Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ТАРАУ

‘Құдайымыздың мейірімді рақымы’

‘Құдайымыздың мейірімді рақымы’

1, 2. а) Баласы жылағанда әдетте анасы не істейді? ә) Қандай сезім тіпті ананың мейірімінен де күшті?

 ТҮННІҢ бір уағында бала жылайды. Сол-ақ екен, анасының ұйқысы шайдай ашылады. Қазір ол баласы туылғанға дейінгі әдеті бойынша бейқам ұйықтай бермейді. Ол бөбегінің қай кезде қалай жылайтынын да біледі. Сондықтан тамақ сұрап жатыр ма, бауырына басқанды қалай ма, әлде басқа ма бірден айыра алады. Баласы қандай себеппен жыламасын, ана сүйіспеншілігі оған көңіл бөліп, жағдайын жасауға талпындырады.

2 Ананың іштен шыққан шаранасына деген мейірімі — адам баласына мәлім ең аяулы сезімдердің бірі. Алайда бұдан әлдеқайда күшті сезім де бар. Бұл — Ехоба Құдайдың мейірімді рақымы. Осы аса тартымды қасиетті тереңірек зерттегеніміз Ехобаға жақындай түсуге көмектеседі. Олай болса, осы қасиеттің мағынасын және Құдайдың оны қалай танытатынын қарастырайық.

Мейірімді рақым деген не?

3. Еврей тілінен “мейірімділік не рақымдылық таныту” немесе “біреудің қайғысын сезіну” деп аударылатын сөздің мағынасы қандай?

3 Киелі кітапта біраз еврей және грек сөздері, мысалы еврей тілінің ра·хам етістігі, мейірімді рақым, немесе мейірбандық, деген ойды береді. Бір анықтамалық еңбекте аталмыш етістіктің “өзімізге жақын адамның қасіретін немесе дәрменсіз күйде яки көмекке мұқтаж екенін көргенде жаның ауырып, мейірімді рақымдылық танытуды” білдіретіні түсіндірілген. Ехоба өзіне қатысты қолданған осы еврей сөзінің “құрсақ” сөзімен байланысы бар және “ана мейірімділігін” білдіреді a (Мысырдан шығу 33:19; Еремия 33:26).

‘Әйел құрсағынан шыққан ұлын ұмыта ала ма?’

4, 5. Ехобаның мейірімді рақымын түсіндіру үшін Киелі кітапта ананың баласына деген сезімі туралы не айтылады?

4 Ехобаның мейірімді рақымын түсіндіру үшін Киелі кітапта ананың баласына деген сезімі туралы айтылады. Ишая 49:15-тен келесі сөздерді оқимыз: “Әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай [ра·хам] ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен Сені ешқашан ұмытпаймын”. Жүрекке жылы тиетін осы сөздер Ехобаның өз халқына деген мейірімінің қаншалықты терең екеніне баса назар аударады. Қалайша?

5 Ананың баласын емізуді немесе оған қарауды ұмытып кетуі мүмкін деу — ойға қонбайтын нәрсе. Жаңа туған бала дәрменсіз ғой, ол анасының күні-түні қарап, айналып-үйіріліп отырғанына мұқтаж. Алайда, өкінішке орай, бөбегін тастап кететін аналар жөнінде, әсіресе қазіргі бауырмалдық жетіспейтін ‘қиын-қыстау күндері’, жиі естиміз (Тімотеге 2-хат 3:1, 3). Бірақ Ехоба: “Мен Сені ешқашан ұмытпаймын”,— дейді. Ехобаның өз қызметшілеріне деген мейірімді рақымы еш сарқылмайды. Ехобаның мейірімді рақымы адам баласына тән ең зор сезім — ана мейірімінен әлдеқайда күшті. Олай болса, бір түсініктемешінің Ишая 49:15-ке қатысты: “Бұл сөз — Көне өсиетте Құдайдың сүйіспеншілік танытуының зор, тіпті ең зор, көрінісі”,— дегеніне таңғалмаса да болады.

