34-ТАРАУ
Гедеон мадияндықтарды жеңді
Уақыт өте исраилдіктер қайтадан Ехобаға емес, жалған құдайларға табына бастады. Соның кесірінен мадияндықтар жеті жыл бойы исраилдіктердің малдарын ұрлап, астықтарын жойып тастап жүрді. Исраилдіктер болса аман қалу үшін үңгірлер мен тауларға барып жасырынатын. Содан олар Ехобадан құтқаруын сұрап жалбарынды. Сонда Ехоба Гедеон деген жігітке періштесін жіберді. Періште оған: “Ехоба сені мықты сарбаз етуге таңдады”,— деді. Гедеон болса: “Мен кіммін сонша? Исраилді қалай құтқарамын?”— деді.
Гедеон Ехобаның өзін таңдағанына қалай көз жеткізбек еді? Ол азғана қойдың жүнін алып, жерге жайып қойды да Ехобаға: “Егер таңертең жүнге шық түсіп, ал жер құрғақ күйі қалса, Исраилді құтқару үшін мені таңдағаныңды білетін боламын”,— деді. Келесі күні таңертең жүнге шық түсіп, су болып кетті, ал жер құрғақ болды! Бірақ Гедеон Құдайдан: “Енді ертең таңертең шық жерге түсіп, ал жүн құрғақ күйінде қалсыншы”,— деп сұрады. Өтініші орындалғанда, Ехобаның өзін таңдағанына
Гедеонның көзі жетті. Сонда ол мадияндықтармен шайқасу үшін әскерін жинады.Ехоба Гедеонға: “Мен саған жеңіс сыйлаймын. Бірақ сарбаздарың тым көп болғандықтан, өз күшімізбен жеңдік деп ойлап жүрерсіңдер. Сондықтан кім қорқып тұрса, үйіне қайтсын”,— деді. Сонда 22 мың сарбаз үйлеріне қайтып кетіп, 10 мыңы ғана қалды. Бірақ Ехоба Гедеонға: “Сарбаздарың әлі де көп. Оларды судың жағасына апар. Сол жерден су ішсін. Жаудың бар-жоғын бақылап тұрып су ішкен сарбаздарды өзіңмен қалдыр”,— деді. 300 адам ғана солай істеді. Ехоба осы аз ғана сарбаздың 135 мың мадияндықты жеңетінін уәде етті.
Сол түні Ехоба Гедеонға: “Бар да, мадияндықтармен соғыс!”— деді. Гедеон сарбаздарына бір-бір керней және алау салынған үлкен құмыра берді. Сосын оларға: “Маған қарап, не істесем, соны істеңдер”,— деді. Гедеон кернейін тартты да, құмырасын сындырып, ішіндегі алауын бұлғап: “Ехоба мен Гедеонның семсері!”— деп айғайлады. 300 сарбаздың бәрі солай істеді. Сонда мадияндықтар қатты қорқып, жан-жаққа қаша жөнелді. Осындай аласапыранда олар бір-бірімен соғыса бастады. Осылайша Ехоба исраилдіктерге тағы да жауларын жеңуге көмектесті.
“Адам күшінен асқан күш өзіміздікі емес, Құдайдікі екені анық” (Қорынттықтарға 2-хат 4:7).