Самуилдің 1-жазбасы 23:1—29

  • Дәуіттің Кеил қаласын құтқаруы (1—12)

  • Саулдың Дәуіттің ізіне түсуі (13—15)

  • Жонатанның Дәуітті жігерлендіруі (16—18)

  • Дәуіттің Саулдан құтылып кетуі (19—29)

23  Біраз уақыт өткен соң Дәуітке “Філістірлер Кеилге+ шабуылдап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр” деген хабар жетті.  Сонда ол Ехобадан: “Барып, філістірлерге шабуыл жасайын ба?”— деп сұрады+. Ехоба: “Иә, бар да, філістірлерге шабуыл жасап, Кеилді құтқар”,— деп жауап берді.  Бірақ Дәуіттің адамдары: “Біз Яһуда елінің өзінде жанымызды шүберекке түйіп жүрміз+. Кеилдегі філістір жасағына қалай шабуылдаймыз+?”— деді.  Дәуіт қайтадан Ехобадан басшылық сұрап еді+, Ехоба: “Кеилге қарай түс, себебі мен філістірлерді аяғыңа жығып беремін”,— деді+.  Содан Дәуіт адамдарымен Кеилге аттанып, філістірлермен шайқасты да, оларды ойсырата жеңіп, малдарын айдап әкетті. Осылайша Кеил халқын құтқарып қалды+.  Ахимәлік ұлы Әбиятар+ Кеилде жүрген Дәуітке қашып барғанда, өзімен бірге ефод ала келген еді.  Саулға “Дәуіт Кеилде жүр” деген хабар жетті. Ол: “Құдай Дәуітті қолыма түсірді+. Қақпалары мен ысырмасы бар қалаға кіріп, ол өзін-өзі ұстап беріп отыр”,— деді.  Содан адамдарының бәрін соғысқа жинап, Дәуіт пен қасындағыларын қоршауға алу үшін Кеилге қарай ылдилады.  Саулдың өзіне қарсы жоспар құрып жатқанын біліп алған Дәуіт діни қызметкер Әбиятарға: “Ефодты әкел”,— деді+. 10  Сосын ол: “Уа, Исраилдің Құдайы Ехоба! Саулдың Кеилге келіп, маған бола қаланы жойғалы жатқанын естідім+. 11  Кеил басшылары* мені ұстап бере ме? Саул шынымен осында келе ме? Уа, Исраилдің Құдайы Ехоба, қызметшіңе жауап бере көр”,— деп дұға етті. Ехоба оған: “Иә, келеді”,— деді. 12  Дәуіт тағы да: “Кеил басшылары мені адамдарыммен бірге Саулға ұстап бере ме?— деп сұрап еді, Ехоба: —Иә, ұстап береді”,— деді. 13  Сонда Дәуіт қасындағы 600-дей адамымен бірге+ бірден Кеилден шығып кетіп, әр жерде жасырынып жүрді. Оның қаладан кетіп қалғанын естігенде, Саул жорыққа шықпауды ұйғарды. 14  Дәуіт болса адам аяғы баспайтын шөлді аймақта, Зиф маңындағы шөл даланың таулы өңірінде бой тасалап жүрді+. Саул оны үнемі іздеумен болды+, бірақ Ехоба Дәуітті оның қолына түсірмеді. 15  Дәуіт Зиф маңындағы шөл далада орналасқан Хореште жүргенде, Саулдың өзін өлтіру үшін жорыққа шыққанынан хабардар болды*. 16  Саул ұлы Жонатан Хорештегі Дәуітке келіп, Ехобадан күш алуға көмектесті+. 17  Ол: “Қорықпа, әкемнің қолына түспейсің. Сен Исраилдің патшасы+, ал мен сенен кейінгі екінші адам боламын. Мұны әкем Саул да жақсы біледі+”,— деді. 18  Сосын екеуі Ехобаның алдында серт байласты+. Бұдан кейін Дәуіт Хореште қала берді, ал Жонатан үйіне қайтып кетті. 19  Кейінірек Зиф тұрғындары Гибеяға+ қарай көтеріліп, Саулға келіп мынаны айтты: “Дәуіт біздің маңымыздағы Хорештің адам аяғы баспайтын жерлерінде+, Есімонның* оң жағындағы+ Хакила жотасында+ жасырынып жүр+. 20  Патша ием, қалаған кезіңізде біздің жаққа келіңіз, ал Дәуітті ұстап беру біздің мойнымызда болсын+”. 21  Сонда Саул былай деді: “Маған жандарың ашығаны үшін Ехоба сендерді жарылқасын. 22  Барып, тексеріп көріңдерші: ол қай жерде жүр екен, оны кім көріпті? Себебі жұрт оны өте қу адам дейді ғой. 23  Жасырынып жүрген жерінің бәрін қарап шығып, маған нақты дәлелмен келіңдер. Сонда сендермен бірге барамын. Егер ол шынымен сол жерде болса, мен оны мыңдаған яһудилердің барлығының арасынан тауып аламын”. 24  Сөйтіп, олар Саулдан бұрын Зифке бет алды+. Бұл кезде Дәуіт жігіттерімен Есімонның оңтүстігінде, Араба+ шөліндегі Мағонда+ жүрген еді. 25  Саул адамдарын алып, оны іздеуге шықты+. Дәуіт мұны ести сала Мағонның маңындағы шөлде орналасқан жартасқа қарай ығыса түсіп+, сол жерде қала берді. Бұл туралы білген Саул Дәуітті қуып, шөлге қарай бет алды. 26  Осылай ол таудың бергі жағында, ал Дәуіт жігіттерімен арғы жағында келе жатты. Дәуіт Саулдан құтылып кетуге асықты+. Саул мен адамдары қолға түсірмек болып, оларды қоршай бастады+. 27  Осы кезде оған шабарман келіп, “Тез жете көріңіз! Елімізге філістірлер шабуыл жасап жатыр!” деген хабар әкелді. 28  Сонда Саул Дәуіттің соңынан қууды доғарып+, філістірлермен соғысуға аттанды. Сондықтан әлгі жер “Ажырату жартасы” деп аталып кетті. 29  Дәуіт болса ол жерден Ен-Гедидің+ адам аяғы баспайтын жерлеріне көтеріліп, сонда жасырынды.

Сілтемелер

Мүмкін: “жер иелері”.
Мүмкін: “Саул оны өлтіру үшін жорыққа шыққандықтан, Дәуіт қорқып кетті”.
Мүмкін: “шөл даланың”.