Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Өмірден өткен адамдарға арналған нағыз үміт

Өмірден өткен адамдарға арналған нағыз үміт
  • Қайта тірілудің шынымен болатынын біз қайдан білеміз?

  • Ехобаның өлілерді қайта тірілтуге ықыласы бар ма?

  • Кімдер қайта тіріледі?

1—3. Бәрімізді қандай жау қуып келеді және Киелі кітаптың қандай ілімі бізге жеңілдік береді?

МЫНАДАЙ жағдайды елестетіп көрші: сен қаскүнем жауыңнан жан ұшыра қашып келесің. Ол сенен әлдеқайда күшті әрі жылдам. Сондай-ақ сен оның жауыз екенін білесің, өйткені ол достарыңның кейбірін өлтірген. Қаншалықты жылдам жүгіргеніңе қарамастан, жауың жақындап келеді. Саған ешбір үміт жоқ сияқты көрінеді. Алайда алдыңнан құтқарушы шыға келеді. Ол сенің жауыңнан әлдеқайда күшті, әрі саған көмектесуді уәде етеді. Осындайда қандай жеңілдік сезінесің десеңші!

2 Қандай да бір мағынада, сені осындай жау өкшелеп қуып келеді. Ол сенің ғана емес, бәріміздің де соңымызға түскен. Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Киелі кітапта өлім жау деп аталған. Ешқайсымыз одан қашып құтыла да, оны жеңе де алмаймыз. Ол көпшілігіміздің жақын адамдарымызды жалмаған. Бірақ Ехоба өлімнен әлдеқайда құдіретті. Ол — осы жауды жеңе алатынын дәлелдеген сүйіспеншілікке толы Құтқарушы. Сондай-ақ ол осы жауды — өлімді — біржола жоюды уәде етеді. Киелі кітапта былай делінген: “Жойылатын соңғы жау — өлім” (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Ізгі хабар деп осыны айт!

3 Жақын адамның қайтыс болғаны бізге қалай әсер ететінін қысқаша қарастырып көрейік. Бұлай еткеніміз бақыт сыйлайтын үмітті бағалай түсуімізге көмектеседі. Ехоба өлілер қайта өмір сүретін болады деп уәде етеді (Ишая 26:19). Оларға қайтадан өмір сыйланады. Бұл қайта тірілу арқылы жүзеге асады.

ЖАҚЫН АДАМЫҢ ӨМІРДЕН ӨТКЕНДЕ

4. а) Неге Исаның жақын адамның өлімін қалай қабылдағанынан Ехобаның сезімдері туралы білуге болады? ә) Кімдер Исаның жақын достары болған?

4 Бәлкім, сен жақын адамыңнан айырылған боларсың? Жанға батқан қасірет, көңілге ұялаған мұң, дәрменсіздік сезімі — осының бәрі көтере алмастай ауыр болып көрінетін шығар. Осындай шақтарда Құдай Сөзінен жұбаныш іздеген абзал (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқы). Киелі кітап Ехоба мен Исаның өлімге қалай қарайтынын түсінуімізге көмектеседі. Жақын адамнан айырылудың қандай қасірет әкелетіні Әкесінің кемелді кейпі болған Исаға беймәлім емес еді (Жохан 14:9). Ол Иерусалимде болған кездерінде жақын арадағы Бетанияда тұратын Елазарға және оның әпкелері Мәриям мен Мартаға барып тұратын. Олар достасып кеткен болатын. Киелі кітапта: “Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көретін”,— делінген (Жохан 11:5). Алайда, алдыңғы тараудан көргеніміздей, Елазар қайтыс болады.

5, 6. а) Иса Елазардың қайғыға батқан отбасы мен достарын көргенде не істеді? ә) Исаның қайғырғаны неге бізді жігерлендіреді?

