Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

83-ТАРАУ

Қонақасына шақырылғандар

Қонақасына шақырылғандар

ЛҰҚА 14:7—24

  • ИСА КІШІПЕЙІЛ БОЛУҒА ҮЙРЕТТІ

  • ШАҚЫРЫЛҒАН ҚОНАҚТАР СЫЛТАУ АЙТТЫ

Әлгінде ғана, парызшылдың үйінде Иса шемен ауруына ұшыраған кісіні сауықтырды. Қазір ол үйге кірген қонақтардың төрге жайғасып жатқандарын байқап отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Иса оларға кішіпейіл болу керектігін түсіндірді.

“Біреу тойға шақырса, ең құрметті орынға жантайма,— деді Иса. — Шақырылғандар арасында сенен де сыйлы біреу болуы мүмкін. Сонда екеуіңді шақырған кісі келіп: — Мына кісіге орныңды бер,— дегенде, сен ұятқа қалып, ең төменгі орынға барып отырасың” (Лұқа 14:8, 9).

Сосын Иса былай деді: “Қонаққа шақырылғанда, ең төменгі орынға барып жантай. Сонда сені шақырған кісі келіп: — Досым, жоғары шық,— дегенде, бүкіл қонақтардың алдында мәртебең өсіп қалады”. Иса жай ғана сыпайылыққа үйретіп отырған жоқ. “Өйткені өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”,— деді ол (Лұқа 14:10, 11). Иә, Иса тыңдаушыларын кішіпейіл болуға шақырды.

Иса қонаққа шақырған парызшылға қарап, тағы бір маңызды жайтты түсіндірді. Ол Құдайдың алдында ненің шын мәнінде игілікті екенін көрсетіп, былай деді: “Түскі не кешкі асқа дос, бауыр, туыстарыңды не бай көршілеріңді шақырма. Себебі олар да сені қонаққа шақырып, қарымтаңды қайтаруы мүмкін. Керісінше, той жасағанда, кедей-кепшік, кемтар, ақсақтар мен соқырларды шақыр. Олар саған қарымтаңды қайтара алмайтындықтан бақытты боласың” (Лұқа 14:12—14).

Әрине, достарды, туыстарды не көршілерді қонаққа шақыру кәдімгі жайт әрі Иса мұны дұрыс емес деген жоқ. Қайта, кедей-кепшік, ақсақ не соқыр сияқты мұқтаж жандарға ас-су берген адам зор батаға ие болатынына баса назар аударып отыр. Мұны Иса үй иесіне түсіндіріп: “Қарымтаңды әділдер қайта тірілетін кезде аласың”,— деді. Сонда қонақтардың бірі Исаның сөзін қостап: “Құдай Патшалығында дәм тататындар бақытты!”— деді (Лұқа 14:15). Мұндай мәртебені әлгі кісі бағалағанымен, бәрі бірдей бағаламайды. Сондықтан Иса тағы бір мысал айтты.

“Біреу үлкен қонақасы жасап, көп адам шақырыпты... Ол шақырылғандарға құлын жіберіп: — Келіңдер, бәрі дайын тұр,— дегізеді. Бірақ бәрі бірдей сылтау айта бастайды. Біреуі: — Егіндік жер сатып алып едім, соны барып көруім керек. Өтінемін, маған кешірім ете көр!— десе, келесі біреуі: — Он өгіз сатып алып едім, соларды жегіп көруге бара жатырмын. Өтінемін, мені кешір!— дейді. Тағы біреуі: — Мен жаңа ғана үйленген едім, сондықтан бара алмаймын,— дейді” (Лұқа 14:16—20).

Бәрінің айтқаны құр сылтау! Өйткені адам әдетте жерді не малды сатып алмай тұрып тексереді. Ал сатып алған соң, оны барып көру шұғыл шаруа емес. Үшінші адам болса үйленгелі жатқан жоқ, үйленіп қойған еді. Сондықтан бұл маңызды шақыруды қабыл алмауға кедергі емес. Осындай сылтауларды естігенде, қожайын қатты ашуланды.

Қожайын құлына: “Дереу қаланың үлкенді-кішілі көшелеріне барып, кедей-кепшік, кемтар, соқырлар мен ақсақтарды алып кел”,— деп бұйырды. Құл қожайынның айтқанын істеді, бірақ әлі де бос орындар бар. Сондықтан қожайын құлына: “Менің үйім толу үшін, жол бойлары мен тар көшелерге барып, сонда жүргендерді келмесіне қоймай алып кел. Сендерге мынаны айтамын: алғашқыда шақырылғандардың ешқайсысы да кешкі қонақасымнан ауыз тимейді”,— деді (Лұқа 14:21—24).

Осы мысал Ехоба Құдайдың Иса Мәсіх арқылы көктегі Патшалыққа қандай адамдарды шақыратынын жақсы көрсетеді. Алғашында яһудилер, әсіресе олардың дінбасылары Исаның қызметі кезінде шақырылған болатын. Бірақ олардың басым көпшілігі шақыруды қабыл алмады. Исаның мысалынан көрінетіндей, болашақта басқа адамдар шақырылады. Екінші рет қарапайым яһуди халқы мен яһуди дінін ұстанған басқа ұлт адамдары шақырылады. Ал үшінші әрі соңғы рет яһудилердің ойынша Құдайға жақындауға лайықсыз болған адамдар шақырылады (Елшілердің істері 10:28—48).

Исаның айтқандары әлгі қонақтың “Құдай Патшалығында дәм тататындар бақытты!” деген сөзін растады.