Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

Жол дайындаушы туылды

Жол дайындаушы туылды

ЛҰҚА 1:57—79

  • ЖАҚИЯНЫҢ ТУЫЛУЫ ЖӘНЕ ЕСІМ БЕРІЛУІ

  • ЗӘКӘРИЯ ЖАҚИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ АЙТТЫ

Елізабеттің босанатын уақыты таяп қалды. Үш ай бойы қасында болған туысы Мәриям енді үйіне қайтпақшы. Ол Яһудея өлкесіндегі Назарет қаласына қарай ұзақ жол жүрмек. Алты айдан кейін ол да ұлды болады.

Мәриям кеткеннен кейін көп ұзамай Елізабет аман-есен босанды. Дүниеге балпақтай ұл келді. Көршілері мен туыстары нәрестені көріп, ата-анасының қуанышына ортақтасты.

Исраилге берілген Құдай Заңы бойынша, сегізінші күні ұл баланы сүндеттеп, оған есім беретін (Мұсаның 3-жазбасы 12:2, 3). Жұрттың ойынша, нәрестеге Зәкәрия деп әкесінің есімі қойылу керек. Алайда Елізабет бұған: “Жоқ, оның атын Жақия қоямыз”,— деді (Лұқа 1:60). Өйткені Жәбірейіл періште баланың есімін Жақия деп қою керектігін айтқан.

Көршілері мен туыстары бұған қарсылық білдіріп: “Туыстарыңның арасында мұндай есім ешкімде жоқ қой”,— деді (Лұқа 1:61). Сосын Зәкәриядан балаға қандай ат қойғысы келетінін ымдап сұрады. Ол жазу тақтайшасын алып: “Оның есімі Жақия болады”,— деп жазды (Лұқа 1:63).

Сол сәтте Зәкәрияға қайта тіл бітті. Періште Елізабеттің ұлды болатынын айтқанда, ол бұған сенбей, сөйлеу қабілетінен айырылғаны есіңізде болар. Осы кереметті көрген жұрт таңғалысып, бір-біріне: “Бұл бала кім болар екен?”— десті (Лұқа 1:66). Нәрестеге есім беруге байланысты осы жағдайдан олар Құдайдың басшылығын көрді.

Зәкәрия киелі рухқа кенеліп, былай деді: “Исраилдің Құдайы Ехоба мадақталсын! Ол халқына назар аударып, оны құтқарды. Қызметшісі Дәуіттің әулетінен бізге мықты құтқарушы шығарды” (Лұқа 1:68, 69). “Мықты құтқарушы” деп ол әлі туылмаған Иесі Исаға меңзеді. Сондай-ақ Зәкәрия сол арқылы не істелінетіні жайлы былай деді: “[Құдай] жауларымыздың қолынан құтқарған соң, өзіне батылдықпен қасиетті қызмет ету мәртебесін сыйлап, оны бар ғұмырымызда адал да әділ атқаруға мүмкіндік берді” (Лұқа 1:74, 75).

Сосын Зәкәрия ұлына қатысты пайғамбарлық айтып, былай деді: “Ал сен, балам, Құдай Тағаланың пайғамбары деп аталасың, өйткені Ехобаның алдында жүріп, оған жол дайындайсың және оның халқына Құдайымыз зор жанашырлығымен күнәларын кешіру арқылы оларды құтқаратынын жариялайсың. Осы жанашырлықтың арқасында біз көктен келген таң шапағындай нұрды көреміз. Ол қара түнекте және өлім көлеңкесінде отырғандарға сәулесін төгеді және қадамымызды тыныштық жолына бағыттап, сол жолда батасын береді” (Лұқа 1:76—79). Неткен жігер беретін пайғамбарлық сөздер десеңізші!

Бұл кезде Мәриям Назареттегі үйіне жеткен болатын. Ол әлі тұрмысқа шықпаған еді. Оның жүкті екені айқын болғанда, не болар екен?!