5 Досы қайтыс болғанда, Иса не сезінді? Киелі кітапта туыстары мен достары Елазарды жоқтап қайғырып жатқанда, Исаның келгені айтылған. Оларды көріп Исаның көңілі алай-түлей болады. Ол “іштей күңіреніп, толқып кетеді”. Сосын, Жазбаларда “Исаның көзіне жас алғаны” айтылған (Жохан 11:33, 35). Иса шарасыздықтан қайғырды ма? Әрине, жоқ. Ол қандай да бір ғажайып нәрсенің болуы керек екенін білген (Жохан 11:3, 4). Соған қарамастан, бұл өлім оның жанына батты.

6 Исаның қайғырғаны, қандай да бір мағынада, бізді жігерлендіреді. Өйткені бұдан Иса мен оның Әкесі Ехобаның өлімді жек көретінін білуге болады. Ехоба Құдайдың өлімді жеңуге күші жетеді! Оның Исаға қандай құдірет бергенін қарастырып көрейікші.

“ЕЛАЗАР, ШЫҚ!”

7, 8. Неге адами тұрғыдан Елазар үшін ешқандай үміт жоқ болып көрінді, бірақ Иса не істеді?

7 Елазардың сүйегі жерленіп қойылған еді, бірақ Иса үңгірдің аузындағы тасты алуды сұрайды. Марта мәйіттің қабірге қойылғанына төрт күн болғандықтан, иістеніп бара жатқанын айтып, қарсылық білдіреді (Жохан 11:39). Адами тұрғыдан қарағанда, енді қандай да бір үміттің болуы мүмкін бе?

Елазардың қайта тірілгені зор қуаныш әкелді (Жохан 11:38—44).

8 Сонымен, тас алынады да, Иса қатты дауыстап: “Елазар, шық!”— дейді. Сосын не болды? “Марқұм қабірден шықты!” (Жохан 11:43, 44). Сондағы жұрт қалайша қуанды десеңші! Елазар бірінің бауыры, бірінің туысы, досы немесе көршісі болған ғой, әрі оның қайтыс болғанын бәрі білетін. Ал енді сол бір абзал жан қайтадан араларында тұр. Олар өз көздеріне өздері сенбесе керек. Көбісінің қуаныштары қойындарына сыймай, Елазарды құшағына алғаны сөзсіз. Өлімді жеңу деп осыны айт!

Ілияс жесір әйелдің ұлын қайта тірілткен (Патшалар 1-жазба 17:17—24).

9, 10. а) Иса Елазарды кімнің құдіретімен қайта тірілтетінін қалай көрсетті? ә) Қайта тірілу туралы Киелі кітаптағы үзінділерді оқудың қандай пайдасы бар?

9 Иса осы таңғажайып кереметті өз құдіретімен істегендей болып көрінгісі келген жоқ. Ол мұны Ехобаның құдіретімен істейтінін Елазарды шақырмас бұрын айтқан дұғасында анық байқатты (Жохан 11:41, 42 оқы). Бұған дейін де, кейін де Ехобаның өз күшін өлілерді тірілту үшін қолданған кездері болған. Елазардың қайта тірілуі — Құдай Сөзінде жазылған осындай тоғыз кереметтің біреуі ғана *. Осындай үзінділерді оқу жанға жай береді. Олардан Құдайдың ешкімді алаламай, адамдарды жасына да, жынысына да, ұлтына да қарамастан қайта тірілткенін көруге болады. Онда қандай қуаныш суреттелген десеңші! Мысалы, Иса бір кішкентай қызды қайта тірілткенде, оның ата-анасы қайран қалып, қатты қуанды (Марқа 5:42). Иә, Ехоба оларға өмір-бақи ұмытылмайтын зор қуаныш сыйлады.

Елші Петір мәсіхші жесір әйел Табитаны қайта тірілткен (Елшілердің істері 9:36—42).

10 Рас, Иса қайта тірілткен адамдар кейінірек қайтадан өлді. Алайда бұл мағынасыз қайта тірілту болған дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Киелі кітаптағы осы үзінділер маңызды шындықтарды дәлелдейді, әрі үміт береді.

