Мұсаның 3-жазбасы 13:1—59

  • Алапеске қатысты нұсқаулар (1—46)

  • Киімде пайда болған алапес (47—59)

13  Ехоба сөзін жалғап, Мұса мен Харонға былай деді:  “Егер әлдебіреудің терісінде ісік не дақ пайда болса, не терінің беті жара іспетті қабыршақтанса, бұл алапес*+ ауруы болуы мүмкін. Сондықтан ол діни қызметкер Харонға не оның діни қызметкер ұлдарының бірінің алдына апарылсын+.  Діни қызметкер оның терісіне шыққан жараны көреді. Егер жара пайда болған жердегі терінің түгі ағарса және жара тері астына тереңдегендей болып көрінсе, бұл — алапес ауруы. Діни қызметкер қарап шыққан соң, адамды таза емес деп жарияласын.  Ал егер ақ болғанымен, жара терінің бетінде ғана болса және ондағы түк ағармаса, діни қызметкер науқасты жеті күнге басқалардан оқшауласын+.  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шығады. Егер жара теріге жайылмай, сол қалпында қалса, діни қызметкер оны тағы жеті күнге оқшауласын.  Жетінші күні діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер терінің түсі қалпына келе бастаса және жара теріге жайылмаған болса, діни қызметкер оны таза деп жарияласын+. Бұл — жай жара. Әлгі адам киімін жусын, сосын таза болып есептеледі.  Бірақ ол діни қызметкерге қаралып, таза деп жарияланғаннан кейін жарасы* терісіне жайыла бастаса, қайтадан діни қызметкерге барсын.  Діни қызметкер жараны қарап шықсын. Егер ол терісіне жайылған болса, оны таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы+.  Егер біреудің денесіне алапес шықса, оны діни қызметкерге әкелу керек. 10  Діни қызметкер оны қарап шықсын+. Егер терісіндегі ісік ақ болып, ондағы түк те ағарып кетсе және ісікте ашық жара пайда болса+, 11  бұл — созылмалы алапес. Діни қызметкер оны таза емес деп жарияласын. Оны тағы тексеру мақсатымен басқалардан оқшаулаудың қажеті жоқ+, оның таза емес екені анық. 12  Егер алапес адамның бүкіл терісіне, басынан аяғына дейін, жайылып, діни қызметкер көре алатын жердің бәрін қаптап кетсе, 13  діни қызметкер науқасты қарап, алапес бүкіл терісіне жайылғанын көрсе, оны таза* деп жарияласын. Бүкіл жара ағарғандықтан, ол адам таза. 14  Бірақ терісінде ашық жара пайда болған күні адам таза емес болады. 15  Діни қызметкер беті ашық жараны көргенде, оны таза емес деп жарияласын+. Ашық жара таза емес. Бұл — алапес ауруы+. 16  Ал егер ашық жарасы ағарып кетсе, науқас діни қызметкерге бару керек. 17  Діни қызметкер оны қарап шықсын+. Егер жарасы ағарған болса, діни қызметкер науқасты таза деп жарияласын. Ол енді таза. 18  Егер адамның терісіне шиқан шығып, жазылып кетсе, 19  бірақ оның орнында ақ ісік не ақшыл қызғылт дақ пайда болса, ол діни қызметкерге көріну керек. 20  Діни қызметкер сол жерді тексерсін+. Егер ол терең болып көрінсе және ондағы түк ағарса, діни қызметкер адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — шиқанның орнында пайда болған алапес. 21  Егер діни қызметкер қарағанда, дақтағы түк ағармаған әрі ол тереңдемеген, ал түсі қалпына келе бастаған болса, діни қызметкер науқасты жеті күнге басқалардан оқшауласын+. 22  Егер дақ теріге жайылса, діни қызметкер оны таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы. 23  Бірақ дақ жайылмай, сол қалпында қалса, бұл — шиқанның қабынуы ғана. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын+. 24  Әлдекім терісін күйдіріп алып, сол жерде кейінірек ақшыл-қызғылт не ақ дақ пайда болса, 25  діни қызметкер оны қарап шықсын. Егер дақтың үстіндегі түк ағарып, оның тері астына өткені байқалса, бұл — күйген жерге шыққан алапес. Діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы. 26  Ал егер діни қызметкер тексеріп, дақтың үстіндегі түктің ағармағанын, оның тері астына өтпегенін және терінің түсі қалпына келе бастағанын көрсе, әлгі адамды жеті күнге басқалардан оқшауласын+. 27  Жетінші күні діни қызметкер оны тексерсін. Егер дақ жайыла түскен болса, діни қызметкер оны таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы. 28  Ал егер дақ жайылмай, сол қалпында қалса және түсі қалпына келе бастаса, бұл — жай ғана күйген жерде пайда болған ісік. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын, себебі бұл — күйген жердің қабынуы. 29  Егер ер не әйел адамның басына немесе иегіне жара шықса, 30  діни қызметкер оны көрсін+. Егер жара терең болса, ондағы шаш не түк сарғайып, жұқарса, діни қызметкер ол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — құйқаға не сақалға шыққан жара. Бұл — басқа не иекке шыққан алапес. 