Шежірелер 2-жазба 22:1—12

  • Ахазия — Яһуда патшасы (1—9)

  • Аталияның тақты тартып алуы (10—12)

22  Иерусалим тұрғындары Жорамның орнына кенже ұлы Ахазияны патша етіп қойды. Өйткені арабтармен бірігіп келіп, Яһуда қосына шабуыл жасаған тонаушылар Жорамның үлкен ұлдарының бәрін өлтіріп тастаған еді+. Содан Жорам ұлы Ахазия Яһуда елінде билік ете бастады+.  Ол 22 жасында патша болып, Иерусалимде бір жыл билік етті. Оның анасы Омридің+ немересі Аталия+ еді.  Ахазия да Ахаб үйінің жолымен жүрді+, өйткені ол анасының кеңесімен зұлым істер жасайтын.  Әкесі өлгеннен кейін, Ахаб үйі оның кеңесшісіне айналды. Сондықтан ол да солар сияқты, Ехобаға ұнамсыз істер жасай берді. Ақырында бұл оның түбіне жетті.  Ахазия солардың кеңесімен Исраил патшасы Ахабтың ұлы Жорамға еріп, Сирия патшасы Хазаелмен+ соғысуға Рамот-Ғалақатқа+ барды. Сол шайқаста Жорамды садақшылар жарақаттады.  Жорам Рамақта Сирия патшасы Хазаелмен соғысқанда алған жарақатын емдеу үшін Езрехелге+ келді+. Сонда Яһуда патшасы Жорам+ ұлы Ахазия* науқастанып жатқан Ахаб ұлы Жорамның+ халін сұрау үшін Езрехелге ылдилап барды+.  Бірақ бұл Құдайдың еркімен болды. Өйткені ол Ахазияны сол жерде өлімге ұшыратуды ұйғарып қойған еді. Езрехелге келгеннен кейін, Ахазия Жорамға еріп, Нимшидің немересі Иқуды+ қарсы алмақ болып алдынан шықты. Ал Ехоба Иқуды Ахаб үйінің көзін құртуға тағайындаған еді+.  Иқу Ахаб үйіне шығарылған үкімді жүзеге асырып жатқанда, Яһуда бекзадаларын және Ахазияның бауырларының патшаға қызмет етіп жүрген ұлдарын кездестіріп, олардың бәрінің көзін құртты+.  Сосын ол Ахазияның өзіне де іздеу салды. Адамдары оны Самарияда жасырынып жатқан жерінен тауып алып, Иқудың алдына әкеліп, сол жерде өлтірді+. Бірақ олар: “Ол — Ехобаны бар жүрегімен іздеген Жосафаттың+ немересі ғой”,— десіп, оның мәйітін қабірге қойды. Осылай Ахазияның үйінде патшалық етуге қабілетті ешкім қалмады. 10  Ахазияның шешесі Аталия+ ұлының қаза болғанын естігенде, Яһуда еліндегі патша тұқымын түгел қырып тастады+. 11  Бірақ Жорамның қызы Ехошабат өлімге бұйырылған патша ұлдарының арасынан Ахазияның ұлы Жоғас+ пен оның бағушы әйелін ұрлап әкетіп, түкпірдегі жатын бөлмеге жасырып қойды. (Ехошабат Жорам+ патшаның қызы, Ахазияның әпкесі еді, ал оның күйеуі діни қызметкер Еходай+ болатын.) Осылай Ехошабат Жоғасты Аталиядан жасырып, аман алып қалды+. 12  Олар баланы шынайы Құдайдың үйінде алты жыл бойы жасырып ұстады, бұл уақытта елді Аталия биледі.

Сілтемелер

Еврей тіліндегі кейбір қолжазбаларда “Азария”.