ҚАЙТА ТІРІЛУ ТУРАЛЫ ҮЗІНДІЛЕРДЕН НЕ БІЛЕМІЗ?

11. Қалай Елазардың қайта тірілгені туралы мәлімет Уағыздаушы 9:5-тегі сөздерді дәлелдейді?

11 Киелі кітап өлілер “ештеңені білмейді” деп үйретеді. Өлілер сана-сезімі бар аруаққа айналып әлдебір жерде өмір сүрмейді, олар тіршіліктен ғайып болады. Бұл Елазардың жағдайынан анық көрінеді. Қайта тірілген Елазар көкте не болғанын суреттеп, жұрттың көңілін толқытты ма? Бәлкім, тозақ туралы қорқынышты әңгімелер айтып, олардың зәресін ұшырған шығар? Жоқ. Киелі кітапта Елазардың мұндай әңгімелер айтқаны жөнінде еш мәлімет жоқ. Өлі болған төрт күн бойы ол “ештеңені білмеген” (Уағыздаушы 9:5). Елазар жай ғана өлім ұйқысында жатты (Жохан 11:11).

12. Неге біз Елазардың шынымен қайта тірілгеніне сенімді бола аламыз?

12 Сондай-ақ Елазар туралы оқиғадан қайта тірілудің ертегі емес, шындық екендігін білеміз. Исаның оны тірілткенін көп адам өз көздерімен көрген. Тіпті Исаны жек көрген дінбасылары да сол кереметті жоққа шығармаған. Керісінше, олар: “Не істейміз? Бұл адам көптеген кереметтер жасауда”,— деген (Жохан 11:47). Қайта тірілген Елазарды көруге біраз адам келген. Нәтижесінде, олардың көбі Исаға сене бастаған. Елазардың тірі болуы олар үшін Исаны Құдай жібергендігінің дәлелі болды. Мұның анық болғаны соншалық — кейбір тас жүрек яһуди дінбасылары Исаны да, Елазарды да өлтірудің жолын іздестірген (Жохан 11:53; 12:9—11).

13. Ехобаның өлілерді қайта тірілте алатынына сенуге қандай негіз бар?

13 Қайта тірілуге сену ойға қонымды ма? Әрине, өйткені Иса “есте сақтау қабірдегілердің бәрі” қайта тірілетінін айтқан ғой (Жохан 5:28, сілтемені қара). Барлығына тіршілік берген Ехоба. Олай болса, оның адамды қайта жарата алатынына күмәндануымыз керек пе? Әрине, көп нәрсе Ехобаның есте сақтау қабілетіне байланысты болады. Осыған орай: “Ол өмірден өткен сүйікті адамдарымызды есінде сақтай ала ма?”— деген сұрақ туындайды. Ғаламда сансыз жұлдыз бар, сөйтсе де Құдай олардың әрқайсысын өз атымен атайды! (Ишая 40:26). Сол сияқты Ехоба Құдай біздің өмірден өткен сүйікті адамдарымыздың әрбір ерекшелігін есте сақтай да, оларды қайта тірілте де алады.

14, 15. Әйүптің айтқан сөздерін ескерер болсақ, Ехобаның өлілерді қайта тірілтуге деген ықыласы бар ма?

14 Алайда Ехобаның өлілерді қайта тірілтуге деген ықыласы бар ма? Киелі кітап ол өлілерді тірілтуді қатты қалайды деп үйретеді. Адал кісі Әйүп: “Адам өлсе, қайтадан өмір сүре ала ма?”— деп сұраған. Әйүп Құдайдың есіне алатын кезі келгенше, қабірде күтіп жататыны жөнінде айтқан. Ол Ехобаға былай деді: “Ал сен шақырғанда жауап беремін. Сен өз қолыңнан шыққан жаратылысты көруді аңсайсың” (Әйүп 14:13—15).

15 Ойлап көрші, Ехоба өлілерді тірілтуді аңсайды! Бұл жүрекке жылу береді емес пе!? Алайда кімдер қайта тіріледі және олар қайда өмір сүреді?