6. Көптеген кемелсіз адамдардың мейірімді рақымға деген көзқарасы қандай, бірақ Ехоба бізді не нәрсеге сендіреді?

6 Мейірімді рақым әлсіздіктің белгісі ме? Көптеген кемелсіз адамдар солай деп қарастырады. Мысалы, Исаның замандасы әрі Римдегі білімдар адамдардың арасында танымал болған пәлсапашы Сенека аталмыш қасиетті “сана әлсіздігі” деп үйреткен. Сенека стоицизмді — сезімнен ада тыныштыққа шақыратын пәлсапаны — жақтаушы болған. Оның айтуынша, дана адам басқалар қасірет шеккенде көмектесе алады, бірақ өз бойында аяушылықтың болуына жол бермеуі тиіс, өйткені мұндай сезім адамды жан тыныштығынан айырады. Мұндай өзімшіл көзқарастағы адамның өмірінде жүректен шыққан мейірбандыққа орын қалмайды. Алайда Ехоба мүлдем олай етпейді! Ол өз Сөзінде ‘жанашырлығы мен қайырымдылығының зор’ екендігіне сендіреді (Жақып 5:11). Өзіміз көретіндей, мейірімді рақым — әлсіздіктің емес, қайта, күштің белгісі әрі аса қажетті қасиет. Ехобаның сүйіспеншілікке толы Әке ретінде осы қасиетті қалай танытатынын көрейік.

Ехобаның Исраил халқына мейірімді рақымын көрсетуі

7, 8. Исраилдіктер Мысырда қалай қасірет шекті және бұл Ехобаға қалай әсер етті?

7 Исраил халқымен қарым-қатынасынан Ехобаның мейірімді рақымы анық көрінеді. Б. з. б. 16-шы ғасырдың аяғында миллиондаған исраилдіктер ежелгі Мысыр елінде құлдықта болған. Олар онда қатты қысым көрген. Мысырлықтар оларға саз-балшықтан илеп кірпіш құйдырып, әртүрлі ауыр жұмысқа жегіп, ‘өмірлерін аса қиындатты’ (Мысырдан шығу 1:11, 14). Осындай қасірет шеккен исраилдіктер Ехобадан көмек сұрап жалбарынады. Мейірімді рақымға толы Құдай не істеді екен?

8 Ехобаның жүрегі елжіреп кетті. Ол: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбір көріп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін”,— деді (Мысырдан шығу 3:7). Ехоба өз халқының қасіреті мен зарына жайбарақат қарап тұра алмады. 24-тараудан көргеніміздей, Ехоба — жанашыр Құдай. Ал жанашырлық — өзгенің қасіретін түсіне білу қабілеті — мейірімді рақыммен тығыз байланысы бар қасиет. Бірақ Ехоба өз халқының мүшкіл халін сезініп қана қойған жоқ, солардың игілігі үшін әрекет етуге ықылас білдірді. Ишая 63:9-да былай делінген: ‘Тәңіріміз сүйіспеншілігімен Және мол қайырымдылығымен Халқын құтқарып алды’. Ехоба құдіретті қолымен исраилдіктерді Мысырдан алып шықты (Заңды қайталау 4:34). Сосын, оларға керемет түрде ас берді және шұрайлы жерге алып кірді.

9, 10. а) Уәде етілген жерде орнығып алғаннан кейін, не себепті Ехоба исраилдіктерді қайта-қайта жауларынан азат етіп отырды? ә) Ефтаның заманында Ехоба исраилдіктерді қандай езгіден босатты және оны бұған не талпындырды?

9 Мұнымен Ехобаның мейірімі сарқылған жоқ. Уәде етілген жерде орнығып алғаннан кейін, исраилдіктер қайта-қайта күнә жасап, нәтижесінде жапа шегетін. Бірақ артынан естерін жиып, Ехобаға жалбарынатын. Ал ол қайта-қайта халқын құтқарып алып отыратын. Не себепті? Өйткені ‘таңдап алған халқына жаны ашитын’ (Шежірелер 2-жазба 36:15; Билер 2:11—16).

