Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

Исаның отбасы Иерусалимге сапар шекті

Исаның отбасы Иерусалимге сапар шекті

ЛҰҚА 2:40—52

  • ОН ЕКІ ЖАСАР ИСА ҰСТАЗДАРҒА СҰРАҚТАР ҚОЙДЫ

  • ИСА ЕХОБАНЫ “ӘКЕМ” ДЕДІ

Көктем мезгілі. Осы уақытта Жүсіптің отбасы достары мен туыстарына қосылып, Иерусалимге сапар шегетін. Олар сол жерде Заңда айтылған Құтқарылу мейрамын жыл сайын тойлайтын (Мұсаның 5-жазбасы 16:16). Назареттен Иерусалимге шамамен 120 шақырым жол жүру керек. Бұл — бәрі үшін қарбалас әрі қуанышты кезең. Он екі жастағы Иса мейрамды және ғибадатхана маңында болу мүмкіндігін ерекше ықыласпен күтуде.

Құтқарылу мейрамы Иса мен оның отбасы үшін бір-ақ күндік оқиға емес еді. Құтқарылу мейрамының ертесіне жеті күндік Ашымаған нан мейрамы басталатын (Марқа 14:1). Бұл мейрам Құтқарылу мейрамы кезінің бөлігі болып есептелетін. Иса мен оның отбасына бұл мейрамды тойлау үшін Назареттен Иерусалимге барып-қайтуға екі аптадай кететін. Алайда бұл жолғы сапар ұзағыраққа созылды. Өйткені Исамен бір жағдай болып, мұны ата-анасы Иерусалимнен үйлеріне қайтар жолда бірақ білді.

Жүсіп пен Мәриям Исаны жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады. Алайда түнеу үшін тоқтағанда, олар Исаны таппады. Сөйтіп, оны туыстары мен достарының арасынан іздей бастады. Бірақ бала еш жерде жоқ. Сондықтан оларға Иерусалимге қайта оралуға тура келді.

Олар Исаны күні бойы іздеп таба алмады. Екінші күні де шарқ ұрып іздеді. Үшінші күн дегенде олар ұлдарын ғибадатханадағы бөлмелердің бірінен, яһуди ұстаздарының айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты. Ұстаздар болса оның ұғымталдығына қайран қалысып отыр екен.

Анасы оған: “Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуміз уайымдап, сені шарқ ұрып іздеп жүрміз”,— деді (Лұқа 2:48).

Иса олардың өзін қайдан табуға болатынын білмегендеріне таңғалып: “Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің үйінде болуым керектігін білмеп пе едіңіздер?”— деді (Лұқа 2:49).

Сосын Иса әке-шешесімен Назареттегі үйлеріне оралып, оларға әрі қарай да мойынсұнып жүрді. Иса өсіп, даналығы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта берді. Осылайша ол бала кезінен бастап рухани нәрселерге ұмтылуымен және әке-шешесіне құрмет көрсетуімен керемет үлгі көрсетті.