Мұсаның 3-жазбасы 17:1—16

  • Киелі шатыр, құрбандық ұсынатын орын (1—9)

  • Қан жеуге тыйым салынуы (10—14)

  • Арам өлген малға қатысты нұсқаулар (15, 16)

17  Ехоба сөзін жалғап, Мұсаға былай деді: 2  “Харонға, оның ұлдарына және күллі исраилдіктерге мынаны айт: —Ехобаның бұйрығы мынау: 3  Егер Исраил халқынан біреу қостың ішінде не оның сыртында бұқа, жас қошқар не теке сойса, 4  бірақ оны Ехобаға арналған тарту ретінде кездесу шатырының кіреберісіне, яғни Ехобаның шатырының алдына, әкеліп соймаған болса, малдың қаны сол адамның мойнына жүктеледі. Ол қан төккендіктен, халқының арасынан көзі құртылсын. 5  Сондықтан исраилдіктер бұдан былай малды құрбандыққа ашық далада шалмай, оны Ехобаға, кездесу шатырының кіреберісіне, діни қызметкерге әкелсін. Олар малды Ехобаға арналған татулық құрбандығы ретінде ұсыну қажет+. 6  Діни қызметкер малдың қанын кездесу шатырының кіреберісіндегі Ехобаның құрбандық ошағына бүркіп, майын Ехобаға ұнамды хош иіс ретінде өртеп жібереді+. 7  Исраилдіктер ендігәрі ешкі кейпіндегі жындарға*+ құрбандықтар шалып, опасыздық* жасамасын+. Бұл — сендерге ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәңгілік нұсқау. 8  Оларға былай деп айт: —Исраил халқынан біреу немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі түгел өртелетін не басқа да құрбандық шалса, 9  бірақ малды Ехобаға ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып бармаған болса, халқының арасынан мұндай адамның көзі құртылсын+. 10  Егер Исраил халқынан біреу немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі қан атаулыны жейтін болса+, мен ондай жанға қарсы шығып, халқының арасынан көзін құртамын. 11  Өйткені тіршілік иелерінің өмірі* қанда ғой+. Сендердің күнәларыңды өтеу үшін қанды құрбандық ошағына әкелуге белгіледім+. Қанда өмір болғандықтан, қан арқылы адамның күнәсі өтеледі+. 12  Сондықтан да исраилдіктерге: —Ешқайсысың да, араларыңдағы ешбір жатжерлік те+ қанды жеуші болмасын+,— дедім. 13  Егер исраилдіктердің немесе араларыңда тұратын жатжерліктердің бірі аң аулап жүріп, жеуге жарамды аң не құс ұстап алса, оның қанын ағызып+, жерге көміп тастасын. 14  Өмір қанда болғандықтан, кез келген тіршілік иесінің өмірі оның қаны болып табылады. Сол себепті мен исраилдіктерге: —Сендер қан атаулыны жеуші болмаңдар, өйткені кез келген тіршілік иесінің өмірі оның қаны болып табылады. Қанды жейтін адамның көзі құртылсын+,— дедім. 15  Қандай да бір жан, мейлі исраилдік не жатжерлік болсын, арам өлген не жыртқыш аң жарып кеткен жануардың етін жесе+, киімін жуып, суға шомылсын. Ол кешке дейін арам болады+, тек содан кейін ғана таза болып есептеледі. 16  Ал егер киімін жуып, шомылмаса, ол күнәсі үшін жауап береді+”.

Сілтемелер

Жындарға табынатындар оларды үстін жүн басқан ешкіге ұқсас жаратылыстар деп елестеткен болса керек.
Сөзбе-сөз “азғындық”.
Сөзбе-сөз “жаны”.