10 Ефтаның заманында не болғанын қарастырып көрейікші. Исраилдіктер жалған тәңірлерге табынып кеткендіктен, Ехоба олардың 18 жыл бойы аммондықтардың езгісінде болуына жол береді. Ақырында, олар күнәларына өкінеді. Киелі кітапта былай делінген: “[Исраилдіктер] бөтен құдайлардан безініп, Жаратушы Иеге құлшылық ете бастады. Оның жаны Исраилдің қасіретіне төзе алмады” (Билер 10:6—16). Халқы шын жүректен өкініш білдіргені сол-ақ екен, Ехоба әрі қарай олардың қасіретіне қарап тұра алмады. Мейірімді рақымға толы Құдай өз халқын Ефтаның қолымен жауларынан азат етті (Билер 11:30—33).

11. Ехобаның исраилдіктерге қалай қарағанынан мейірімді рақым жөнінде не нәрсе білуге болады?

11 Ехобаның исраилдіктерге қалай қарағанынан мейірімді рақым жөнінде не нәрсе білуге болады? Ең алдымен, біз бұл қасиеттің өзгені есіркеу немесе оның қасірет шегіп жатқанын түсініп қоюды ғана білдірмейтінін көрдік. Баласы жылағанда, ана мейірімі оны әрекетке талпындыратынын есіңе алшы. Тап солай Ехоба да қызметшілерінің зарын елеусіз қалдырмайды. Құдайымыздың мейірімді рақымы өз халқының қасіретін жеңілдетуге талпындырады. Сондай-ақ мейірімді рақым ешқашан әлсіздіктің белгісі болмайтынын білдік, өйткені Ехобаның осы бір аяулы сезімі халқының игілігі үшін тайсалмай әрекет етуге талпындырып отырған. Алайда Ехоба осы қасиетін жеке қызметшілеріне таныта ма?

Ехобаның жеке қызметшілеріне деген мейірімді рақымы

12. Исраил халқына берілген Таурат заңынан Құдайдың жеке адамдарға деген мейірі қалай көрінеді?

12 Исраил халқына берілген Таурат заңынан Құдайдың жеке адамдарға деген мейірі көрінеді. Мысалға кедейлерге деген қамқорлықты алайық. Ехоба кез келген исраилдіктің күтпеген жерден жоқшылыққа ұшырап қалуы мүмкін екенін білген. Ондай адамдарға деген көзқарас қандай болу керек еді? Ехоба исраилдіктерге мынаны қатаң бұйырды: ‘Жүрегіңе қаталдық сезімін енгізбе және кедей бауырыңның алдында сараңдық жасама. Оған қарыз берген кезде өзіңнің жүрегің қан жылап сыздамайтын болсын, өйткені осы үшін Жаратушы Ие барлық істеріңнің сәтті жүруіне арнап саған бата беретін болады’ (Заңды қайталау 15:7, 10). Ехоба исраилдіктерге егістіктеріндегі астықты жиегіне дейін түгел ормауды және түскен масақты теріп алмауды да бұйырды. Олар жоқшылыққа ұшырағандарға қалуы керек-тін (Леуіліктер 23:22; Рут 2:2—7). Исраилдіктер кедейлерге қатысты осы заңды орындағанда, ел арасында мұқтаждық көргендер қол жайып тамақ сұрауға мәжбүр болмайтын. Бұл Ехобаның мейірімді рақымының көрінісі емес пе?

13, 14. а) Қалай Дәуіттің сөздері Ехобаның жеке әрқайсымызға қамқорлық ететініне сендіреді? ә) Ехобаның ‘жүрегі шерлі’ немесе ‘рухы күйрегендерге’ жақын екенін қандай мысалмен түсіндіруге болады?

