91-ТАРАУ
Иса қайта тірілді
Иса қайтыс болғаннан кейін, Жүсіп деген бай кісі Пилатқа барды. Ол Исаның денесін бағанадан түсіріп алуға рұқсат сұрады. Сосын Жүсіп Исаның денесін хош иісті заттар салынған сапалы зығыр матаға орап, жаңа қабірге жатқызды. Ал қабірдің аузын ауыр таспен жауып тастады. Жоғарғы діни қызметкерлер Пилатқа келіп былай деді: “Елшілер Исаның денесін алып кете ме деп қорқамыз. Кейін олар Исаны қайта тірілді деп жүрер”. Сонда Пилат оларға: “Қабірдің аузын бекітіп, күзетшілер қойыңдар”,— деді.
Үш күннен кейін таңертең ертелеп сол қабірге бірнеше әйел келді. Сөйтсе, қабірдің аузындағы тас жоқ! Ішіне кіріп қараса, бір періште отыр екен. Ол былай деді: “Қорықпаңдар. Иса қайта тірілді! Оның елшілеріне барып, Исаны Ғалилеяда көретіндерін айтыңдар”.
Сонда мағдалалық Мәриям Петір мен Жоханға жеткенше асықты. Мәриям оларға: “Біреу Исаның денесін алып кетіпті!”— деді. Петір мен Жохан жалма-жан қабірге қарай жүгірді. Олар келіп, қабірдің бос екенін көрді. Сосын үйлеріне қайтып кетті.
Кейін Мәриям қабірге қайтып келді. Ол қабірдің ішінде екі періштені көрді. Мәриям оларға: “Иемді қайда алып кеткендерін білмеймін”,— деді. Сосын ол бір кісіні көрді. Оны бағбан екен деп ойлап қалған Мәриям: “Мырза, оны қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы”,— деді. Бірақ әлгі кісі: “Мәриям!”— деді. Сонда Мәриям оның Иса екенін танып: “Ұстаз!”— деп айғайлап, құшақтай кетті. Иса оған: “Менің бауырларыма барып, мені көргеніңді айт”,— деді. Мәриям бірден шәкірттерге жүгіріп барып, Исаны көргенін айтты.
Сол күні кеш батқанда, екі шәкірт Иерусалимнен шығып, Еммаус деген ауылға бара жатты. Жолда оларға бір кісі қосылып, не жайлы әңгімелесіп келе жатқандарын сұрады. Шәкірттер оған былай деді: “Сіз естіген жоқсыз ба? Үш күн бұрын жоғарғы діни қызметкерлер Исаны өлімге кескен еді. Ал енді бірнеше әйел оның тірі екенін айтып жүр!” Сонда әлгі кісі былай деді: “Сендер сонда пайғамбарларға сенбейсіңдер ме? Олар Мәсіхтің өліп, кейін қайта
тірілетінін айтқан ғой”. Ол шәкірттерге Жазбаларды әрі қарай да түсіндіріп келе жатты. Олар Еммаусқа жеткен кезде, шәкірттер одан: “Бізбен бірге қал”,— деп өтінді. Кешкі аста ол нанды алып дұға еткенде, шәкірттер оның Иса екенін танып қойды. Сосын ол жоқ болып кетті.Бұл екі шәкірт Иерусалимдегі елшілер отырған үйге қарай жүгіріп, не болғанын айтып бергенше асықты. Олар сол үйде отырғанда, араларында Иса пайда болды. Алғашында елшілер оның Иса екеніне сене алмады. Сонда Иса: “Қолыма қараңдар. Маған қолдарыңды тигізіп көріңдер. Жазбаларда Мәсіхтің өліп, қайта тірілетіні айтылған ғой”,— деді.
“Жол, шындық және өмір — менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды” (Жохан 14:6).