Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ТАРАУ

Алапес адамға жанашырлық танытты

Алапес адамға жанашырлық танытты

МАТАЙ 8:1—4 МАРҚА 1:40—45 ЛҰҚА 5:12—16

  • ИСА АЛАПЕС АДАМДЫ САУЫҚТЫРДЫ

Иса төрт шәкіртімен “бүкіл Ғалилея аймағын аралап, мәжілісханаларда уағыз айтты”. Исаның керемет істер жасап жүргені жайлы жер-жердегі жұрт естіп жатты (Марқа 1:39). Бұл хабар алапеспен ауыратын бір кісінің де құлағына жетті. Дәрігер Лұқа оны “үсті-басын алапес басқан” адам деп суреттеді (Лұқа 5:12). Бұл ауру асқынған кезде, адамның дене мүшелерін біртіндеп зақымдайды.

Алапес кісінің халі өте аянышты. Ол жұрттан бөлек тұрады. Оның үстіне, жақын маңнан адам көрінсе, алапес жұқтырмас үшін алыстан: “Таза емеспін! Таза емеспін!”— деп айғайлайды (Мұсаның 3-жазбасы 13:45, 46). Ал Исаны көргенде, ол не істеді? Қасына келіп, аяғына жығылды да: “Ием, қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп өтінді (Матай 8:2).

Осылайша бұл кісі Исаға зор сенім танытты! Ауруының кесірінен ол бейшара күйге түсті! Оны көргенде, Иса не істеді? Сіз сол жерде болғанда, не істер едіңіз? Иса оны аяп кетіп, қолын созды да, денесіне тигізді. Сосын: “Қалаймын, тазар!”— деді (Матай 8:3). Сол сәтте адам сенгісіз жайт орын алып, әлгі кісінің денесінен алапес ғайып болды.

Иса сияқты жанашыр да құдіретті билеушінің қол астында өмір сүргіңіз келе ме? Исаның алапес адамды қалай сауықтырғанына қарап, оның Патша ретінде жержүзіне билік еткенде, келесі пайғамбарлықтың орындалатынына сенімдіміз: “Бейшара мен кедейге жаны ашиды, Жарлылардың өмірін аман сақтайды” (Зәбүр 72:13). Иә, сонда Иса жапа шеккен барлық адамға шын жүректен көмектеседі.

Алапес кісіні сауықтырмай тұрғанда-ақ Исаның істері жайлы хабар жұрт арасына тарап, бәрін дүрліктірген болатын. Енді, олар таңғажайып осы кереметтің орын алғанын естіп жатты. Бірақ Иса адамдардың өзіне мұндай жолмен сенгенін қаламады. Ол “даусының көшелерде естілмейтіні”, яғни елді дүрліктірмейтіні, жайлы пайғамбарлықты білетін (Ишая 42:1, 2). Сондықтан алапесінен сауыққан кісіге: “Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарма! Бірақ барып, діни қызметкерге қарал да, Мұса бұйырған сый-тартуды ұсын”,— деп бұйырды (Матай 8:4).

Алайда әлгі кісінің қуанғаны сонша — мұны ішінде сақтай алмады. Сол төңіректен кетісімен-ақ ол болған жайтты жүрген жерінде айтып, тарата бастады. Жұрттың қызығушылығы одан сайын арта түсті. Сол себепті Иса қалаға ашық кіре алмай, уақытша оқшау жерлерге тоқтады. Сонда да жұрт тәлім алу үшін және сауығу үшін оған жан-жақтан келіп жатты.