Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

75-ТАРАУ

Шайтан Исаны сынады

Шайтан Исаны сынады

Иса шомылдыру рәсімінен өтіп болғаннан кейін киелі рух оны шөл далаға апарды. Иса 40 күн бойы ештеңе жемеді. Сондықтан оның қарны қатты ашты. Сол кезде Ібіліс келіп оған былай деді: “Сен шынымен Құдайдың Ұлы болсаң, мына тастарды нанға айналдыр”. Сонда Иса былай деді: “Киелі жазбада адам нанмен ғана өмір сүрмейді деп жазылған ғой. Ол Ехобаның айтқан әрбір сөзін тыңдау керек”.

Содан соң Шайтан Исаны тағы бір рет сынамақ болып, былай деді: “Сен шынымен Құдайдың Ұлы болсаң, ғибадатхананың төбесінен секір. Киелі жазбада сені қолдарына алып жүру үшін Құдай періштелерін жібереді делінген ғой”. Иса оған қайтадан Киелі жазбалардың сөздерін айтып: “Ехобаны сынаушы болма деп те жазылған ғой”,— деп жауап берді.

Кейін Шайтан Исаға дүниенің барлық патшалығын, байлығы мен сән-салтанатын көрсетіп, былай деді: “Маған бір рет табынсаң, осының бәрін саған беремін”. Бірақ Иса оған: “Кет қасымнан, Шайтан! Киелі жазбада тек Ехобаға ғана ғибадат ет делінген”,— деді.

Шайтан Исаның қасынан кетіп қалды. Сосын періштелер келіп, Исаға тамақ берді. Содан бастап Иса Патшалық жайлы ізгі хабарды жариялады. Ол жер бетіне сол үшін келген еді. Адамдарға Исаның үйреткен тәлімдері қатты ұнады. Олар Исаға ілесіп, артынан қалмай жүрді.

“[Шайтан] өтірік айтқанда, оны өз болмысына сай айтады, себебі ол — өтірікші әрі өтіріктің әкесі” (Жохан 8:44).