“ҚАБІРДЕГІЛЕРДІҢ БӘРІ”

16. Өмірден өткендер қандай дүниеде өмір сүру үшін тіріледі?

16 Киелі кітаптағы қайта тірілу туралы үзінділерден келешектегі қайта тірілуге қатысты көп нәрсе білуге болады. Бұрындары қайта тірілгендер сүйікті адамдарымен осында, яғни жер бетінде, қауышқан еді. Алдағы қайта тірілу кезінде де солай болады, бірақ ондағы жағдай әлдеқайда жақсы болмақ. 3-тараудан білгеніміздей, Құдайдың еркі — бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыру. Сондықтан өмірден өткендер соғыс, қылмыс пен ауру жайлаған дүниеде өмір сүру үшін тірілмейді. Оларға тыныштық орнаған жер бетінде мәңгі әрі бақытты өмір кешуге мүмкіндік беріледі.

17. Қайта тірілу қаншалықты ауқымды болады?

17 Кімдер қайта тіріледі? Иса: “қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады”,— деген (Жохан 5:28, 29). Келесі тармақта осыған ұқсас ой айтылған: “Сонда теңіз өзіндегі өлілерді берді, өлім мен көр де [сөзбе-сөз гадес] өздеріндегі өлілерді берді” (Аян 20:13, сілтемені қара). Мұндағы гадес адамзаттың жалпы моласын білдіреді. (Қосымшаның “Шеол және гадес деген не?” деп аталатын тақырыбын қара.) Өлім ұйқысында жатқан миллиардтаған адамдар қайта тіріліп, сол жалпы мола қаңырап бос қалады. Елші Пауыл: “Құдай... әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтеді”,— деген (Елшілердің істері 24:15). Мұны қалай түсінуге болады?

Жұмақта өлілер түрегеліп, сүйікті адамдарымен қайта қауышады

18. Қайта тірілетін “сенушілерге”, немесе әділдерге, кімдер кіреді және бұл үміттің жеке саған қандай қатысы болуы мүмкін?

18 “Әділдерге” Киелі кітапта есімдері жазылған Иса жерге келгенге дейін өмір сүрген адамдардың көбісі кіреді. Бәлкім, сенің ойыңа Нұх, Ыбырайым, Сара, Мұса, Рут, Естер және көптеген басқа адамдар келген болар. Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында Құдайға деген сенімдері берік осы адамдардың кейбірінің есімдері атап өтілген. Бірақ әділдерге біздің күндерімізде өмірден өткен Ехобаның адал қызметшілері де кіреді. Қайта тірілуге деген үмітіміз болғандықтан біз өлімнен шошына қорықпаймыз (Еврейлерге 2:15).

19. “Күнәкарлар”, немесе әділетсіздер, деген кімдер және Ехоба мейірімділікпен оларға қандай мүмкіндік береді?

19 Ал Ехоба туралы естіп-білмегендіктен оған қызмет етпей немесе мойынсұнбай, өліп кеткендер жөнінде не деуге болады? Миллиардтаған осындай “әділетсіздер” де ұмыт қалмайды. Мұндай адамдар да қайта тіріледі, сөйтіп, оларға шынайы Құдайды танып біліп, оған қызмет етуге уақыт беріледі. Мың жыл аралығында өлілер қайта тіріліп, олар үшін жер бетіндегі адал адамдармен бірге Ехобаға қызмет ету мүмкіндігі туады. Бұл бір керемет кезең болмақ. Аталмыш кезең Киелі кітапта Сот күні * деп аталады.

20. Жаһаннам деген не және ол жерге кімдер барады?

