Мұсаның 3-жазбасы 8:1—36

  • Харон мен оның ұлдарын діни қызметке тағайындау (1—36)

8  Ехоба әрі қарай Мұсаға былай деді:  “Харон мен оның ұлдарын+, киімдерді+, майлау рәсіміне арналған майды+, күнә үшін құрбандыққа ұсынатын бұқаны, екі қошқарды және ашытқысыз пісірілген нан салынған себетті алып келіп+,  бүкіл қауымды кездесу шатырының алдына жина”.  Мұса Ехобаның айтқанындай істеді. Бүкіл қауым кездесу шатырының алдына жиналды.  Мұса жұртқа: “Ехоба бізге мынаны істеуді бұйырды”,— деді де,  Харон мен оның ұлдарын әкеліп, жуынуды бұйырды+.  Сосын ол Харонға ұзын жеңді көйлек+ кигізіп, беліне белбеу+ байлады. Оның сыртынан жеңсіз көйлек+ пен ефод+ кигізіп, тоқылған белбеуімен+ белін мықтап буды.  Сонан соң кеудесіне төсқалтаны+ тағып, ішіне урим мен туммим*+ салды.  Басына сәлде+ кигізіп, сәлденің маңдай тұсына жылтыраған алтын таспаны, яғни Құдайға бағышталғанының киелі белгісін тақты+. Осылай Мұса Ехобаның бұйырғанындай істеді. 10  Кейін Мұса майлау рәсіміне арналған майды алып, киелі шатыр мен оның ішіндегінің бәрін майлап+, қасиетті етті. 11  Сосын майдан алып, құрбандық ошағына жеті рет бүркіді де, ошақ пен оның құрал-жабдықтарын, қазан мен оның тұғырын майлап, оларды қасиетті етті. 12  Соңында, осы майдан Харонның басына құйып, оны майлап, қасиетті етті+. 13  Бұдан соң Мұса Харонның ұлдарын алға шығарып, үстеріне ұзын жеңді көйлекті кигізді де, белдерін белбеумен буып, баскиім кигізіп+, Ехобаның бұйырғанындай істеді. 14  Содан кейін Мұса күнә үшін ұсынатын бұқаны әкелді. Харон мен оның ұлдары бұқаның басына қолдарын қойды+. 15  Мұса оны сойып, қанына+ саусағын батырды да, құрбандық ошағының төрт бұрышындағы мүйіздерге жағып, ошақты күнәдан тазартты. Қалған қанды оның түбіне төкті. Осылай ол ошақты қасиетті етті және тазартты*. 16  Сосын бұқаның бүкіл ішмайын, бауыр бетіндегі майын және екі бүйрегін майымен қоса алып, ошақтың үстінде өртеп жіберді+. 17  Ал бұқаның қалған бөлігін — терісі, еті мен жынын — қостың сыртына шығарып өртеді+. Мұса бәрін Ехоба өзіне бұйырғандай істеді. 18  Кейін ол түгел өртелетін құрбандыққа ұсынылатын қошқарды әкелді. Харон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды+. 19  Мұса оны бауыздап, қанын ошақтың барлық жағына бүркіп шықты. 20  Сосын қошқарды мүшеледі. Сөйтіп, оның басын, мүшелері мен майын* өртеді. 21  Мұса қошқардың ішек-қарны мен сирақтарын жуып, бүкіл қошқарды ошақта жағып жіберді. Бұл — түгел өртелетін құрбандық, Құдайға ұнамды хош иіс. Мұны Мұса Ехоба өзіне бұйырғандай істеп, Ехобаға өртеп ұсынды. 22  Содан кейін Мұса екінші қошқарды, діни қызметке тағайындау кезінде+ сойылатын қошқарды, әкелді. Харон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды+. 23  Мұса оны бауыздады да, қанынан алып, Харонның оң құлағының сырғалығына, оң қолы мен оң аяғының бас бармағына жақты. 24  Сосын Мұса Харонның ұлдарын алға шығарып, әрқайсысының оң құлағының сырғалығына, оң қолы мен оң аяғының бас бармағына да қан жақты. Ал қалған қанды құрбандық ошағының барлық жағына бүркіп шықты+. 25  Кейін Мұса қошқардың бүкіл майын: құйрық майын, ішмайын, бауыр бетіндегі майын, екі бүйрегін майымен бірге, сондай-ақ артқы оң аяғын алды+. 26  Бұған қоса, Ехобаның алдына әкелінген ашытқысыз пісірілген нан салынған себеттен бір тесік күлше+, май қосып пісірілген бір тесік күлше+ және бір пәтір нан алып, қошқардың әлгі майы мен оң аяғының үстіне қойды. 27  Мұса бұлардың бәрін Харон мен оның ұлдарының қолдарына қойып, тербеп әкелетін тарту ретінде Ехобаның алдында әрі-бері тербеді. 28  Содан соң бұларды олардың қолынан алып, құрбандық ошағындағы түгел өртелетін құрбандықтың үстіне қойып өртеп жіберді. Бұл — діни қызметке тағайындау кезінде ұсынылатын құрбандық, Құдайға ұнамды хош иіс. Бұл — Ехобаға өртеп ұсынатын тарту. 29  Мұса қошқардың төсін алып, тербеп әкелетін тарту ретінде Ехобаның алдында әрі-бері тербеді+. Ехоба Мұсаға бұйырғандай, діни қызметке тағайындау кезінде сойылатын қошқардан Мұсаға тиген үлес осы болды+. 30  Бұдан соң Мұса майлау рәсіміне арналған майдан+ және құрбандық ошағындағы қаннан алып, Харон мен оның киіміне, ұлдары мен олардың киімдеріне бүркіді. Осылайша Харон мен оның киімін, ұлдары+ мен олардың киімдерін қасиетті етті+. 31  Сосын Мұса Харон мен оның ұлдарына былай деді: “Құрбандықтың етін кездесу шатырының кіреберісінде пісіріңдер+. Сол жерде етті діни қызметке тағайындау кезінде қолданылған себеттегі нанмен жеңдер. Өйткені Құдай маған “оны Харон мен оның ұлдары жесін+” деп бұйырған. 32  Ал артылып қалған ет пен нанды өртеп жіберіңдер+. 33  Діни қызметке тағайындалу күндерің бітпейінше, жеті күн бойы кездесу шатырының кіреберісінен алыс кетпеңдер. Өйткені сендерді діни қызметке тағайындау рәсімі жеті күнге созылады+. 34  Күнәларыңды өтеу+ үшін бүгін істегенімізді Ехоба қалған күндері де істеуді бұйырды. 35  Өліп қалмауларың үшін жеті күн бойы+ күні-түні кездесу шатырының кіреберісінде болып, Ехобаның алдындағы міндеттеріңді орындауларың керек+. Өйткені маған осындай бұйрық берілді”. 36  Харон мен оның ұлдары Ехобаның Мұса арқылы бұйырғандарының бәрін орындады.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “күнәсін өтеді”.
Немесе “бүйрек майын”.