Уағыздаушы 2:1—26

  • Сүлейменнің әр нәрсеге баға беруі (1—11)

  • Адам даналығының салыстырмалы құны (12—16)

  • Ауыр еңбек бос әурешілік (17—23)

  • Ішіп-жеу, бейнеттің зейнетін көру (24—26)

2  Сосын мен іштей: “Кәне, ләззат-ермекке беріліп, оның не жақсылығы бар екенін көрейін”,— дедім. Сөйтсем, бұл да бос әурешілік екен.   Күлкі жайлы “Ессіздік!” дедім. Ләззат-ермек туралы “Бұдан не пайда?” дедім.  Шарап ішіп рақаттанып көрейін дедім+, әйтсе де ақылымды жоғалтпадым. Тіпті ақымақтыққа беріліп, адам баласы үшін аспан астындағы азғана ғұмырында ненің ең жақсы екенін білмек болдым.  Мен үлкен істерді қолға алдым+: өзіме арнап үйлер соғып+, жүзімдіктер отырғыздым+.  Бау-бақшалар мен саябақтар жасап, ішіне алуан түрлі жеміс ағаштарын ектім.  Жайқалған ағаштары бар тоғайларымды суғару үшін тоғандар жасадым.  Көптеген құл-күңге ие болдым+, өз сарайымда туылған құл-күңдерім де болды. Сондай-ақ ірілі-ұсақты малымның қыруар болғаны сонша+ — Иерусалимде маған дейін билік еткендердің* бәрінікінен де асып түсті.  Алтын-күміс те жинадым+, патшалар мен бағынышты аймақтардың қазынасына ие болдым+. Қасыма әнші қыз-жігіттер, сондай-ақ адам баласына зор қуаныш сыйлайтын бикеш, иә, көп бикеш жинадым.  Осылайша ұлылығым арта түсіп, Иерусалимде маған дейін билік еткендердің бәрінен асып түстім+. Әйтсе де даналығымды жоғалтқан жоқпын. 10  Көзім қалағанның ешқайсысынан бас тартпадым+. Көңіл көтерудің қай-қайсысынан да өзімді шектемедім. Еңбегімнің арқасында жүрегім қуанышқа толды. Бұл бар бейнетімнің зейнеті еді+. 11  Алайда өз қолыммен істеген бар ісіме, атқарған бар бейнетіме қарап ой жүгірткенімде+, бәрі де желдің соңынан қуғандай бос әурешілік екенін көрдім+. Жарық күн астында нағыз құны бар ештеңе жоқ екен+. 12  Сосын даналыққа, ессіздік пен ақымақтыққа көңіл аудардым+. (Патшадан кейін келетін адам не істей алады? Бұрын істелгендерді ғана істейді.) 13  Сонда жарықтың түнектен артық екеніндей, даналықтың да ақымақтықтан артық екенін көрдім+. 14  Дана жан анық көреді*+, ал ақымақ қара түнекте жүреді+. Бірақ екеуінің де баратын жері бір екен, мұны да түсіндім+. 15  Сонда іштей: “Ақымақтың басына түсетіні менің де басыма түседі”,— дедім+. Олай болса, несіне сонша дана болдым? Содан ішімнен: “Бұл да бос әурешілік”,— дедім. 16  Өйткені дана адам да, ақымақ адам да мәңгі есте қалмайды+. Болашақта бәрі ұмытылады. Ақымақ сияқты, дана да өледі+. 17  Сондықтан да өмірді жек көріп кеттім+, өйткені жарық күннің астында жасалып жатқан істің бәрі маған адамды күйіндіретіндей көрінді+. Себебі бәрі — желдің соңынан қуғандай бос әурешілік+. 18  Мен жарық күн астындағы істеген бар еңбегімді+ жек көріп кеттім, өйткені бәрін өзімнен кейінгі адамға қалдырып кетуім керек+. 19  Ал ол дана бола ма, ақымақ бола ма — кім біледі+? Қалай болған күнде де, ол менің жарық күн астында тер төгіп жүріп, даналықпен тапқанымның бәріне иелік етпек. Бұл да бос әурешілік. 20  Жарық күн астында атқарған еңбегімнің бәрінен көңілім қала бастады. 21  Өйткені адам даналығын, білімі мен шеберлігін салып еңбек етеді, бірақ тапқанының бәрін еңбек етпеген басқа біреуге қалдыруы керек+. Бұл да бос әурешілік және жанға қатты батады. 22  Адамның жарық күн астында бейнет шеккенінен және оған жан сала ұмтылғанынан не пайда+? 23  Оның өмір бойы жасайтын қам-қарекетінен көретіні — азап пен түңілу+, тіпті түнде де жаны тыныш таппайды+. Бұл да бос әурешілік. 24  Адам баласы үшін ішіп-жеп, бейнетінің зейнетін көріп, рақаттанудан артық ештеңе жоқ+. Түсінгенім — бұл да Құдайдың бергені+. 25  Өйткені менен артық ішіп-жеген кім бар+?! 26  Құдай өзіне ұнамды адамға даналық, білім мен қуаныш сыйлайды+, ал күнәкарға жиып-тергізіп қояды. Кейін ол бар жиғанын Құдайға ұнамды адамға қалдыруға мәжбүр болады+. Бұл да желдің соңынан қуғандай бос әурешілік екен.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “болғандардың”.
Сөзбе-сөз “көзі басында”.