Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

“Мен оларды... бір халық етемін”

“Мен оларды... бір халық етемін”

ЕЗЕКИЕЛ 37:22

ОЙБАҒДАР: Ехобаның өз халқын жинайтыны туралы айтқан уәдесі; екі таяқ жайлы пайғамбарлық

1, 2. а) Тұтқындағы яһудилер Езекиелге не үшін сескене қарап қалды? ә) Халықты таңғалдырған не? б) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ЕЗЕКИЕЛ Құдайдың тапсыруымен Бабылдағы тұтқындарға қойылым ретінде бірталай пайғамбарлық көрсеткен еді. Олардың біріншісі де, екіншісі де, одан кейінгілері де үкім жайлы болатын (Езек. 3:24—26; 4:1—7; 5:1; 12:3—6). Расында да, Езекиел қойылым ретінде көрсеткен пайғамбарлықтардың бәрі яһудилерге шығарылған қаһарлы үкімнен тұрды.

2 Енді, міне, Езекиел қайтадан жұрт алдына шықты. Ол халыққа тағы бір пайғамбарлық көрсетпекші. Сонда олар: “Ол тағы қандай суық хабар айтпақшы?”— деп, оған сескене қарап қалса керек. Бірақ Езекиел бұл жолы халықты таңғалдырып, мүлдем басқа пайғамбарлық көрсетті. Оның көрсеткені үкім хабары емес, үміт хабары болып шықты (Езек. 37:23). Езекиел тұтқындарға не көрсетті? Оның хабарының мәні қандай еді? Бұл хабардың бүгіндегі Құдай қызметшілеріне қандай қатысы бар? Қазір осы сұрақтарға тоқталайық.

“Екеуі менің қолымда біртұтас таяқ болады”

3. а) “Яһудаға” деп жазылған таяқ нені бейнеледі? ә) Неліктен “Ефрем таяғы” он рулы патшалықты бейнеледі деуге болады?

3 Ехоба Езекиелге екі таяқ алып, біреуіне “Яһудаға” деп, ал екіншісіне “Жүсіпке, яғни Ефрем таяғына” деп жазуды бұйырды (Езекиел 37:15, 16 оқыңыз). Бұл екі таяқ нені бейнеледі? “Яһудаға” деп жазылған таяқ Яһуда мен Бениямин халқынан тұратын екі рулы патшалықты бейнеледі. Бұл патшалықта Яһудадан тараған патшалар билік етті. Олар Иерусалимдегі ғибадатханада қызмет еткен діни қызметкерлермен тығыз қарым-қатынас жасады (Шеж. 2-ж. 11:13, 14; 34:30). Осылайша Яһуда патшалығы Дәуіттен тараған патшалар мен Леуіден тараған діни қызметкерлерден тұрды. Ал “Ефрем таяғы” он рулы Исраил патшалығын бейнеледі. Неге олай дейміз? Он рулы патшалықтың ең бірінші патшасы Еробоғам ефрем руынан шыққан. Ал уақыт өте Исраилде ефрем руының үстемдігі арта түсті (Мұс. 5-ж. 33:17; Пат. 1-ж. 11:26). Ескеретін жайт, он рулы Исраил патшалығында Дәуіттен тараған патшалар мен Леуіден тараған діни қызметкерлер болмаған.

4. Езекиелдің екі таяқты қосып ұстауы не нәрсеге нұсқады? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

4 Кейін Езекиел Ехобаның нұсқауымен екі таяқты “бір-бірімен қосып, біртұтас етіп ұстады”. Оны сескене бақылап тұрған жұрт одан: “Бұның мәні неде?”— деп сұрай бастады. Езекиел бұл қойылым Ехобаның өзі әрекет ететініне нұсқайтынын айтты. Ехоба осы екі таяққа қатысты: “Екеуі менің қолымда біртұтас таяқ болады”,— деген (Езек. 37:17—19).

5. Езекиелдің екі таяқпен көрсеткен қойылымы нені білдірді? (“Екі таяқтың бірігуі” деген қоршауды да қараңыз.)

