Шежірелер 2-жазба 11:1—23

  • Робоғамның билік құруы (1—12)

  • Адал леуіліктердің Яһудаға көшуі (13—17)

  • Робоғамның отбасы (18—23)

11  Робоғам Иерусалимге келе сала, Яһуда мен Бениямин+ үйінен 180 000 таңдаулы сарбаз жинап, Исраилмен соғысып, патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды+.  Сол кезде Ехоба пайғамбары Шемаяхқа+ былай деді:  “Яһуда патшасы Сүлеймен ұлы Робоғамға, Яһуда мен Бениямин жеріндегі күллі исраилдіктерге мынаны айт:  —Ехоба былай дейді: “Исраилдік бауырларыңмен соғысуға бармаңдар. Барлығың үйді-үйлеріңе қайтыңдар. Себебі бұны істеп отырған — өзім+”. Содан олар Ехобаның сөзіне құлақ асып, Еробоғамға қарсы аттанбай, үйлеріне тарасты.  Робоғам Иерусалимде тұрып жатты. Ол қорғану үшін Яһуда жерінде бекіністі қалалар сала бастады.  Патша мына қалаларды салды*: Бетлехем+, Етам, Текоя+,  Бет-Сұр, Сохо+, Адоллам+,  Ғат+, Марешах, Зиф+,  Адораим, Лахиш+, Әзек+, 10  Сора, Аялон+, Хеброн+. Бұлар Яһуда мен Бениямин жеріндегі бекіністі қалалар. 11  Робоғам бекіністі қалаларды күшейтіп, сонда қолбасылар тағайындап, оларды азық-түлікпен, май және шараппен қамтамасыз етті. 12  Ол басқа қалалардың бәрін де үлкен қалқандармен, найзалармен жабдықтап, барынша бекітті. Осылай яһуда мен бениямин руы Робоғамның билігінде қалды. 13  Исраилдің жер-жерінде тұратын діни қызметкерлер мен леуіліктер Робоғамды қолдады. Олар елдің барлық аймақтарынан оның қасына жиналды. 14  Леуіліктер жайылымдары мен иеліктерін+ тастап, Яһуда мен Иерусалимге көшіп келген еді. Өйткені Еробоғам мен оның ұлдары оларды Ехобаның алдындағы діни қызметкерлік міндеттерінен аластатқан болатын+. 15  Еробоғам өзінің діни қызметкерлерін тағайындады. Олар ғибадат төбелерінде+ және ешкіге ұқсас жындар+ мен өзі жасаған бұзау мүсіндерінің+ алдында қызмет ететін болды. 16  Күллі Исраил руларының арасында Исраилдің Құдайы Ехобаны іздеуге бекінген адамдар бар еді. Олар діни қызметкерлер мен леуіліктерге еріп, ата-бабаларының Құдайы Ехобаға құрбандық шалу үшін Иерусалимге келді+. 17  Олар Яһуда патшалығын күшейту үшін үш жыл бойы күш салып, Сүлейменнің ұлы Робоғамға қолдау көрсетті. Осы уақыт аралығында олар Дәуіт пен Сүлейменнің жолынан таймады. 18  Робоғам Дәуіттің ұлы Еримоттан туған Махалатты әйелдікке алды. Оның анасы Есейдің ұлы Елияптан+ туған Әбихаил болатын. 19  Махалат оған Еуш, Шемариях, Захам деген үш ұл туып берді. 20  Робоғам Махалаттан кейін Абессаломның+ немересі Мағақты әйелдікке алды. Одан Әбиях+, Аттай, Зиза, Шеломит туды. 21  Робоғам Абессаломның немересі Мағақты басқа әйелдері мен кәнизактарына+ қарағанда көбірек жақсы көрді. Оның 18 әйелі, 60 кәнизагы болды. Робоғам олардан 28 ұл, 60 қыз сүйді. 22  Патша Мағақтан туған Әбияхты өзінен кейін патша еткісі келді. Сондықтан ұлдарының арасынан оны басшы әрі жетекші етіп тағайындады. 23  Робоғам көрегендікпен әрекет етіп, ұлдарының кейбірін Яһуда мен Бенияминнің барлық аймақтарындағы бекіністі қалаларға+ орналастырды. Патша оларды азық-түлікпен молынан қамтамасыз етіп, көп әйел алып берді.

Сілтемелер

Немесе “бекітті”.