Мұсаның 4-жазбасы 18:1—32
18 Сосын Ехоба Харонға мынаны айтты: “Қасиетті орынға қатысты қандай да бір ереже бұзылса, бұған сен және ұлдарың, бүкіл әулетің жауаптысыңдар+. Сондай-ақ діни қызметтеріңе қатысты қандай да бір ереже бұзылса, бұған сен ұлдарыңмен бірге жауапты боласың+.
2 Леуі руынан шыққан бауырларыңды қасыңа ал. Олар өзіңмен бірге болып, куәлік сандығы тұрған шатырдың+ алдында саған және ұлдарыңа қызмет етсін+.
3 Олар сен тапсырған және киелі шатырға қатысты міндеттерді атқарсын+. Алайда қасиетті орынның бұйымдары мен құрбандық үстеліне жақындамасын, әйтпесе олар да, сендер де өлесіңдер+.
4 Олар сенің қасыңда болып, киелі шатырдағы міндеттерін және қызметтерін атқарсын, бірақ бөтен* ешкім сендерге жақындамасын+.
5 Исраил халқы бұдан былай қаһарыма ұшырамас үшін+, сендер қасиетті орынға+ және құрбандық үстеліне+ қатысты өз міндеттеріңді атқарыңдар.
6 Мен өзім леуілік бауырларыңды Исраил халқының арасынан алып, сендерге сый етіп беріп отырмын+. Олар киелі шатырда қызмет атқару үшін Ехобанікі болады+.
7 Сен және ұлдарың құрбандық орнындағы және шымылдықтың ішіндегі діни қызметке жауаптысыңдар+, осы қызметті атқаратын болыңдар+. Мен сендерге діни қызметті сый етіп бердім. Қасиетті орынға сендерден басқа* біреу жақындаса, сол адам өлтірілсін+”.
8 Ехоба Харонға тағы былай деді: “Маған әкелінген сый-тартуларға бас-көз болуды саған тапсырамын+. Исраилдіктердің маған сый-тарту ретінде әкелген қасиетті нәрселерінің бәрін саған және ұлдарыңа үлес етіп беремін. Бұл — үнемі алып отыратын сыбағаларың+.
9 Өртеп ұсынылатын құрбандықтардың аса киелі бөлігі сенің үлесіңе тиеді. Халықтың алып келетін кез келген құрбандығы — соның ішінде астық тартуы+, күнә үшін әкелетін құрбандығы+ және айып құрбандығы+ бар — сен үшін және ұлдарың үшін аса киелі болсын.
10 Бұларды қасиетті орында же+. Оны еркек кіндіктілердің бәрі жесін. Бұл сендер үшін аса киелі болмақ+.
11 Исраилдіктердің тербеп ұсынатын құрбандықтарымен+ бірге әкелген сый-тартулары+ да сенің үлесің. Бұл — саған және ұл-қыздарыңа үнемі беріп отыратын сыбағам+. Мұны үй ішіңдегі арамдалмаған таза адамның бәрі жей алады+.
12 Олардың Ехобаға алып келетін алғашқы өнімдерінің+ — майдың, жаңа шараптың, астықтың — ең жақсысын саған беремін+.
13 Халықтың өз жерінен жинап, Ехобаға алып келген алғашқы өнімінің қай-қайсысы да сенікі+. Оны үй ішіңдегі арамдалмаған таза адамның бәрі жей алады.
14 Исраилдегі бағышталған нәрсенің* бәрі сенікі болады+.
15 Олардың Ехобаға ұсынған тұңғыш туылғандарының бәрі+ — адамның да, малдың да тұңғышы — сенікі болады. Алайда тұңғыш ұлдың және арам малдың тұңғыш төлінің құнын міндетті түрде өтеп ал+.
16 Бұлардың құнын бір айға толған және одан асқан кезден бастап өте. Олардың белгіленген құны қасиетті орынның шекелімен 5 күміс шекел* болсын+. Бір шекел 20 герахқа* тең.
