Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

103-ОҚИҒА

Кілттеулі есік арқылы бөлмеге ену

Кілттеулі есік арқылы бөлмеге ену

ПЕТІР мен Жохан Иса жатқан қабірден кетіп қалады да, Мәриям жалғыз қалады. Ол жылай бастайды. Сосын, алдыңғы суретте көрсетілгендей, ол қабірдің ішіне үңіледі. Ол жерден екі періштені көреді! Олар Мәриямнан:

— Неге жылап тұрсың?— деп сұрайды.

— Иемді алып кетіпті. Енді қай жерге қойғандарын білмеймін,— деп жауап береді ол. Осыны айтқаннан кейін, ол артына бұрылады да, бір адамның тұрғанын көреді. Ол адам Мәриямнан:

— Кімді іздеп жүрсің?— деп сұрайды.

Мәриям оны бағбан екен деп, Исаның сүйегін сол алған болар деп ойлайды. Сондықтан одан:

— Оны алып кеткен сіз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы,— дейді. Ал шын мәнінде бұл кісі Исаның өзі болатын. Ол Мәриям танымайтын бөгде тәнде көрінеді. Иса Мәриямның атын атаған кезде, ол бұл кісінің Иса екенін тани кетеді. Мәриям жүгіріп барады да, оның шәкірттеріне: “Мен Иемізді көрдім!”— деп хабарлайды.

Бұдан кейін тап сол күні Еммаус деген ауылға бара жатқан Исаның екі шәкіртіне бір кісі таяп келеді. Шәкірттері Исаның өлімі үшін қатты қайғырып келе жатқан болатын. Алайда мына адам жол үстінде Киелі кітаптан көп нәрсе түсіндіреді де, олар сәл сергіп қалады. Әлденіп алу үшін бір жерге тоқтаған кезде, шәкірттері бұл адамның Иса екенін тани қояды. Сол сәтте Иса ғайып болады, ал шәкірттері болса елшілерге болған жайды айтып беру үшін қайта Иерусалимге қарай жүгіре жөнеледі.

Осы уақытта Иса Петірге де көрінеді. Бұл жөнінде басқа шәкірттері білгенде, олар да қуанады. Бұдан кейін әлгі екі шәкірт Иерусалимге келіп, елшілерді тауып алады. Олар да жолда Исаның көрінгенін айтып береді. Олар осы туралы айтып жатқан кезде не болғанын білесің бе?

Мына суретке қарашы. Есіктің кілттеулі тұрғанына қарамастан, бөлменің ішінде Иса пайда болады. Шәкірттердің қуанышында шек жоқ! Бұл жан толғантатын күн емес пе? Сен Исаның шәкірттеріне қанша рет көрінгенін санап шыға аласың ба? Сенің есебің бойынша бес рет болды ма?

Иса шәкірттеріне көрінген кезде, араларында елші Тома жоқ болатын. Кейінірек шәкірттер оған: “Біз Иемізді көрдік!”— дейді. Алайда Тома Исаны өз көзімен көрмесе, бұған сенбейтінін айтады. Содан сегіз күннен кейін олар тағы да бір бөлмеге жиналып, есікті кілттеп қояды. Бұл жолы араларында Тома да бар еді. Кенет бөлмеде Иса пайда болады. Енді бұған Тома да сенеді.