81-ТАРАУ
Исаның таудағы уағызы
Иса 12 елшісін таңдап болғаннан кейін, таудан түсіп, қалың жұрт жиналған жерге келді. Бұл адамдар Ғалилея, Яһудея, Тир, Сидон, Сирия мен Иордан өзенінің арғы жағынан келген еді. Олар аурудан және жындардан қиналып жүрген адамдарды ертіп әкелді. Иса олардың бәрін сауықтырды. Содан кейін ол таудың етегіне барып отырды да, тәлім бере бастады. Ол Құдайдың досы болу үшін не істеуіміз керектігін түсіндірді. Біз Ехобасыз өмір сүре алмайтынымызды мойындауымыз керек. Сондай-ақ оны сүюді үйренуіміз қажет. Бұл үшін басқа адамдарды жақсы көруіміз керек. Әйтпесе Құдайды жақсы көре алмаймыз. Біз бәріне, тіпті жауларымызға да бірдей қарап, мейірімділік танытуға тиіспіз.
Иса былай деді: “Достарыңды ғана емес, жауларыңды да жақсы көріңдер. Адамдарды шын жүректен кешіріңдер. Егер біреу сендерге ренжіп жүрсе, бірден барып кешірім сұраңдар. Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”.
Сондай-ақ Иса байлыққа қатысты жақсы кеңестер берді. Ол былай деді: “Ехобамен дос болу байлықтан әлдеқайда маңызды. Ақшаларыңды ұрылар ұрлап кетуі мүмкін. Ал Ехобамен достықтарыңды ешкім де ұрлай алмайды. Не ішеміз, не жейміз, не киеміз деп уайымдауды қойыңдар. Құстарға қараңдаршы, Құдай үнемі оларға қажетті тамақтарын береді. Уайымдағаннан өмірлерің бір күнге де ұзармайды. Естеріңде болсын, сендерге не керек екенін Ехоба жақсы біледі”.
Жиналған жұрт Иса сияқты сөйлеген адамды бұрын көрген емес. Өйткені дін мұғалімдері мен парызшылдар бұндай нәрселерге үйретпейтін. Неге Иса ұлы ұстаз болды? Өйткені ол үйреткен нәрселердің бәрі Ехобадан еді.
“Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді” (Матай 11:29).