13 Бүгінде де сүйіспеншілікке толы Құдайымыз жеке әрқайсымызға қамқорлық етеді. Ехоба басымызға түскен кез келген қасіретті білетініне сенімді бола аламыз. Дәуіт: “Жаратушының жанары құдайшылдарға қарайды, және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайды. Жаратушы жүректері шерлі [пенделерге] жақын жүреді және рухы күйрегендерді құтқарады”,— деп жырлаған (Забур 33:16, 19). Осы тармақтарда айтылған адамдар жөнінде бір түсіндірмеші: “Бұл адамдардың жүректері шерлі, рухтары күйреген болуының себебі — күнә жасап қойып, өздерін сыйлаудан қалып, табалайтындықтан. Олар өздерін түкке тұрғысыз санап, өздеріне деген сенімділіктен айырылады”,— деп ескерді. Мұндай адамдар Ехобаны алыста деп және өздерін оның қамқорлығына тұрмайтын, тым маңызсыз сезінуі мүмкін. Бірақ шындығында олай емес. Дәуіттің сөздері ‘өздерін түкке тұрғысыз санайтындарды’ Ехобаның тастамайтынына сендіреді. Мейірімді рақымға толы Құдайымыз әсіресе осындай сәттерде оның қамқорлығына аса мұқтаж екенімізді біледі, әрі бізге жақын болады.

14 Мынадай мысалды қарастырып көрейік: Құрама Штаттарда бір ана круптың асқынған түрімен ауырған екі жасар баласын жеделдетіп ауруханаға әкеледі. Балақайды қарап болған соң, дәрігерлер оны түнде ауруханада қалдыру керектігін айтады. Ал анасы ше, сол түнді қайда өткізді? Ол баласының қасында түні бойы орындықта отырып шықты! Баласы қатты ауырып жатыр, сондықтан ол қасында болуға тиіс қой. Ал сүйіспеншілікке толы көктегі Әкеміздің сезімі бұдан да зор емес пе!? Өйткені ол бізді өзіне ұқсас етіп жаратқан (Жаратылыс 1:26). Көңілімізге медеу болатын Забур 33:19-дағы сөздерден ‘жүрегіміз шерлі’ немесе ‘рухымыз күйреген’ кездерде Ехоба сүюші Әке іспетті бізге “жақын жүріп”, мейірін төгіп, көмек көрсетуге дайын екенін көрдік.

15. Қалай Ехоба жеке әрқайсымызға көмектеседі?

15 Қалай Ехоба жеке әрқайсымызға көмектеседі? Бұл міндетті түрде біздің қасіретіміздің түбіне балта шабылады дегенді білдірмейді. Өзіне жалбарынғандарға көмектесуге арналған Ехобаның көптеген шаралары бар. Оның Сөзі Киелі кітапта дұрыс қадам жасауға көмектесетін тиімді кеңестер жазылған. Ал қауымда Ехобаның қызметшілеріне қамқорлық етуде оның мейірбандылығын көрсетуге тырысатын рухани толысқан бақылаушылар бар (Жақып 5:14, 15). Дұғаларды тыңдайтын Құдайымыз өзінен сұрағандарға киелі рухын береді (Забур 64:3; Лұқа 11:13). Сол рух Құдай Патшалығы орнап, қасірет атаулыны құртатын уақыт келгенше, қиыншылықтарға төтеп бере алуымыз үшін ‘шексіз зор құдірет’ береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Беріп отырған осындай шаралары үшін Ехобаға риза болуымыз керек емес пе? Сондай-ақ мұның барлығы оның мейірімді рақымының көрінісі екенін ұмытпалық.

16. Ехобаның мейірбандылығының ең керемет көрінісі қандай және оның жеке бізге қандай қатысы бар?

16 Әрине, Ехобаның мейірбандылығының ең керемет көрінісі — өзіне ерекше аяулы болған Ұлын біз үшін құрбандыққа беруі. Бұл — Ехобаның тарапынан жасалған сүйіспеншілікке толы әрекет, әрі сол құрбандық біздің құтқарылуымызға жол ашты. Есіңде болсын, Исаның құрбандығы жеке әрқайсымыз үшін берілді. Сондықтан да шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның әкесі Зәкәрия орынды түрде сол сыйдың Құдайымыз Ехобаның ‘мейірімді рақымының’ керемет көрінісі болатынын алдын ала айтқан (Лұқа 1:78).

