Мұсаның 1-жазбасы 47:1—31
47 Содан Жүсіп перғауынға барып+: “Әкем мен бауырларым ірілі-ұсақты малын, бар дүние-мүлкін алып, Қанахан елінен көшіп келді. Қазір олар Гөшен жерінде+”,— деді.
2 Сосын ол бес бауырын ертіп, перғауынның алдына әкелді+.
3 Перғауын олардан: “Кәсіптерің қандай?”— деп сұрады. Бауырлары: “Құлдарыңыз ата-бабалары сияқты қой бағады+”,— деп жауап қатты.
4 Олар перғауыннан: “Біз бұл елге жатжерлік ретінде тұруға келдік+, өйткені Қанахан жерінде аштық үдеп тұрғандықтан+, құлдарыңыздың мал жаятын жайылымы жоқ. Сондықтан құлдарыңызға Гөшен жерінде қоныстануға рұқсат етіңіз+”,— деп өтінді.
5 Сонда перғауын Жүсіпке: “Әкең мен бауырларың саған келген екен.
6 Міне, бүкіл Мысыр жері сенің қолыңда. Әкең мен бауырларыңды ең жақсы жерге қоныстандыр+. Олар Гөшен жерін мекендесін. Егер араларында епті адам болса, оны менің малыма қараушы етіп қой”,— деді.
7 Бұдан кейін Жүсіп әкесі Жақыпты перғауынның алдына әкеліп, онымен таныстырды. Жақып перғауынға батасын берді.
8 Ол Жақыптан: “Жасыңыз нешеде?”— деп сұрады.
9 Жақып: “Менің көшіп-қонып жүргеніме 130 жыл болды. Менің ғұмырым қысқа әрі қасіретке толы болды+. Ол көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымның ғұмырынан әлдеқайда аз+”,— деп жауап берді.
10 Сөйтіп, ол перғауынға батасын беріп, оның қасынан шығып кетті.
11 Жүсіп, перғауынның бұйрығына сай, әкесі мен бауырларына Мысыр елінен иелік беріп, оларды Рамсес өлкесінің ең жақсы жеріне+ қоныстандырды.
12 Жүсіп әкесін, бауырларын және әкесінің бүкіл үй ішін балаларының санына қарай азықпен қамтамасыз етіп отырды.
13 Ашаршылық қатты болғандықтан, бүкіл өңірде азық қалмады. Аштық Мысыр мен Қанахан халқын әбден титықтатып жіберді+.
14 Мысыр мен Қанахан жұртшылығы астық сатып алу үшін бар ақшасын Жүсіпке берді+. Ал Жүсіп жиналған ақшаның бәрін перғауынның қазынасына құйды.
15 Ақырында, мысырлықтар мен қанахандықтардың ақшасы таусылды. Сонда мысырлықтар Жүсіпке келіп: “Бізге нан беріңіз! Ақшамыз таусылды, енді көз алдыңызда аштан қырыламыз ба?!”— деп өтінді.
16 Бұған Жүсіп: “Ақшаларың бітсе, малдарыңды әкеліңдер. Мен оларды астыққа айырбастаймын”,— деді.
17 Сонымен, олар малдарын әкеле бастады. Жүсіп олардың әкелген жылқылары, қой-ешкілері, сиырлары мен есектерінің орнына азық берді. Сол жылы Жүсіп оларды малдарының есебінен азықпен қамтамасыз етіп отырды.
18 Бұл жыл аяқталып, келесі жылы олар Жүсіпке тағы келіп, былай деді: “Қожайынымыздан несін жасырайық, ақшамыз да, малымыз да таусылды, бәрін сізге бердік. Енді қожайынымызға беретін өзіміз бен жерімізден басқа ештеңе қалған жоқ.
19 Өзіміз де, жеріміз де көз алдыңызда осылай құрып кетеміз бе?! Бізді танаптарымызбен қоса астыққа сатып алыңыз. Біз перғауынға құл болайық, ал жеріміз соның меншігіне айналсын. Өзіміз қырылып, ал жеріміз қаңырап қалмасын десеңіз, бізге тұқым беріңіз”.
20 Аштық қатты үдегендіктен, мысырлықтар өз танаптарын сата бастады. Осылай Жүсіп Мысырдың бар жерін перғауынға сатып әперді. Сөйтіп, бүкіл жер перғауынның меншігіне өтті.
21 Жүсіп Мысырдың о шеті мен бұ шетінде тұрып жатқан халықтың бәрін қалаларға көшірді+.
22 Ол тек абыздардың жерлерін ғана сатып алған жоқ+, өйткені оларды перғауын азықпен қамтамасыз етіп отыратын. Сондықтан да олар жерлерін сатпады.
23 Ақырында, Жүсіп халыққа былай деді: “Міне, мен бүгін өздеріңді де, жерлеріңді де перғауын үшін сатып алдым. Ал енді мына тұқымды алып, егін егіңдер.
24 Өнімін жинаған кезде, бестен бір бөлігін перғауынға берулерің керек+. Ал қалған төрт бөлігі себуге тұқым, сондай-ақ өздеріңе, үй іштеріңе және бала-шағаларыңа жеуге азық болсын”.
25 Бұған олар: “Сіз бізді өлімнен аман алып қалдыңыз+. Қожайынымыздың көңілінен шықсақ болғаны. Бұдан былай біз перғауынның құлы болайық+”,— деді.
26 Сосын Жүсіп өнімнің бестен бір бөлігі перғауындікі болсын деген жарлық шығарды. Бұл жарлық бүкіл Мысыр елінде күні бүгінге дейін күшінде. Тек абыздардың жерлері ғана перғауынның меншігіне өткен жоқ+.
27 Исраилдің үй іші Мысырда, Гөшен жерінде+, тұрып жатты. Олар сол жерде орнығып, өсіп-өніп, қыруар халыққа айналды+.
28 Жақып Мысырда он жеті жыл тұрып, 147 жасқа келді+.
29 Исраилдің өлетін уақыты таяғанда+, баласы Жүсіпті шақыртып алып: “Маған жасаған жақсылығың болсын, қолыңды жамбасымның астына қойып, мені Мысыр елінде жерлемеймін деп уәде берші+. Осылай маған айнымас сүйіспеншілік пен адалдық таныт.
30 Мен көз жұмған соң, сүйегімді Мысырдан алып шығып, ата-бабаларым жатқан қабірге апарып қой+”,— деді. Бұған Жүсіп: “Айтқаныңызды орындаймын”,— деп уәде етті.
31 Әкесі: “Ант бер”,— деген соң, Жүсіп ант берді+. Сонда төсегінің басында отырған Исраил Құдайға бас иіп сиынды+.