Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

104-ТАРАУ

Құдайдың даусын естіген яһудилер оған сенер ме екен?

Құдайдың даусын естіген яһудилер оған сенер ме екен?

ЖОХАН 12:28—50

  • КӨП АДАМ ҚҰДАЙДЫҢ ДАУСЫН ЕСТІДІ

  • АДАМДАРДЫ СОТТАУҒА НЕГІЗ БАР

Дүйсенбі, 10 нисан күні, Иса ғибадатханада өзінің жақында өлетінін айтып жатыр. Бұл Әкесінің атына қалай әсер ететінін ойлап: “Әке, есіміңді даңқтай көр”,— деді. Сонда көктен: “Мен оны даңқтадым, тағы да даңқтаймын”,— деген зор дауыс естілді (Жохан 12:27, 28).

Сол жерде тұрған адамдар не болғанын түсінбей қалды. Кейбіреулер мұны күннің күркірі деп ойласа, басқалары: “Оған періште тіл қатты”,— деді (Жохан 12:29). Шын мәнінде мұны айтқан Ехоба еді. Исаның жердегі қызметі басталғалы бері Құдайдың көктен тіл қатқанын басқа адамдар да естіген болған.

Осыдан үш жарым жыл бұрын, Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Жақия Құдайдың Иса жайлы: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— дегенін естіген. Кейінірек, б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамынан соң, Жақып, Жохан және Петір Исаның сырт көрінісі өзгеріске түскенін көрген болатын. Сол жолы бұл үшеуі Құдайдың: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!”— деп дауыстағанын естіген (Матай 3:17; 17:5). Ал бұл жолы Ехобаның даусын көп адам естіді.

“Бұл дауыс мен үшін емес, сендер үшін шықты”,— деді Иса (Жохан 12:30). Бұл оның шынымен де Құдай Ұлы екенін, яғни пайғамбарлықта айтылған Мәсіх екенін дәлелдеді.

Исаның адалдық сақтаған өмірі адамзатқа еліктеуге тұрарлық үлгі болды, әрі осы дүниенің билеушісі Шайтан Ібілістің жойылуға лайық екенін көрсетті. “Қазір осы дүние сотталуда. Енді осы дүниенің билеушісі қуылады”,— деді Иса. Исаның өлуі — жеңілгені емес, жеңгені. Неліктен? Мұны түсіндіріп: “Мен жерден жоғары көтеріліп қойылғанымда, өзіме әртүрлі адамдарды жақындатып тартамын”,— деді (Жохан 12:31, 32). Бағанаға шегеленіп өлуінің арқасында Иса адамдарға мәңгілік өмірге жол ашып, өзіне жақындатып тартатын болады.

Исаның “жоғары көтерілетінін” естігенде, жұрт: “Біз Мұса Заңынан Мәсіхтің мәңгі болатыны жайлы білеміз. Онда қалайша Адам Ұлы жерден көтеріліп қойылуы керек дейсің? Сен айтып тұрған Адам Ұлы кім?”— деп сұрады (Жохан 12:34). Қаншама дәлел көрсе де, тіпті Құдайдың даусын естісе де, көпшілік Исаның шынайы Адам Ұлы немесе Мәсіх екенін мойындар емес.

Бұрын Иса өзін жарыққа теңеген болатын (Жохан 8:12; 9:5). Қазір де осындай ой айтып, көпшілікке: “Жарық араларыңда тағы шамалы уақыт болады. Өздеріңді түнек баспау үшін, жарық барда жүріңдер... Жарықтың ұлдары болу үшін, жарық барда оған сеніңдер”,— деді (Жохан 12:35, 36). Осыларды айтқан соң, ол сол жерден кетіп қалды, себебі Исаның өлетін күні — 10 нисан емес, 14 нисан. Ол Құтқарылу мейрамы күні “жоғары көтеріледі”, яғни бағанаға ілінеді (Ғалаттықтарға 3:13).

Исаның қызметін еске түсіретін болсақ, яһудилердің оған сенбейтіні жайлы пайғамбарлықтың орындалғанын анық көреміз. Кезінде Ишая пайғамбар халықтың көзі көрмейтіндіктен, жүректері ештеңені ұқпайтындықтан, сауыға алмайтынын айтқан (Ишая 6:10; Жохан 12:40). Расында да, яһудилердің көбісі Исаның өмірге жол ашатын Құтқарушы екендігінің дәлелдерін мойындамай, қыңырлық танытты.

Нікөдем, ариматеялық Жүсіп және басқа да басшылар Исаға сенген болатын. Алайда олар сенімдерін ашық білдірер ме екен? Әлде мәжілісханадан қуылудан қорқып немесе адамдардың ықыласына ие болуды артық көріп, жасырып қалар ма екен? (Жохан 12:42, 43).

Исаға сену дегенге не кіреді? Мұны Исаның өзі түсіндіріп: “Маған сенген адам маған ғана емес, мені жібергенге де сенеді. Мені көрген адам мені жібергенді де көреді”,— деді. Құдай Исаға үйрет деп тапсырған, әрі ол талмай жариялаған жайттар өте маңызды шындықтар еді. Сол себепті Иса: “Мені елемейтін және айтқандарымды қабылдамайтын адамның соттаушысы бар. Менің айтқан сөзім оны ақырғы күні соттайды”,— деді (Жохан 12:44, 45, 48).

Сосын Иса сөзін аяқтап: “Мен өздігімнен айтқан жоқпын, не айтып, не үйрету керектігін мені жіберген Әкемнің өзі өсиет еткен. Ал мен оның өсиеті мәңгілік өмірге жеткізетінін білемін”,— деді (Жохан 12:49, 50). Иса өзіне сенген адамдар үшін жақында өмірін құрбан ететінін білді (Римдіктерге 5:8, 9).