Әйүп 10:1—22

  • Әйүптің сөзінің жалғасы (1—22)

    • “Неге Құдай маған өш боп жүр?” (2)

    • Құдай мен жұмыр басты Әйүптің арасындағы айырмашылық (4—12)

    • “Азғана болса да серпілейінші” (20)

10  Мен өз өмірімнен жиренемін+;Тілімнің тиегін ағытамын,Ашына сөйлеп, назымды айтамын!   Құдайға былай деймін: “Мені айыптамашы. Неге маған өш боп жүргеніңді білдіре көрші.   Айтшы, өз қолыңмен жаратқан пендеңді+ қанап,Түкке тұрғысыз етуден,Ал зұлымның пиғылын мақұлдаудан саған не пайда?   Сенің көзің адам баласының көзіндей ме? Әлде сен пенденің көргенін ғана көресің бе?   Өмірің пенденікіндей келте,Ғұмырың адам баласынікіндей шолақ па еді+?   Неге қателігімді іздеп,Күнә жасағанымды аңдисың+?   Менің еш кінәм жоқ екенін білесің+,Бірақ сенің қолыңнан мені ешкім құтқара алмайды+.   Мені өз қолыңмен қалыптастырған ең+,Ал енді түптамырыммен құртпақсың.   Есіңе алшы, мені балшықтан жасаған едің ғой+. Ал енді қайта топыраққа айналдырмақсың+. 10  Мені сүттей құйып,Ірімшіктей қойылтқан өзің емес пе ең? 11  Сүйектерім мен сіңірлерімді біріктіре тоқып,Оларға ет бітіріп, терімен қаптаған да өзің+. 12  Сен маған өмір беріп, айнымас сүйіспеншілік таныттың,Қамқорлап қорғап жүрдің+. 13  Бірақ жүрегіңде пәлеге ұшыратуды ойладың,Білемін, мұның бәрі сенен келіп жатыр. 14  Күнә жасасам, бақылап тұрып+,Қателігімді кешірмес едің. 15  Егер кінәм бар болса, қасіретке қалғаным! Тіпті кінәсіз болсам да, басымды көкке қарай көтере алмаймын+,Өйткені әбден жер болып, азап шегудемін+. 16  Ал егер басымды көтерсем, маған арыстандай тап беріп+,Тағы да айбынды құдіретіңді көрсетер ең. 17  Маған қарсы сөйлету үшін жаңа куәларды әкелесің,Қатуланып, қаһарыңды күшейте бересің,Қиыншылықты қарша боратасың. 18  Несіне мені анамның құрсағынан шығардың+? Ешкім көрмей тұрғанда жер құшып, 19  Ешқашан болмағандай құрып кеткенімде ғой! Ана құрсағынан бірден көрге кіргенімде ғой!” 20  Өмірім қамшының сабындай қысқа емес пе+?! Құдай мені өз жайыма қалдырса екен,Менен жанарын тайдырса екен, сонда азғана болса да серпілер ем+; 21  Себебі мен көп ұзамай қайта оралмас сапарға аттанамын+,Қара түнекке оранған+, 22  Көзге түртсе көргісіз қараңғылыққа шомған,Қою қара көлеңке басқан, тәртіпсіздік орнаған,Жарығының өзі қара түнектей жерге барамын”.

Сілтемелер