5 Бұдан кейін Ехоба екі таяқтың бірігуі нені білдіретінін түсіндірді (Езекиел 37:21, 22 оқыңыз). Жер аударылған екі рулы Яһуда патшалығының адамдары мен он рулы Исраил (Ефрем) патшалығының адамдары Исраил жеріне оралып, екеуі “бір халық” болмақ еді (Ерм. 30:1—3; 31:2—9; 33:7).

6. Езекиел кітабының 37-тарауында бір-бірін толықтыратын қандай пайғамбарлықтар жазылған?

6 Езекиел кітабының 37-тарауында айтылған екі пайғамбарлық бір-бірін керемет толықтырады! Ехоба өлі күйде болған халқына жан бітіріп қана қоймай (1—14 тармақтар), оларды біртұтас та ете алады (15—28 тармақтар). Бұл екі пайғамбарлықтан шығатын түйін: халқын тұтқындықтан азат ету де, оларды біріктіру де Ехобаның қолынан келеді.

Ехоба халқын қалай жинап алды?

7. Шежірелер 1-жазба 9:2, 3-тегі сөздерден “Құдайдың қолынан бәрі келетіні” қалай көрінеді?

7 Адами тұрғыдан қарағанда, тұтқындардың азат етілуі және біртұтас халық болуы мүмкін еместей көрінді *. “Бірақ Құдайдың қолынан бәрі келеді” (Мат. 19:26). Ехоба өзінің айтқан пайғамбарлығын орындады. Б. з. б. 537 жылы яһудилер Бабылдың тұтқындығынан босады. Содан кейін екі патшалықтың да адамдары Иерусалимге оралып, шынайы ғибадатты қалпына келтіруге қолғабыс етті. “Яһуда, Бениямин, Ефрем және Манаса ұрпақтарының кейбірі” Иерусалимге қоныс тепкенін Киелі жазбалар растайды (Шеж. 1-ж. 9:2, 3; Езра 6:17). Ехоба алдын ала айтқандай, он рулы Исраил патшалығының адамдары екі рулы Яһуда патшалығының адамдарына қосылып, екеуі біртұтас болды.

8. а) Ишая қандай пайғамбарлық айтқан? ә) Езекиел 37:21-дегі сөздерден қандай екі маңызды жайтты аңғаруға болады?

8 Шамамен 200 жылдай уақыт бұрын Ишая пайғамбар Исраил мен Яһуда халқы тұтқындықтан босағаннан кейін бірігетінін айтып кеткен еді. Ол Ехоба “Исраилдің шашырап кеткен халқы” мен “Яһуданың бытырап кеткен халқын жердің төрт бұрышынан”, соның ішінде “Ассириядан” да жинап алатынын пайғамбарлық еткен (Ишая 11:12, 13, 16). Ехоба өзі уәде еткендей, “исраилдіктерді тарап кеткен халықтардың арасынан алып шықты” (Езек. 37:21). Бұл сөздерден екі маңызды жайтты аңғарамыз. Біріншіден, Ехоба тұтқындарды “Яһуда” мен “Ефрем” деп бөлек-бөлек атамай, оларды енді бір топ ретінде “исраилдіктер” деп атады. Екіншіден, мұнда исраилдіктердің бір ғана Бабыл елінен емес, түрлі халықтардың арасынан, яғни “жан-жақтан” жиналатыны айтылды.

9. Ехоба еліне оралған тұтқындарды біртұтас ету үшін не істеді?

9 Тұтқындар Исраил еліне оралғаннан кейін, Ехоба оларды біртұтас ету үшін не істеді? Ол исраилдіктердің арасында Зоробабел, бас діни қызметкер Ешуа, Езра және Нехемия сияқты рухани бағушылар тағайындады. Сондай-ақ Ехоба оларға Хагей, Зәкәрия, Малахи деген пайғамбарларды жіберді. Осы адал кісілер халықты Құдай заңдарын ұстануға талпындыру үшін бар күштерін салды (Нех. 8:2, 3). Бұған қоса, халқының жаулары қастандық ойластырғанда, Ехоба олардың жоспарларын бұзып, Исраилді қорғап отырды (Ест. 9:24, 25; Зәк. 4:6).

