Әйүп 38:1—41

  • Ехобаның адамның қаншалықты дәрменсіз екенін көрсетуі (1—41)

    • “Жер жаратылғанда сен қайда едің?” (4—6)

    • “Құдай ұлдары шаттана мадақ айтқанда, қайда едің?” (7)

    • Табиғи құбылыстарға қатысты сұрақтар (8—32)

    • “Аспан денелерін басқаратын заңдар” (33)

38  Сонда Ехоба Әйүпке боран ішінен былай деп жауап берді+:   “Байыбына бармай сөйлеп,Менің байламымды көмескілеп жатқан бұл кім өзі+?   Кәне, нағыз ердей беліңді бушы,Мен сұрайын, ал сен жауап бер.   Түсінікке иемін деп ойласаң, айтшы,Мен жердің негізін қалағанда сен қайда едің+?   Оның өлшемдерін жасаған,Көлденең белдеу тартқан кім екенін білесің бе?   Оның тұғыры неге орналасқан? Бұрыштық тасын кім қалаған+?   Таңғы жұлдыздар+ қуана айғайлағанда,Құдай ұлдарының*+ бәрі шаттана мадақ айтқанда, сен қайда едің?   Теңіз құрсақтан шығуға ұмтылғандай буырқанғанда,Қақпаларды жауып, жолына бөгет қойған кім+?   Мен оны бұлтқа орап, қара түнекпен құндақтап қойғанымда, 10  Оның шегарасын белгілеп,Қақпалары мен ысырмаларын орнатқанымда+, 11  Сосын оған: —Мына жерге дейін келесің, әрі қарай бармайсың,Тәкаппар толқындарың осы жерден тоқтасын!— дегенімде+, сен қайда едің? 12  Таңның атуына бұйрық етіп,Күннің қайдан шығуына нұсқау берген кезің болған ба+? 13  Таңға шапағын жердің шетіне дейін шашып,Оның үстінен зұлымдарды сілкіп тастауды бұйырғансың ба+? 14  Жарық түскенде жер сазға мөр басқандай айқындалып,Ондағының бәрі орын-орнына киімдей қона қалады. 15  Ал зұлымдар жарығынан айырылады,Жоғары көтерген қолдары сынады. 16  Сен теңіз түбіндегі қайнарларға дейін жеткенсің бе? Су тұңғиықтарын шарлап зерттегенсің бе+? 17  Өлімнің қақпаларын+ тауып,Қара түнектің қақпаларын көрген бе едің+? 18  Ұшан-теңіз жердің ауқымын ұққансың ба+? Осының бәрін білсең, айтшы, кәне. 19  Жарықтың тұрағына барар жол+,Қараңғылықтың мекені қайда? 20  Оларды өз жеріне жеткізіп салу үшін,Үйлеріне апаратын жолды біле аласың ба? 21  Осының бәрін білетіндей, сол заманда туылып,Соншалықты көп жасадың ба? 22  Қар сақталатын қамбаларға кіріп+,Бұршақ сақталатын қоймаларды көрген бе едің+? 23  Мен оларды апат келетін кез үшін,Шайқас пен соғыс болатын күн үшін сақтап отырмын+. 24  Жарық қай жақтан төгіліп*,Шығыс желі жер бетіне қай жақтан соғады+? 25  Ағын суға кім арна қазып,Күн күркірететін қара бұлтқа кім жол дайындайды+? 26  Бұлттар елсіз далаға,Тірі жан тұрмайтын шөл далаға жаңбыр болып түседі+, 27  Құлазыған иен даланы суарып,Оны жасыл желекке киіндіреді+. 28  Жаңбырдың әкесі бар ма+? Шық тамшыларын дүниеге келтіретін кім+? 29  Мұз кімнің құрсағынан шығады? Көктен түсетін қырауды кім туады+? 30  Қашан су беті таспен қапталғандай болып,Терең сулардың беті қатып қалады+? 31  Сен Кима шоқжұлдызының* шоғырын байлап,Кесил шоқжұлдызының* түйінін шеше аласың ба+? 32  Шоқжұлдызды* өз мезгілінде шығарып,Аш шоқжұлдызын* балаларымен қоса жетелеп жүре аласың ба? 33  Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе+? Жер бетіне олардың* билігін орната аласың ба? 34  Даусыңды бұлттарға дейін жеткізіп,Үстіңе нөсер жаудыра аласың ба+? 35  Найзағай ойнату қолыңнан келе ме? Олар саған келіп “Біз мұндамыз!” дей ме? 36  Бұлттарға* даналық дарытып+,Аспан құбылыстарына* түсінік берген кім+? 37  Бұлттарды есептеуге кімнің даналығы жетеді? Аспан ыдыстарын кім төңкеріп тастай алады+? 38  Сонда шаң-тозаң балшыққа айналады,Топырақ кесектері бір-біріне жабысады. 39  Сен арыстанға жемтігін ұстап беріп,Жас арыстандардың қарнын тойдыра аласың ба+? 40  Апандарында шабуылға даярланыпНе тасада жемтігін аңдып жатқанда, тояттандыра аласың ба? 41  Қарғаның балапандары тамақ таппай,Құдайдан көмек сұрағанда,Қарғаға азық даярлап қоятын кім+?

Сілтемелер

“Құдай ұлдары” деген еврей тіліндегі тіркес періштелерге нұсқайды.
Мүмкін: “Найзағай қай жақтан жарқылдап”.
Торпақ шоқжұлдызындағы Үркер жұлдыз шоғыры жөнінде айтылып тұрса керек.
Үшарқар-Таразы шоқжұлдыздары жөнінде айтылып тұрса керек.
Сөзбе-сөз “Маззарот”. П2ж 23:5-те осы сөзбен түбірлес көпше түрдегі сөз зодиак шоқжұлдыздарына нұсқайды.
Жетіқарақшы шоқжұлдызы жөнінде айтылып тұрса керек.
Мүмкін: “оның”.
Мүмкін: “Адамға”.
Мүмкін: “Ой-санаға”.