Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

39-ОҚИҒА

Һаронның аса таяғының гүлдеуі

Һаронның аса таяғының гүлдеуі

МЫНА гүлдеп, бадам ағашының жемісін беріп тұрған аса таяққа қарашы. Бұл Һаронның аса таяғы. Һаронның аса таяғы бір түннің ішінде бүр жарып, гүлдеп, жеміс берді! Неге бұлай болғанын көрелік.

Исраилдіктер шөл далада қаңғып жүрген кез еді. Сонда олардың кейбіреулеріне Мұсаның басшы, ал Һаронның бас діни қызметкер болмауы керек сияқты болып көрінеді. Осылай ойлағандардың арасында Қорах, Датан, Абирам бар болатын, сонымен қатар оларға халық арасынан екі жүз елу рубасылары да қосылды. Бұлардың барлығы жиылып, Мұсаға келді де:

— Неге сендер өздеріңді бізден жоғары қоясыңдар?— деді.

Сонда Мұса Қорах пен оның соңынан ергендерге былай деді:

— Ертең таңертең хош иісті шайыр түтеткіштеріңе шайыр салыңдар да, Ехобаның шатырына келіңдер. Сол жерде Ехобаның кімді таңдағанын көресіңдер.

Келесі күні Қорах пен оған ерген екі жүз елу кісі шатырға келді. Оларды қолдау үшін басқа да көптеген кісілер келді. Ехоба бұған қатты ашуланды. Мұса исраилдіктерге былай деді:

— Мына оңбаған адамдардың күркелерінен аулақ кетіңдер. Олардың ешбір затына жоламаңдар.

Халық бұл сөздерге құлақ асып, Қорахтың, Датанның және Абирамның күркелерінен аулақ барып тұрды.

Сонда Мұса:

— Енді сендер Ехобаның кімді таңдағанын білесіңдер. Жер қақ жарылады да, мына оңбағандарды жұтып қояды,— деді.

Мұса сөзін аяқтап бола бергенде, жер қақ жарылды да, Қорахтың күркесі мен мал-мүлкі және Датан мен Абирамның жанындағылар жарылған жерге түсіп кетті, сөйтіп, олардың үстінен жер қайта жабылып қалды. Исраилдіктер олардың жер астына құлағандағы ащы дауыстарын естігенде:

— Қашайық! Әйтпесе бізді де жер жұтып қояды!— деп айғайлады.

Қорах пен оған ерген екі жүз елу кісі әлі шатырдың жанында тұрған еді. Сонда Ехоба өрт шығарып жіберді де, олардың барлығы қырылып қалды. Содан соң Ехоба Һаронның ұлы Елазарға өлген кісілердің шайыр түтеткіштерін балқытып, құрбандық шалатын үстелді қаптайтын жұқа қаңылтыр құюды бұйырды. Құрбандық шалатын үстелдің бетіндегі бұл қаңылтыр Һарон мен оның ұлдарынан басқа ешкім Ехобаға діни қызметкер бола алмайтындығын исраилдіктердің есіне салып тұратын болды.

Алайда Ехоба өзіне діни қызметкерлікке Һарон мен оның ұлдарын таңдағанын айқын көрсеткісі келді. Сондықтан ол Мұсаға былай деді:

— Исраилдің әрбір ру басы өзінің аса таяғын әкелсін. Ал Леуі руынан аса таяқты Һарон әкелсін. Сосын, бұл аса таяқтарды келісім сандығының алдына қой. Мен діни қызметкер етіп таңдаған кісінің аса таяғы бүр жарып, гүлдейді.

Келесі күні таңертең Мұса келіп қараса, Һаронның аса таяғы бүр жарып, гүлдеп, жеміс те беріпті! Ехоба Һаронның аса таяғын неге гүлдеткенін енді түсіндің бе?