67-ОҚИҒА
Жосафаттың Ехобаға сенім артуы
МЫНА адамдардың кім екенін және олардың не істеп жатқанын білесің бе? Бұл кісілер соғысуға бара жатыр, ал алдыңғы шепте келе жатқан кісілер ән айтып келеді. Алайда сен: “Ән айтып келе жатқан кісілердің соғысатын семсерлері мен найзалары неге жоқ?”— деп сұрарсың. Кел, білейік.
Исраилдің екі рулы патшалығында Жосафат билік етуде. Ол он рулы солтүстік патшалықта Ахаб патша мен Езабел билік етіп отырғанда өмір сүрді. Сөйтсе де Жосафат әкесі Аса сияқты жақсы патша болды. Сондықтан екі рулы оңтүстік патшалықтың халқы ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүреді.
Алайда халықты дүрліктірген бір оқиға болады. Жосафатқа шабармандар келіп:
— Моаб, Аммон және Сейір тауынан сенімен соғысу үшін қалың қол келеді,— деп хабарлайды. Көптеген исраилдіктер Ехобадан көмек сұрау үшін Иерусалимге келеді. Олардың барлығы ғибадатханаға қарай бет алады, ал Жосафат болса сол жерде былай деп дұға етеді:
— Уа, Ехоба Тәңіріміз, біз не істерімізді білмейміз. Мына қалың қолдың алдында дәрменсізбіз. Біз сенен көмек күтеміз.
Ехоба оларды естиді де, қызметшілерінің бірі арқылы халықты:
— Бұл сендердің шайқастарың емес, Құдайдікі. Сендерге соғысудың қажеті болмайды. Тек Ехобаның сендерді қалай құтқаратынына қарап тұрасыңдар,— деп жігерлендіреді.
Ертеңіне Жосафат халықты шақырып алады да:
— Ехобаға сенім артыңдар!— дейді. Сосын, ол әскердің алдына әншілерді қояды да, олар Ехобаны мадақтауға арналған әндер айтып шеруді бастап жүреді. Олар ұрыс болатын жерге жақындағанда, не болғанын білесің бе? Ехоба жаудың әскерін бір-біріне қарсы қояды. Исраилдіктер ұрыс болатын жерге келсе, жауларының бірі қалмай қырылып жатыр!
Жосафаттың Ехобаға сенім артқаны дұрыс болды ғой, солай емес пе? Сол сияқты біздің де Ехобаға сенім артқанымыз дұрыс.