Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

89-ТАРАУ

Петір Исаны танитынын мойындамады

Петір Исаны танитынын мойындамады

Иса елшілерімен жоғарғы бөлмеде болған кезде, оларға: “Бүгін түнде барлығың мені тастап кетесіңдер”,— деген еді. Сонда Петір: “Тек мен емес! Бәрі тастап кетсе де, мен сізді ешқашан тастамаймын”,— деген болатын. Бірақ Иса оған былай деп айтқан: “Әтеш шақырғанша, сен үш рет мені танымаймын деп айтасың”.

Сонымен, сарбаздар Исаны Қаяпаның үйіне әкетіп бара жатқанда, елшілердің көбісі қашып кетті. Тек екеуі ғана тобырдың соңынан ілесіп отырды. Сол екі елшінің бірі Петір еді. Ол Қаяпаның үйіндегі ішкі аулаға барып, отқа жылынып тұрды. Сол кезде бір қызметші қыз жарықта Петірдің түрін танып: “Мен сені білемін! Сен Исамен бірге жүруші едің ғой!”— деді. Сонда Петір: “Жоқ, ол — мен емес! Сенің не айтып тұрғаныңды білмеймін!”— деді. Сосын ол қақпаға қарай жүрді. Көп ұзамай басқа қызметші қыз оны көргенде, қасындағыларға: “Мына кісі Исамен бірге жүретін!”— деді. Ал Петір: “Мен тіпті Исаның кім екенін де білмеймін!”— деді. Сонда бір ер адам оған былай деді: “Сен солардың бірісің! Сен де Иса сияқты ғалилеялықсың ғой, қалай сөйлегеніңнен-ақ көрініп тұр”. Бірақ Петір: “Шын айтамын, мен ол кісіні танымаймын!”— деп мойындамады.

Бір кезде әтеш шақырды. Сол сәтте Петір өзіне бұрылып қарап тұрған Исаны көріп қалды. Сонда Петірдің есіне оның айтқан сөздері түсті. Ол сыртқа шығып, өкіріп жылады.

Ал сол аралықта Исаны соттау үшін Жоғарғы кеңес Қаяпаның үйінде жиналды. Олар Исаны өлтіруді шешіп қойған еді. Тек соны істеу үшін себептер іздестіріп жатты. Бірақ олар Исаға қарсы ештеңе таба алмады. Ақырында, Қаяпа Исадан: “Сен Құдайдың Ұлысың ба?”— деп ашық сұрады. Иса: “Иә, мен солмын”,— деп жауап берді. Сонда Қаяпа: “Бұдан басқа қандай дәлел керек? Ол Құдайды қорлап тұр ғой!”— деді. Сонда Жоғарғы кеңес: “Бұл адам өлу керек!”— деді. Олар Исаны шапалақпен ұрып, оған түкірді. Сосын көзін байлап, ұрды да: “Пайғамбар болсаң айтшы, сені ұрған кім?”— десті.

Таң ата бастағанда, олар Исаны Жоғарғы кеңес залына шығарып: “Сен Құдайдың Ұлысың ба?”— деп қайтадан сұрады. Иса: “Мен екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар”,— деді. Олар Иса Құдайды қорлап жатыр деп кінәлап, Рим әміршісі Понти Пилатқа алып кетті. Ол жақта не болды? Кел, көрейік.

“Әрқайсысың үйді-үйіңе қашып кетіп, мені жалғыз қалдыратын уақыт... келіп те қойды. Бірақ мен жалғыз емеспін, себебі Әкем менімен бірге” (Жохан 16:32).