31  Ал егер діни қызметкер жараны тексеріп, оның тереңдемегенін және онда қара шаштың жоқ екенін көрсе, науқасты жеті күнге басқалардан оқшауласын+. 32  Жетінші күні діни қызметкер жараны қайта қарайды. Егер жара жайылмаса әрі онда сары шаш пайда болмаса, сондай-ақ жараның тері астына өтпегені байқалса, 33  науқас шашын не сақалын қырсын, бірақ жара шыққан жерге тимесін. Діни қызметкер оны тағы жеті күнге басқалардан оқшаулайды. 34  Жетінші күні діни қызметкер жара шыққан жерді тағы тексерсін. Егер құйқадағы не сақалдағы жара жайылмаған және тереңдемеген болса, діни қызметкер сол адамды таза деп жарияласын. Науқас киімін жуу керек, сосын таза болып есептеледі. 35  Алайда таза деп жарияланғаннан кейін, жарасы жайыла бастаса, 36  діни қызметкер оны тағы тексеру керек. Егер жара жайылған болса, онда сары шаштың бар-жоғын тексермесе де болады, өйткені адам таза емес. 37  Ал егер тексергенде, жараның жайылмағаны және онда қара шаш шыққаны байқалса, жараның жазылғаны. Ол адам таза, сондықтан діни қызметкер оны таза деп жарияласын+. 38  Егер ер не әйел адамның терісінде ақ дақтар пайда болса, 39  діни қызметкер оны тексеру керек+. Егер дақтар бозғылт тартып тұрса, бұл — зиянсыз дақтар. Ол адам таза. 40  Егер біреудің төбе шашы түсіп, төбел таз болып қалса, бұл адам таза. 41  Маңдай шашы түсіп, қасқа таз болып қалса да, ол адам таза. 42  Ал егер төбесіндегі не маңдайындағы тазында ақшыл-қызғылт жара пайда болса, бұл — төбесіне не маңдайына шыққан алапес. 43  Діни қызметкер оны тексеріп, жарадан бас құйқасына шығатын алапестің белгілерін байқаса, 44  оны таза емес деп жариялау керек, өйткені ол алапеспен ауырады. 45  Алапеспен ауыратын адамның киімі жыртылған, шашы таралмаған болу керек. Сондай-ақ ол аузын жауып алып: “Таза емеспін! Таза емеспін!”— деп айғайлап жүрсін. 46  Ауруынан айыққанша, бұл адам таза емес болып қала береді. Сондықтан ол жұрттан бөлек, қостың сыртында өмір сүруі керек+. 47  Егер алапес ауруының белгісі жүннен не зығырдан тоқылған киімде, 48  сондай-ақ зығыр не жүннен тоқылған матаның жіптерінде, былғарыда не былғары бұйымда пайда болса 49  және сол киімде, былғарыда, тоқылған матаның жіптерінде, былғарыдан жасалған бұйымда пайда болған дақтың түсі сарғыш-жасыл не қызғылт болса, онда бұл алапес болғаны. Оны діни қызметкерге көрсету керек. 50  Діни қызметкер дақ пайда болған бұйымды қарап шығып, жеті күнге өз алдына бөлек қояды+. 51  Жетінші күні оны тексереді. Егер киімдегі, тоқылған матаның жіптеріндегі не былғарыдағы (ол не нәрсеге қолданылмасын) дақ жайылып кетсе, бұл — жұқпалы алапес. Ол бұйым таза емес+. 52  Дақ пайда болған киімді, жүннен не зығырдан тоқылған матаның жіптерін, былғарыдан жасалған бұйымды жағып жіберу керек, өйткені бұл — жұқпалы алапес. Ондай бұйым өртелуге тиіс. 53  Алайда діни қызметкер жетінші күні тексергенде, оның киімге не тоқылған матаның жіптеріне яки былғарыдан жасалған бұйымға жайылмағанын көрсе, 54  онда сол бұйымды жууды бұйырсын. Сосын оны тағы жеті күнге өз алдына бөлек қойсын. 55  Бұйым жақсылап жуылғаннан кейін, діни қызметкер оны тағы көреді. Егер дақ жайылмағанымен, түсі өзгермесе, бұйым таза емес. Оны жағып жібер, өйткені алапес оның ішінен не сыртынан жеп қойған. 56  Егер діни қызметкер жақсылап жуылған бұйымның бүлінген жерінің түсі кете бастағанын көрсе, киімнің, былғарының не тоқылған матаның жіптеріндегі сол жерді жыртып алып тастауы керек. 57  Бірақ киімде, тоқылған матаның жіптерінде не былғарыдан жасалған бұйымда дақ қайтадан пайда болса, онда оның жайылып жатқаны. Ондай бұйымды жағып жібер+. 58  Егер киімді, матаны не былғарыдан жасалған бұйымды жуғаннан кейін, дақ кетіп қалса, мұндай бұйымды тағы бір рет жуу керек, содан соң ол таза болып есептеледі. 59  Жүннен не зығырдан жасалған киімде, тоқылған матаның жіптерінде не былғарыдан жасалған бұйымда пайда болатын алапеске қатысты заң, міне, осы. Бұл заң діни қызметкер нені таза, нені таза емес деп жариялауды білу үшін берілді”.

Сілтемелер

“Алапес” деп аударылған еврей сөзінің мағынасы кең. Ол түрлі жұқпалы тері ауруларын, сондай-ақ киімде не үйде пайда болатын жұқпаның кейбір түрлерін қамтуы мүмкін.
Немесе “жұқпа”.
Немесе “жұқпалы емес”.