ол адамдарды әлі де алдауда. Қалай?
Шайтан адамдардың сеніміне нұқсан келтіруде
Шайтан Исраил ұлдарының сеніміне нұқсан келтіру үшін, пұтқа табынушылық пен адам ойынан шыққан әдет-ғұрыптарды қолданды. Иса Мәсіх олардың дінбасылары туралы: Олар “босқа ғибадат етіп жүр, себебі адамдар шығарған ілімдерге үйретеді”,— деген болатын (Матай 15:9). Исраил халқы Мәсіхтен бас тартқанда, Құдай да олардан бас тартты. Иса оларға: “Құдай Патшалығы сендерден алынып, оған лайық өнім әкелетін басқа халыққа беріледі”,— деді (Матай 21:43). Осыдан кейін Исаның ізбасарлары Құдайдың ықыласына бөленген халық болды.
Шайтан енді Исаның ізбасарларының сенімдеріне нұқсан келтірмек болды. Бұл оның қолынан келді ме? Иса пайғамбар қандай жағдай орын алатынын мысалмен алдын ала айтып кеткен болатын. Бұл мысалда бір кісі егіндігіне жақсы бидай тұқымын себеді. Кейінірек дұшпаны келіп, бидай арасына арамшөп сеуіп кетеді. Орақ салғанша, бидай мен арамшөптің бірге өсуіне жол беріледі. Ал орақ кезінде олар ажыратылады да, арамшөп өртеліп, ал бидай қамбаға жиналады.
Содан кейін Иса шәкірттеріне осы мысалдың мәнін түсіндірді: тұқым сепкен диқан — Исаның өзі. “Ал жақсы тұқым — Патшалықтың ұлдары, арамшөп болса Зұлымның ұлдары, оны сепкен дұшпан — Ібіліс. Ал орақ кезі — осы заманның ақыры, егін жинаушылар болса періштелер” (Матай 13:38, 39). Иса өзінің шынайы шәкірттерін бидайға теңеген. Ал Шайтан олардың арасына арамшөп іспетті жалған шәкірттерді “септі”. Осылайша, Исаның өзі күні бұрын айтып кеткендей, оның өлімінен кейін біраз ғасырлар бойы жалған шәкірттер пайда болды. Олар үштік, яғни Құдай үш тұлғадан тұрады деген сияқты жалған ілімдердің пайда болуына ықпал етті. Сондай-ақ пұтқа табынып, саясатқа араласа бастады. Тек азғана шәкірт Исаның ілімдерін берік ұстанды.
Шынайы сенім жоғалмайды
Алайда, Иса пайғамбар түсіндіріп кеткендей, ақыр соңында өзгеріс болмақ еді: Құдайдың періштелері шынайы сенімі жоқтарды жою үшін оларды сенімі барлардан ажыратпақ еді. Сонда шынайы сенімі барларды анықтау оңайырақ болмақ. Ақырында, шынайы сенімнің түп жауы Шайтан да жойылады. Расында да, шынайы сенім үстем болмақ еді!
Бүгінде шынайы сенімі бар адамдарды қалай білуге болады? Бұл сұрақтың жауабы келесі тарауда талқыланады.