Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

65-ТАРАУ

Иса Иерусалимге барар жолда тәлім берді

Иса Иерусалимге барар жолда тәлім берді

МАТАЙ 8:19—22 ЛҰҚА 9:51—62 ЖОХАН 7:2—10

  • ІНІЛЕРІ ИСАҒА ҚАЛАЙ ҚАРАДЫ?

  • ПАТШАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНШАЛЫҚТЫ МАҢЫЗДЫ?

Иса біраз уақыт бойы Ғалилеяда қызмет етті. Яһудеяда болғанда жұрт оны жақсы қабылдамаған еді. Бұған қоса Иерусалимде Демалыс күні кезінде бір кісіні сауықтырған соң, “яһудилер оны өлтірудің жолын іздеуде еді” (Жохан 5:18; 7:1).

Қазір б. з. 32 жылының күзі, Күркелер мейрамының қарсаңы. Бұл мейрам жеті күн тойланады, ал сегізінші күні салтанатты жиын өткізіледі. Бұл — егін жинау маусымы бітіп, зор қуанышқа бөленетін әрі ризашылық білдіретін кез.

Иерусалим — елдің діни орталығы. Оған жыл сайынғы мейрамдарда қалың жұрт жиналатын. Сондықтан інілері Жақып, Шимон, Жүсіп пен Яһуда Исаны: “Яһудеяға бар”,— деп талпындырды. Себебін түсіндіріп: “Жұртқа әйгілі болғысы келген адам істерін жасырын істемейді. Осындай істер жасап жүрсең, өзіңді әлемге таныт”,— деді (Жохан 7:3, 4).

Інілері Исаның Мәсіх екеніне сенбейтін. Алайда олар мейрамға жиналған жұрт Исаның құдіретті істерін көрсе екен деді. Иса болса өзіне қауіп төніп тұрғанын білді. Сондықтан оларға: “Осы дүниенің сендерді жек көруіне еш себеп жоқ. Ал мені жек көреді, себебі мен оның істерінің зұлым екені жайлы куәлік етемін. Сендер мейрамға бара беріңдер. Мен әзірше бармаймын, өйткені уақытым әлі келген жоқ”,— деді (Жохан 7:5—8).

Исаның інілері көпшілікпен жолға шықты. Бірнеше күннен кейін өзі де шәкірттерімен жұрт көзінен тасаланып Иерусалимге бет алды. Олар Иордан өзенінің бойындағы негізгі жолмен емес, Самария арқылы өтетін төте жолға түсті. Жолда түнейтін жер даярлау үшін, алдын ала бірнеше шәкіртін самариялықтардың бір ауылына жіберді. Иса Иерусалимге яһудилердің мейрамына бара жатқандықтан, сол ауылдың адамдары оларды қабылдаудан не әдеттегі қонақжайлылықты танытудан бас тартты. Бұған ашуланған Жақып пен Жохан: “Ием, көктен от түсіп, оларды жойсын деп бұйырғанымызды қалайсыз ба?”— деп сұрады (Лұқа 9:54). Иса оларды тыйып тастады да, әрі қарай жүре берді.

Жол жөнекей бір дін мұғалімі Исаға: “Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен сізге еремін”,— деді. Ал Иса оған: “Түлкілердің іні, құстардың ұясы бар, ал Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деді (Матай 8:19, 20). Мұнымен Иса ізбасары болатын адамның қиыншылықтарға кезігетінін көрсетті. Бірақ дін мұғалімі қарапайым өмірді лайық көрмейтін көкірек адам болғанға ұқсайды. Біз де өзімізден “Исаның ізбасары болуға дайынмын ба?” деп сұрасақ болады.

Иса басқа бір адамға: “Менің ізбасарым бол”,— дегенде, ол: “Ием, алдымен әкеме барайын, оны жерлеген соң келуге рұқсат етіңіз”,— деп жауап берді. Оның жағдайын білетін Иса: “Өлгендерін жерлеуді өлілерге қалдыр. Ал өзің барып, барлық жерде Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жарияла”,— деген нұсқау берді (Лұқа 9:59, 60). Бұл адамның әкесі тірі еді. Егер өлген болса, ол қазір Исаның қасында сөйлесіп тұрмас еді. Демек, ол Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюға дайын емес.

Иерусалимге кетіп бара жатқан жолда тағы бір адам Исаға: “Ием, мен сізге еремін. Бірақ алдымен үй ішіммен қоштасып келуге рұқсат етіңіз”,— деді. Иса оған: “Қолына соқа ұстап, артына жалтақтай беретін адам Құдай Патшалығына кіруге лайықсыз”,— деп жауап берді (Лұқа 9:61, 62).

Исаға ергісі келген адам бар назарын Патшалыққа тігуі тиіс. Соқамен жер жыртқан адам жалтақтап артына қарай берсе, атызы қисық шығады. Ал егер артқа қарау үшін соқасын жерге тастаса, танаптағы жұмыс тоқтап қалады. Сол сияқты адам осы зұлым дүниеге жалтақтай берсе, мәңгі өмірге бет алған жолында сүрініп құлауы әбден мүмкін.