17 Тек сиыр, қой және ешкінің алғашқы төлінің құнын өтеме+, өйткені бұлар қасиетті. Олардың қанын құрбандық ошағына бүркі+, майын болса тарту ретінде өртеп жібер. Бұл — Ехобаға ұнамды хош иіс+.
18 Ал еті сенікі, тербеп әкелінетін төс және оң аяқ сияқты, ол да сенің үлесіңе тиеді+.
19 Исраилдіктердің Ехобаға әкелген қасиетті сый-тартуларының бәрін+ саған және ұл-қыздарыңа беремін, оны үнемі алып тұрасыңдар+. Бұл — Ехобаның сенімен және ұрпақтарыңмен жасасқан ешқашан бұзылмайтын келісімі*”.
20 Әрі қарай Ехоба Харонға былай деді: “Исраилге берілген жерден саған иелікке жер бөліп берілмейді, одан ешқандай үлес алмайсың+. Исраилдіктердің арасындағы сенің үлесің де, иелігің де менмін+.
21 Леуіліктердің атқарған қызметі, яғни кездесу шатырындағы қызметі үшін, олардың иелігіне Исраилдегі барлық нәрсенің оннан бірін бердім+.
22 Бұдан былай Исраил халқы кездесу шатырына жақындамасын, әйтпесе күнәлі болып, өлім құшады.
23 Леуіліктер киелі шатырдағы қызметті өздері атқарсын. Олар халықтың қасиетті орынға қатысты жасаған күнәсіна жауап береді+. Келер ұрпақтарыңа берілетін нұсқау мынау: леуіліктер исраилдіктердің арасынан иелікке жер алмайды+.
24 Исраилдіктер Ехобаға сый-тарту ретінде әкелген оннан бір бөлікті леуіліктердің иелігіне беремін. Сондықтан да мен оларға: —Исраилдіктердің арасынан иелікке жер алмайсыңдар+,— дедім”.
25 Кейін Ехоба Мұсаға былай деді:
26 “Леуіліктерге мынаны айт: —Мен сендерге үлес етіп берген оннан бір бөлікті исраилдіктерден қабыл алыңдар+. Сол алғандарыңның оннан бір бөлігін сендер де Ехобаға тарту етіңдер+.
27 Бұл тартуларың өз қырмандарыңда бастырған астықтан немесе жүзім мен май сығатын орындарыңның өнімінен әкелген тарту деп есептеледі+.
28 Осылайша исраилдіктерден алған оннан бір бөліктерден өздерің де Ехобаға тарту жасаңдар. Ехобаға арнап әкелген бұл тартуларыңды діни қызметкер Харонға беріңдер.
29 Өздеріңе тарту етілгендердің ең жақсысын Ехобаға киелі тарту етіп ұсыныңдар+.
30 Оларға тағы мынаны айт: —Леуіліктер, сыйға алғандарыңның ең жақсысын тарту еткеннен қалғаны өздеріңдікі. Бұл өз қырмандарыңда бастырған астық немесе жүзім мен май сығатын орындарыңның өнімі деп қарастырылады.
31 Оны өздерің және үй іштерің қалаған жерде жей аласыңдар, өйткені бұл — кездесу шатырында атқарған қызметтеріңнің ақысы+.
32 Күнәлі болып қалмау үшін, алған сый-тартуларыңның ең жақсысын беріп тұрыңдар, өліп кетпес үшін, исраилдіктердің киелі нәрсесін арамдаудан аулақ болыңдар+”.
Сілтемелер
^ Яғни Харонның әулетіне жатпайтын.
^ Яғни Харонның әулетіне жатпайтын.
^ Яғни төлемі өтелмейтіндей етіп, біржола Құдайға бағыштау арқылы қасиетті етілген нәрсе.
^ 1 шекел 11,4 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ 1 герах 0,57 г-ға тең. Ә14 қосымшасын қараңыз.
^ Сөзбе-сөз “тұз келісімі”.