85-ТАРАУ
Иса Демалыс күні ауруды сауықтырды
Парызшылдар Исаны жек көретін. Сондықтан олар оны ұстап алудың жолын іздестірді. Олар Исаға Демалыс күні ешкімді сауықтыруға болмайтынын айтқан еді. Бірақ Иса бір Демалыс күні көшеде қайыр сұрап отырған соқыр кісіні көрді. Оның туылғаннан көзі көрмейтін. Иса шәкірттеріне: “Қазір мына адамға Құдайдың құдіреті қалай көмектесетінін көресіңдер”,— деді. Иса өзінің түкірігіне топырақ араластырып, балшық жасады. Сосын оны соқыр кісінің көзіне жақты. Иса оған: “Енді Силоғам хауызына барып, көзіңдегіні жуып таста”,— деді. Соқыр кісі тура Иса айтқандай істеді. Сөйтіп, оның көзі өмірінде бірінші рет көретін болды.
Оны көрген адамдар аң-таң болды. Олар: “Бұл әлгі қайыр сұрап отыратын кісі ме? Әлде соған ұқсайтын біреу ме?”— десті. Әлгі адам оларға: “Мен сол адамның өзімін!”— деп жауап берді. Сонда жұрт одан: “Көзің қалай көретін болды?”— деп сұрады. Не болғанын айтып бергенде, олар оны парызшылдарға апарды.
Ол парызшылдарға былай деді: “Иса менің көзіме балшық жақты. Сосын “бар да, жуып таста” деді. Мен оның айтқанын істеп едім, көзім көріп кетті”. Парызшылдар оған: “Исаның құдіреті Құдайдан емес. Өйткені ол Демалыс күні емдеп жүр”,— деді. Ал өзгелер: “Оның құдіреті Құдайдан болмаса, мүлдем сауықтыра алмас еді ғой”,— деді.
Содан парызшылдар әлгі кісінің ата-анасын шақыртып: “Ұлдарыңыздың көзі қалайша көретін болды?”— деп сұрады. Олар жауап беруге қорықты. Өйткені парызшылдар Исаға сенген адамды мәжілісханадан шығарып жіберетін. Сондықтан олар: “Білмейміз. Оның өзінен сұраңыздар”,— деді. Парызшылдар соқыр болған кісіге қайтадан сұрақтар қойғанда, ол: “Сіздерге бәрін айтып бердім ғой. Неге сұрай бересіздер?”— деп жауап берді. Оған парызшылдар ашуланып, сыртқа қуып шықты.
Иса оны іздеп тауып, былай деп сұрады: “Сен Мәсіхке сенесің бе?” Ол: “Оның кім екенін білсем, сенер едім,— деп жауап бергенде, Иса: —Мен Мәсіхпін”,— деді. Иса бұл кісіге мейірімділік танытты, солай емес пе? Ол оны сауықтырып қана қойған жоқ, сенімге ие болуға да көмектесті.
“Сендер Жазбаларды да, Құдайдың құдіретін де білмегендіктен қателесіп тұрсыңдар” (Матай 22:29).