Салоникалықтарға 1-хат 4:1—18
4 Бауырластар, біз сендерге қалай жүріп-тұруларың керектігін және Құдайға ұнамды болуды үйреткен едік+, сендер соған сай әрекет етіп жүрсіңдер. Енді Иеміз Исаның атынан осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырып әрі өтініп отырмыз.
2 Өйткені Иеміз Исаның атынан өздеріңе қандай бұйрықтар бергенімізді білесіңдер.
3 Құдай сендердің қасиетті болғандарыңды қалайды+, сондықтан азғындықтан* аулақ болыңдар+;
4 әрқайсысың өз тәніңді* қасиетті сақтап+, қадірлеп, жүгендей біліңдер+,
5 Құдайды білмейтін халықтар сияқты+ ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар+.
6 Ешкім шектен шығып, бұл мәселеде пайдакүнемдікпен бауырласына зияндық жасамасын! Себебі сендерге алдын ала айтып, қатаң ескерткеніміздей, Ехоба мұндай күнәлардың бәрі үшін жазалайды.
7 Құдай бізді арам істермен айналысуға емес, киелі болуға шақырды+.
8 Сондықтан мұны елемейтін кісі адамды емес, сендерге киелі рухын беретін+ Құдайды елемейді+.
9 Ал бауырластарға деген сүйіспеншілік+ туралы сендерге жазудың да қажеті жоқ, өйткені бір-біріңді сүюді сендерге Құдай үйретіп жатыр ғой+.
10 Иә, сендер бүкіл Македониядағы барлық бауырластарға сүйіспеншілік көрсетіп жүрсіңдер. Бірақ, бауырластар, біз сендерді осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырамыз.
11 Өздеріңе бұйырғанымыздай, тыныш өмір сүріп+, өзгенің ісіне араласпай+, өз қолдарыңмен еңбек етуді мақсат етіңдер+.
12 Өзге жұрттың алдында әдепті өмір сүрулерің+ және еш мұқтаждық көрмеулерің үшін осылай етіңдер.
13 Бауырластар, үміті жоқ басқалар сияқты қайғырмауларың үшін, сендерді өлім ұйқысында жатқандар+ туралы да бейхабар қалдырғымыз келмейді+.
14 Исаның өліп, қайта тірілгеніне сенсек+, оның жолында өлім ұйқысына кеткендерге онымен бірге болу үшін Құдайдың өмір беретініне де сенеміз+.
15 Біз Ехобаның сөзіне сай мынаны айтамыз: Иеміз осында болатын кезде әлі тірі жүретіндеріміз өлім ұйқысына кеткендерден еш озбаймыз.
16 Себебі Иеміздің өзі көктен бас періштенің+ даусымен бұйрық беріп, Құдайдың кернейімен түседі, сонда Мәсіх жолында өлгендер бірінші болып тіріледі+.
17 Сосын біз — тірі жүргендер — солармен бірге Иемізбен ауада кездесу+ үшін бұлт ішінде әкетілеміз+, сөйтіп, үнемі Иемізбен бірге боламыз+.
18 Ендеше бір-біріңді әрдайым осы сөздермен жұбатыңдар.