Шежірелер 2-жазба 14:1—15
14 Ақырында Әбиях ата-бабаларына қосылды да, сүйегі Дәуіттің қаласына+ қойылды. Орнына ұлы Аса таққа отырды. Асаның тұсында елде он жыл тыныштық болды.
2 Аса Құдайы Ехобаның алдында ізгі де ұнамды істер істеді.
3 Ол бөтен құдайлардың құрбандық орындары+ мен ғибадат төбелерін қиратты, қасиетті бағаналарды талқандап+, қасиетті ағаш бағаналарды* кесіп тастады+.
4 Бұған қоса, ол Яһуда еліне ата-бабаларының Құдайы Ехобаға ғибадат етуді, оның Заңы мен өсиеттерін орындауды тапсырды.
5 Патша Яһуданың барлық қалаларындағы ғибадат төбелері мен хош иісті зат түтететін орындарды қиратып тастады+. Асаның тұсында ел тыныштықта өмір кешіп жатты.
6 Ехоба тыныштық сыйлап+, ел соғыссыз бейбіт өмір сүріп жатқан уақытта патша Яһуда елінде бекіністі қалалар тұрғызды+.
7 Ол халыққа: “Өзімізге қалалар соғып, сыртын мұнаралары, қақпалары мен ысырмалары бар қабырғамен+ қоршайық. Біз Құдайымыз Ехобаға ғибадат етіп жүргендіктен, ел біздің меншігімізде. Өзіне ғибадат еткендіктен, ол бізге айналамыздағы барлық жауларымыздан тыныштық сыйлап отыр”,— деді. Содан жұрт құрылысқа кірісіп, істері сәтті болды+.
8 Асаның қалқан, найзамен жабдықталған 300 000 яһудалық сарбазы, сондай-ақ шағын қалқан және садақпен жабдықталған 280 000 бенияминдік ержүрек сарбазы+ болды.
9 Кейінірек эфиопиялық Зарах 1 000 000 әскермен және 300 соғыс арбасымен+ Яһудаға қарсы аттанды. Ол Марешахқа+ таяғанда,
10 Аса оған қарсы аттанды. Олар Марешахтың тұсындағы Сепата аңғарына келіп, сап түзеді.
11 Сонда Аса Құдайы Ехобаға сиынып+ былай деді: “Уа, Ехоба, сен үшін күштіге де, әлсізге де көмектесу түк емес+. Уа, Ехоба Құдайымыз, бізге көмектесе көрші. Өйткені біз саған арқа сүйеп+, сенің атыңа сеніп, мына қалың нөпірге қарсы шығып отырмыз+. Уа, Ехоба, сен біздің Құдайымызсың. Жұмыр басты пенденің өзіңнен үстем болуына жол бермеші+”.
12 Сонда Ехоба Аса патша мен Яһуданың алдында эфиопиялықтарға соққы берді де, олар қаша жөнелді+.
13 Аса мен әскері жауды Герарға+ дейін қуа отырып, бірі қалмағанша қырды. Осылай Ехоба мен оның әскері эфиопиялықтардың тас-талқанын шығарды. Яһудалықтар мол олжаға кенелді.
14 Герардың айналасындағы қалалардың бәрін Ехобадан келген үрей билегендіктен, яһудалықтар оларды басып алды. Олар сол қалаларды жаппай тонады, өйткені онда алатын олжа мол еді.
15 Яһудалықтар малшылардың шатырларына да шабуыл жасап, олардың отар-отар ұсақ малы мен түйелерін тартып алды. Бұдан кейін Иерусалимге оралды.
Сілтемелер
^ Түсіндірмені қараңыз.