Ехобаның мейірімді рақым танытпайтын кездері

17—19. а) Ехобаның мейірінің шегі бар екені Киелі кітаптан қалай көрінеді? ә) Неліктен Ехобаның мейірімді рақымы шегіне жетті?

17 Ехобаның мейірімі шексіз бе? Жоқ. Өйткені Киелі кітапта өзінің әділ нормаларына қарсы әрекет ететін адамдарға қатысты Ехобаның мейірім танытудан бас тартуға құқы бар екені анық көрсетіледі (Еврейлерге 10:28). Оның неге бұлай ететінін түсіну үшін, тағы да Исраил халқымен болған жағдайды қарастырып көрейік.

18 Ехоба исраилдіктерді жауларынан қайта-қайта азат етіп отырғанымен, ақырында мейірімді рақымы шегіне жетеді. Сол тоң мойын халық мүсіндерге табынып, тіпті құдайларының жексұрын мүсіндерін Ехобаның ғибадатханасына да әкеледі! (Езекиел 5:11; 8:17, 18) Киелі кітапта былай делінген: “Олар Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келемеждей берді. Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді сауықтырудың ешбір шарасы қалмады” (Шежірелер 2-жазба 36:16, сілтемені қара). Исраилдіктер шектен шығып кетті, оларға мейірім танытуға лайықты еш негіз қалмады. Олар Ехобаны әділ ашу шақыруға мәжбүр етті. Мұның нәтижесі қандай болды?

19 Бұдан былай Ехоба оларға мейірімді рақым таныта алмады. “Оларды аямаймын және кешірмеймін, тіпті құртып жіберуден де тайынбаймын”,— деді ол (Еремия 13:14). Сондықтан Иерусалим мен оның ғибадатханасы күйретіліп, ал исраилдіктер Бабылға құлдыққа айдалды. Күнәкар адамдардың сонша қыңыр болып, тіпті Құдайдың мейірімді рақымын сарқылуға жеткізгені қандай өкінішті! (Еремияның зары 2:21)

20, 21. а) Бүгінде Құдайдың мейірімді рақымы шегіне жеткенде не болады? ә) Келесі тарауда Ехобаның мейірімді рақыммен берген қандай сыйы жөнінде әңгімеленеді?

20 Бүгінгі күн жөнінде не деуге болады? Ехоба өзгерген жоқ. Ол мейірімді рақымына бола Куәгерлеріне Патшалық туралы ізгі хабарды бүкіл жер жүзінде уағыздауды тапсырды (Матай 24:14). Егер таза ниетті адамдар құлақ асса, Ехоба олардың Патшалық туралы хабарды түсінулеріне көмектеседі (Елшілердің істері 16:14). Бірақ бұл хабар мәңгі уағыздала бермейді. Ехобаның осы зұлым дүниенің жойылмай, қайғы-қасіреттің мәңгіге созыла беруіне жол беруі мейірімділікке жатпас еді. Құдайдың мейірімінің шегі жеткенде, осы дүниеге шығарған үкімін жүзеге асырады. Тіпті сол кездің өзінде “қасиетті есімін” және адал қызметшілерін аяғандықтан, мейірімді рақымына сай әрекет етеді (Езекиел 36:20—23). Ехоба жер бетін зұлымдықтан тазартып, әділ адамдарды жаңа дүниеге кіргізеді. Ал зұлымдарға қатысты ол былай дейді: “Көздерім аямайды, рақымшылық та жасамаймын. Жүрген жолдарын міндетті түрде бастарына келтіремін” (Езекиел 9:10, ЖД).

21 Сол уақыт келгенше, Ехоба адамдарға, тіпті жойылуға лайықтыларға да мейірімді рақымын көрсетіп отыр. Ал шын жүректен күнәларына өкінетіндер оның мейірімділігінің ең зор көріністерінің бірі — кешірімге ие бола алады. Келесі тарауда біз Ехобаның қаншалықты толық кешіретінін көрсететін көркем бейнелерді қарастырамыз.

a Бір ескеретін жайт, Забур 102:13-те еврей тілінің ра·хам етістігі әкелік мейірімге қатысты қолданылған.