Ехоба халқын біртұтас ету үшін, рухани бағушылар тағайындады (9-абзацты қараңыз)

10. Шайтан ақыры өз дегеніне қалай жетті?

10 Бір өкініштісі, Ехоба исраилдіктер үшін сүйіспеншілікпен қанша шара жасаса да, олардың көбісі таза ғибадатты ұстанбай кетті. Олардың не істегендері Киелі жазбалардың тұтқындар елдеріне оралғаннан кейін жазылған кітаптарында айтылады (Езра 9:1—3; Нех. 13:1, 2, 15). Елдеріне келгелі жүз жыл өтер-өтпес, исраилдіктер таза ғибадаттан мүлдем алшақтап кетті. Тіпті Ехоба оларды: “Маған бет бұрыңдар”,— деп шақыруға мәжбүр болды (Малх. 3:7). Иса жерге келген кезде яһудилердің діні бірнеше сектаға бөлініп үлгерген еді. Ал жетекшілері болса опасыз бағушылар болатын (Мат. 16:6; Мар. 7:5—8). Шайтан бірліктің толық орнауына мұрша бермей, өз дегеніне жетті. Бірақ Ехобаның бірлікке қатысты пайғамбарлығы бәрібір орындалмақ еді. Қалайша?

“Қызметшім Дәуіт олардың патшасы болады”

11. а) Ехоба бірлік туралы пайғамбарлығына қатысты нені аян етті? ә) Шайтан көктен қуылған соң, қайтадан не істегісі келді?

11 Езекиел 37:24 оқыңыз. Ехоба өзінің бірлік туралы пайғамбарлығы “қызметшісі Дәуіт”, яғни Иса Мәсіх Патша болған кезде ғана толық орындалмақ екенін аян етті. Ал Иса Мәсіх 1914 жылы билік ете бастады * (Сам. 2-ж. 7:16; Лұқа 1:32). Бұл уақытқа дейін кәдімгі Исраилді “Құдайдың Исраилі” алмастырып қойған еді (Ерм. 31:33; Ғал. 3:29; 6:16). Шайтан көктен қуылған соң, қайтадан Құдай халқының бірлігін бұзуға көшті (Аян 12:7—10). Мысалы, 1916 жылы Расселл бауырлас қайтыс болғанда, Шайтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жолдантаюшылар арқылы майланғандардың арасына іріткі салуға тырысты. Алайда көп ұзамай жолдантаюшылар ұйымнан кетіп қалды. Шайтан алған бетінен қайтпай, ұйымға жетекшілік еткен ер бауырластарды түрмеге жапқызды. Бірақ бұл әрекеті де Ехобаның халқын құрта алмады. Майланған бауырластар Ехобаға деген адалдықтарынан айнымай, бірліктерін сақтап қалды.

12. Шайтанның рухани Исраилдің арасына іріткі салмақ болған жоспары неге іске аспай қалды?

12 Кәдімгі Исраилден айырмашылығы — рухани Исраил араларына іріткі салмақ болған Шайтанның айла-амалдарына берілмеді. Шайтанның жоспары неге іске аспай қалды? Өйткені майланған мәсіхшілер Ехобаның нормаларын барынша ұстанды. Соның арқасында олар Шайтанға қарсы соғыста жеңіске жетіп келе жатқан Патша Иса Мәсіхтің қорғанышында болды (Аян 6:2).

Ехоба қызметшілерін “біртұтас” етеді

13. Екі таяқтың бірігуі жайлы пайғамбарлық қандай маңызды шындықты айқын етеді?

13 Екі таяқтың бірігуі жайлы пайғамбарлықтың біздің күндерімізге қандай қатысы бар? Есімізде болса, бұл пайғамбарлықтың мәні екі топтың біртұтас болуы туралы еді. Бірақ бәрінен де маңыздысы, бұл бірлікті Ехобаның өзі орнатпақ еді. Ендеше, екі таяқтың бірігуі жайлы осы пайғамбарлық таза ғибадат жайлы мына бір маңызды шындықты айқын етеді: Ехобаның өзі қызметшілерін “біртұтас” етеді (Езек. 37:19).

