Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

43-ТАРАУ

Дәуіт патшаның күнәсі

Дәуіт патшаның күнәсі

Саул өлгеннен кейін, Дәуіт патша болды. Оның жасы 30-да еді. Бірнеше жылдан кейін ол өте бір ауыр күнә жасады. Түнде ол сарайының төбесінен қарап тұрғанда, бір әдемі әйелді көріп қалды. Дәуіт әйелдің аты Барсабия екенін және соғыста жүрген Ұрия деген күйеуі бар екенін біліп алды. Сосын ол Барсабияны сарайына шақыртып, онымен жыныстық қатынасқа түсті. Барсабия жүкті болып қалды. Дәуіт не істегенін ешкімге айтпай, жасырып қалғысы келді. Сондықтан әскербасына Ұрияны шайқастың қызып тұрған жеріне қойып, жалғыз қалдыруды бұйырды. Содан Ұрия шайқаста қайтыс болды, ал Дәуіт оның әйелі Барсабияға үйленді.

Бірақ Ехоба Дәуіттің жаман істерінің бәрін көріп тұрды. Ехоба не істеді, білесің бе? Ол Дәуітке Натан деген пайғамбарын жіберді. Натан Дәуітке былай деді: “Бір байдың көп қойы болыпты. Ал кедей кісінің жалғыз қозысы бар екен. Ол қозысын қатты жақсы көретін. Бір күні бай кісі кедейдің сол жалғыз қозысын тартып алыпты”. Сонда Дәуіт ашуланып: “Бай кісіні өлтіру керек!”— деді. Натан болса оған: “Сол бай кісі — сенсің!”— деп жауап берді. Дәуіт қатты өкініп: “Мен Ехобаға қарсы күнә жасадым”,— деп мойындады. Жасаған күнәсінің кесірінен Дәуіт те, отбасы да көп қиындық көрді. Ехоба Дәуітті жазалады, бірақ жүрегі таза әрі кішіпейіл болғандықтан оны өлтірмеді.

Дәуіт Ехобаға арнап ғибадатхана соққысы келді. Бірақ Ехоба ғибадатхананы Дәуіт емес, оның ұлы Сүлеймен соғатынын айтты. Сонда Дәуіт Сүлеймен үшін құрылысқа қажетті заттар дайындай бастады. Ол: “Ғибадатхана өте әдемі болу керек. Сүлеймен болса әлі жас, сондықтан мен оған құрылысқа қажетті заттар дайындауға көмектесемін”,— деді. Дәуіт өзінің көп ақшасын құрылысқа садақа етті. Ол шебер жұмысшылар тапты, алтын-күміс жинады, Тир және Сидон деген жерлерден қарағайлар әкелдірді. Ал қайтыс боларының алдында Дәуіт Сүлейменге ғибадатхананың жобасын берді. Ол былай деді: “Бұны Ехоба саған арнап жасатты. Ехоба саған көмектеседі. Еш қорықпа. Батыл да берік болып, іске кіріс”.

“Күнәларын жасырған өркендемес, ал мойындап, оларды тастаған рақым көрер” (Нақыл сөздер 28:13).