20 Бұл өмір сүрген адамдардың бәрі жаппай қайта тіріледі дегенді білдіре ме? Жоқ. Жазбаларда өлген адамдардың кейбірі қазақша Киелі кітапта “тозақ” деп аударылған жаһаннамға (геенна) баратыны айтылған (Лұқа 12:5). Бұл атау ежелгі Иерусалимнің сыртындағы қоқыс тастайтын жердің атауынан шыққан. Ол жерде өліктердің сүйегі мен түрлі қоқыс өртелетін. Онда яһудилер көмуге және қайта тірілуге лайықсыз деп есептейтін адамдардың мәйіті лақтырылатын. Сондықтан жаһаннам — мәңгіге жойылудың лайықты бейнесі. Тірілер мен өлілерді Иса соттайтын болғанмен, соңғы төрелікті Ехоба айтады (Елшілердің істері 10:42). Ол зұлым әрі өзгергісі келмеген адамдарды ешқашан қайта тірілтпейді.

КӨКТЕ ӨМІР СҮРУ ҮШІН ҚАЙТА ТІРІЛУ

21, 22. а) Тағы қандай қайта тірілу бар? ә) Рухани өмірге бірінші болып қайта тірілген кім?

21 Киелі кітапта басқа қайта тірілудің болатыны да айтылған. Бұл — рухани жаратылыстар ретінде көкте өмір сүру үшін қайта тірілу. Киелі кітапта мұндай қайта тірілудің бір-ақ мысалы бар. Ол — Иса Мәсіхтің мысалы.

22 Иса өлгеннен кейін, Ехоба адал Ұлының молада қалуына жол бермеді (Зәбүр 16:10; Елшілердің істері 13:34, 35). Ол Исаны қайта тірілтті, бірақ адам ретінде емес. Елші Петір Мәсіхтің “тәнінде өлтіріліп, рухани денемен тірілгенін” айтты (Петірдің 1-хаты 3:18). Расында да, бұл зор керемет болған. Иса қайтадан құдіретті рухани тұлға ретінде тірілді! (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—6 оқы). Ол осындай мәртебені бірінші болып иеленді (Жохан 3:13). Бірақ Иса соңғысы болған жоқ.

23, 24. “Кішкентай қораны” кімдер құрайды және олардың саны қанша болмақ?

23 Өлерінен аз уақыт бұрын Иса адал ізбасарларына көкке оралып, оларға “орын дайындап” қоятынын айтты (Жохан 14:2). Ол көкке баратын шәкірттерін “кішкене отар” деп атады (Лұқа 12:32). Сол салыстырмалы түрде шағын топтан тұратын адал мәсіхшілердің саны қанша болмақ еді? Аян 14:1-де елші Жохан былай деген: “Сосын қарадым да, Сион тауында тұрған Тоқтыны көрдім. Қасында маңдайларына Тоқтының есімі мен оның Әкесінің есімі жазылған 144 000 тұр екен”.

24 Исаның адал елшілерін қоса алғанда, осы 144 мың мәсіхші көкте өмір сүру үшін қайта тіріледі. Қашан? Елші Пауылдың сөздеріне сай, бұл Мәсіх патша ретінде таққа отырғанда жүзеге асу керек (Қорынттықтарға 1-хат 15:23). 9-тараудан көретініміздей, біз қазір сол уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінде 144 мыңның жердегі азғана тамтығының бірі қайтыс болса, бірден көктегі өмірге қайта тірілтіледі (Қорынттықтарға 1-хат 15:51—55). Алайда адамдардың басым көпшілігі үшін жердегі жұмақта қайта тірілу үміті бар.

25. Келесі тарауда не талқыланады?

25 Иә, біздің қас жауымыз — өлімді Ехоба түптамырымен құртады, ол мәңгіге жойылады! (Ишая 25:8 оқы). Бірақ сен: “Көкте өмір сүру үшін қайта тірілгендер онда не істейді?”— деп таңырқайтын боларсың. Олар көктегі керемет үкіметтің құрамында болады. Бұл үкімет жөнінде біз келесі тараудан көбірек білеміз.

^ 19-абзац Сот күні мен адамдардың не нәрсеге негізделіп сотталатыны туралы қосымшаның “Сот күні деген не?” деп аталатын тақырыбынан көбірек мәлімет алуға болады.