14. Екі таяқтың бірігуі жайлы пайғамбарлық 1919 жылдан бастап кең көлемде қалай орындала бастады?

14 1919 жылдан бастап, яғни Құдай халқы рухани тазарып, рухани жұмаққа аяқ басқаннан кейін, екі таяқтың бірігуі жайлы пайғамбарлық кең көлемде орындала бастады. Сол уақытта біріккен Құдай халқының басым бөлігі көкте патша әрі діни қызметкер болуға үмітті еді (Аян 20:6). Бейнелеп айтқанда, бұл майланғандар “Яһуданың” таяғы, яғни Дәуіттен тараған патшалар мен Леуіден тараған діни қызметкерлерден тұратын халық еді. Алайда уақыт өте бұл рухани яһудилерге жерде өмір сүруге үміттенетін адамдар көптеп қосылды. Бұл адамдар “Ефрем таяғын”, яғни араларында Дәуіттен тараған патшалар мен Леуіден тараған діни қызметкерлер болмайтын халықты білдірді. Бұл екі топ Ехобаның халқы ретінде бір Патшаның, Иса Мәсіхтің, қол астында бірлікте қызмет етуде (Езек. 37:24).

“Олар менің халқым болмақ”

15. Езекиел 37:26, 27-де айтылған пайғамбарлық бүгінде қалай орындалып жатыр?

15 Езекиелдің пайғамбарлығынан көрінетіндей, майланғандарға көп адам қосылып, бәрі бірге таза ғибадат ететін болады. Ехоба өз халқының санын көбейтетініне нұсқап: “Оларды... өсіріп-өндіремін”,— деген. Сондай-ақ: “Киелі шатырым солардың үстінде болады”,— деп айтқан (Езек. 37:26, 27). Бұл сөздер Езекиелден кейін шамамен 700 жылдан соң өмір сүрген елші Жоханның пайғамбарлығын есімізге салады. Ол тақта отырған Құдай “ұлы жамағаттың” “үстінен өз шатырын тігетінін” айтқан (Аян 7:9, 15). Бүгінде майланғандар мен ұлы жамағат бір халық ретінде Құдайдың шатырының астынан пана табуда.

16. Рухани Исраил мен жерде өмір сүруге үміттенетін адамдардың бірігетініне қатысты Зәкәрия қандай пайғамбарлық айтты?

16 Отанына оралған тұтқындардың арасында болған Зәкәрия да рухани яһудилер мен жерде өмір сүруге үміті бар адамдардың бірігетіні туралы пайғамбарлық еткен. Ол былай деген: “Барлық халықтардан шыққан он адам яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтін болады” (Зәк. 8:23). Мұндағы “яһуди” деген сөз жеке бір адамға емес, көп адамға, яғни “халыққа” нұсқайды. Бұл “халық” бүгінде майланғандардың тамтығын, яғни рухани яһудилерді бейнелейді (Рим. 2:28, 29). Ал “он адам” жерде өмір сүруге үміті бар адамдарды білдіреді. Олар майланғандардың “етегіне жармасып”, олардың соңынан ереді (Ишая 2:2, 3; Мат. 25:40). Тармақтағы “етегіне жармасып” және “сенімен барамыз” деген сөздер екі топтың толықтай бірлікте болатынына нұсқайды.

17. Иса бүгінде арамызда орнаған бірлікті қалай сипаттаған?

17 Иса өзінің қойлары (майланғандар) мен “басқа қойлар” (жерде өмір сүруге үміттенетіндер) бір бағушысы бар “бір отар” болатындығын айтқанда, Езекиелдің осы пайғамбарлығын ойда тұтса керек (Жох. 10:16; Езек. 34:23; 37:24, 25). Исаның осы сөздері мен ежелде пайғамбарлардың айтып кеткендері көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік — бәріміздің арамыздағы таңғажайып бірлікті тамаша сипаттайды! Жалған дін сансыз көп ағымдарға тармақталып, жік-жікке бөлініп жатқанда, біз ғажайып бірліктің құшағында тату-тәтті өмір кешудеміз.

