15-ОҚИҒА
Луттың әйелінің бұрылып артына қарауы
ЛУТ пен оның отбасы Ыбырайыммен бірге Қанахан жерінде өмір сүретін. Бір күні Ыбырайым Лутқа былай деді: “Мына жер біздің мал-жайымызға аздық жасап жатыр. Бір-бірімізден бөлінейік. Қалаған жеріңді таңдап ал. Сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа кетейін”.
Лут айналасына көз тастады. Ол шөбі, суы мол, малға жайлы бір жерді көрді. Бұл Иордан өзенінің маңайы еді. Осылайша Лут пен оның отбасы мал-жайын алып, сол маңайға көшіп кетті. Ақыр аяғында олар Содом қаласына келіп қоныстанды.
Содомның тұрғындары жаман ниетті, бұзылған халық еді. Луттың өзі ниеті түзу, жақсы адам болғандықтан, олардың іс-әрекеттерінен оның жаны жай таппайтын. Жаратқан Иеге де олардың іс-әрекеттері ұнамайтын. Ақырында Құдай Содом мен оның жанындағы Ғомора қаласын жаман қылықтары үшін құртып жіберетіндіктен, бұл қалалардан Луттың шығып кетуін ескертуге екі періштесін жіберді.
Періштелер Лутқа: “Жинал! Әйеліңді, қолыңдағы екі қызыңды алып, кетіп қал!”— деді. Лут пен оның отбасы қашуға асықпады, сондықтан періштелер оны, әйелін, екі қызын қолдарынан ұстай, сыртқа сүйрей жөнеліп, қаланың сыртына шыққанда ғана қоя берді. Сосын, періштелердің бірі былай деді: “Өмірлеріңді сақтап қалу үшін қашыңдар! Арттарыңа бұрылып қарамаңдар. Өліп қалмау үшін тауға барып, сонда паналаңдар”.
Лут пен оның екі қызы бұл сөздерге құлақ асып, Содомнан қаша жөнелді. Олар бір сәтке де кідірмеді, бұрылып арттарына да қарамады. Бірақ Луттың әйелі тіл алмады. Содомнан шығып, біраз жер жүргеннен кейін, ол тоқтады да, бұрылып артына қарады. Сол сәтте ол бірден тұзды бағанаға айналып кетті. Мына суретте сен оны көріп тұрсың ба?
Бұл оқиғадан біз өзіміз үшін жақсы сабақ ала аламыз. Құдайдың тілін алғандар аман қалып, ал оның тілін алмағандар аман қалмайтындығы анық.