Бүгінде майланғандар мен ұлы жамағат “бір отар” ретінде Ехобаға бірлікте ғибадат етіп жүр (17-абзацты қараңыз)

“Ғибадатханамды араларына мәңгіге орнатамын”

18. Езекиел 37:28-ден көрінетіндей, Құдай халқының “осы дүниелік” болмауы неге маңызды?

18 Бірлікке қатысты айтқан пайғамбарлығының соңында Езекиел біздің арамыздағы бірліктің мызғымастай берік болатынына назар аударды (Езекиел 37:28 оқыңыз). Құдай халқының арасындағы бірліктің сыры — олардың “араларына” Ехобаның ғибадатханасы, яғни таза ғибадат орнаған. Олар өздерін киелі сақтаса ғана, яғни өздерін Шайтанның дүниесінен бөлек ұстаған жағдайда ғана, бұл ғибадатхана араларында қала бермек (Қор. 1-х. 6:11; Аян 7:14). Иса да осы дүниелік болмаудың маңыздылығын ерекше атап өткен. Өлер алдындағы түні шәкірттері үшін бар жүрегімен дұға айтқан кезде ол: “Киелі Әке... оларды қорғай көр. Осылай... олар бірлікте болсын... Олар осы дүниелік емес. Оларды шындығың арқылы қасиетті ете көр”,— деген (Жох. 17:11, 16, 17). Исаның “бірлікте болу” мен “осы дүниелік” болмауды қалай байланыстырғаны — назар аударарлық жайт.

19. а) “Құдайға еліктейтінімізді” қалай көрсете аламыз? ә) Өлер алдындағы түні Иса бірлікке қатысты қандай маңызды жайтқа назар аударды?

19 Исаның Құдайды “Киелі Әке” деп атағаны тек осы тармақта ғана кездеседі. Расында да, Ехоба — шексіз таза әрі әділ Құдай. Ол ежелде Исраилге: “Мен киелі болғандықтан, сендер де киелі болыңдар”,— деп бұйырған (Мұс. 3-ж. 11:45). “Құдайға еліктейтіндіктен”, біз де оның осы бұйрығын орындап, барлық жағынан киелі болғымыз келеді (Ефес. 5:1; Пет. 1-х. 1:14, 15). “Киелі” сөзі адамдарға қатысты қолданылған кезде әдетте “бөлектеп алу” деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да өлер алдындағы түні Иса шәкірттері өздерін жік-жікке бөлінген осы дүниеден бөлек ұстаса ғана, бірліктерін сақтай алатындарына назар аударған.

“Оларды... Зұлымнан қорғай көр”

20, 21. а) Құдайдың бізді қорғайтынына деген сенімімізді не нәрсе нығайтады? ә) Сіз не нәрсеге бекіндіңіз?

20 Бүгінде жержүзіндегі Ехоба куәгерлерінің арасындағы тамаша бірлік — Ехоба Исаның “оларды... Зұлымнан қорғай көр” деген өтінішіне жауап бергенінің дәлелі (Жохан 17:14, 15 оқыңыз). Құдай халқының бірлігін ойран еткісі келген Шайтанның әрекетінен түк шықпағаны Ехоба бізді қорғайтынына деген сенімімізді одан сайын нығайтады. Езекиелдің пайғамбарлығында екі таяқ Ехобаның қолында біртұтас болатыны айтылған еді. Халқын керемет түрде біріктіріп, қорғап отырған Ехобаның өзі болғандықтан, Шайтан өз дегеніне жете алмайды.

21 Олай болса, арамыздағы баға жетпес бірлікке өз үлесімізді қосу үшін әрі қарай да аянбай күш салайық. Бұл үшін әрқайсысымыз Ехобаның рухани ғибадатханасында үнемі таза ғибадат етіп жүруіміз керек. Бұл ғибадат нені қамтитынын келесі екі тараудан білетін боламыз.

^ 7-абзац Езекиел осы пайғамбарлықты алардан екі ғасырдай бұрын, он рулы патшалықтың адамдары (“Ефрем таяғы”) Ассирияға жер аударылып кеткен болатын (Пат. 2-ж. 17:23).

^ 11-абзац Бұл пайғамбарлық осы басылымның 8-тарауында егжей-тегжейлі қарастырылған.