Матай 6:1—34

  • ТАУДАҒЫ УАҒЫЗ (1—34)

    • Әділ істі жұрт көзіне түсу үшін істеуден сақ болыңдар (1—4)

    • Қалай дұға ету керек? (5—15)

      • Дұғаның үлгісі (9—13)

    • Ораза тұту (16—18)

    • Жердегі және көктегі қазына (19—24)

    • Уайымдауды қойыңдар (25—34)

      • Патшалықты бірінші орынға қойыңдар (33)

6  Әділ істеріңді жұрт көзіне түсу үшін істеуден+ сақ болыңдар! Әйтпесе көктегі Әкелеріңнен ешқандай сый алмайсыңдар.  Сондықтан қайыр-садақа бергенде, кернейлетіп жар салмаңдар, өйткені екіжүзділер жұрт мадақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде осылай істейді. Сендерге шындығын айтамын, олар алмақ сыйын толығымен алып қойды.  Ал сендер қайыр-садақа бергенде, оң қолдарыңның не істеп жатқанын сол қолдарың білмесін.  Осылайша жасаған қайыр-садақаларың құпия күйінде қалсын. Сонда бәрін көретін* Әкелерің қарымталарыңды қайтарады+.  Дұға еткенде де екіжүзділер сияқты болмаңдар+. Олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда және үлкен көше қиылыстарында тұра қалып дұға еткенді жақсы көреді+. Сендерге шындығын айтамын, олар алмақ сыйын толығымен алып қойды.  Ал сендер дұға еткенде, өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жабыңдар да, көрінбейтін жердегі Әкелеріңе дұға етіңдер+. Сонда бәрін көретін Әкелерің қарымталарыңды қайтарады.  Дұға еткенде, басқа ұлт адамдары іспетті бір нәрсені қайталай бермеңдер, өйткені олар көп сөз айтсақ, Құдай естиді деп ойлайды.  Ал сендер оларға ұқсамаңдар, себебі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі+.  Сондықтан мына іспетті дұға етіңдер+: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің+ киелі болсын*+! 10  Сенің Патшалығың+ келсін! Сенің еркің+ көктегідей жер бетінде де орындалсын+! 11  Бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр+. 12  Бізге қарсы күнә жасағандарды кешіргеніміздей, сен де біздің күнәларымызды кешіре көр*+. 13  Азғырылуымызға жол бермей+, Зұлымнан* сақтай көр+”. 14  Егер адамдардың күнәларын кешірсеңдер, көктегі Әкелерің де сендерді кешіреді+. 15  Ал басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді+. 16  Ораза тұтқанда+, бұдан былай екіжүзділер іспетті тұнжырап жүрмеңдер! Олар ораза тұтып жүргендерін жұрт білсін деп+, түрлерін бейшара етіп көрсетеді*. Сендерге шындығын айтамын, олар алмақ сыйын толығымен алып қойды. 17  Ал сендер ораза тұтқанда, бастарыңа май жағып, беттеріңді жуыңдар. 18  Осылайша ораза тұтқандарыңды адамдар емес, көрінбейтін жердегі Әкелерің көретін болады. Сонда бәрін көретін Әкелерің қарымталарыңды қайтарады. 19  Өздеріңе қазынаны жерде жинауды доғарыңдар+! Жерде оны күйе жеп, тот басады немесе ұрылар бұзып кіріп, ұрлап әкетеді. 20  Қайта, қазынаны көкте жинаңдар+! Көкте оны күйе де жемейді, тот та баспайды+, ұры да бұзып кіріп, ұрлап әкетпейді. 21  Өйткені қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады. 22  Дененің шамы — көз+. Сондықтан көздеріңді бір-ақ нәрсеге тіксеңдер, бүкіл денелерің жарық болады. 23  Жаман нәрсеге қарасаңдар*+, бүкіл денелерің қараңғы болады. Бойларыңдағы жарық шын мәнінде түнек болса, онда ол — неткен қара түнек! 24  Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді+, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар+. 25  Сондықтан сендерге былай деймін: не ішіп-жейміз деп жандарыңды, не киеміз+ деп тәндеріңді ойлап уайымдауды қойыңдар+! Жан тамақтан, ал тән киімнен әлдеқайда артық емес пе+?! 26  Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы+: олар егін екпейді, орып, қамбаға жинамайды, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?! 27  Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке* болсын ұзарта аласың+? 28  Сондай-ақ неге киімді ойлап уайымдайсыңдар? Даладағы лалагүлдердің қалай өсетінінен сабақ алыңдар: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. 29  Мен сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен+ патша бар сән-салтанатында солардың біріндей киінген емес. 30  Ал енді бүгін бар, ертең отқа тасталатын дала гүлін Құдай осылай киіндірсе, сендерді де киіндіреді емес пе, сенімі аздар-ау?! 31  Сондықтан “Не ішіп-жейміз? Не киеміз?”+ деп ешқашан уайымдамаңдар+. 32  Себебі басқа ұлт адамдарының бар есіл-дерті осы нәрселерде. Ал бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 33  Ендеше, Құдай Патшалығы мен оның әділдігін* әрдайым бірінші орынға қойыңдар, сонда сендерге мұның бәрі қосылып беріледі+. 34  Сонымен, ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар+, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті.

Сілтемелер

Немесе “адамға көрінбейтін жерден көріп тұратын”.
Немесе “киелі тұтылсын”.
Сөзбе-сөз “Бізге қарыз болғандарды кешіргеніміздей, сен де біздің қарыздарымызды кешіре көр”.
Яғни Шайтаннан.
Немесе “үсті-басына қарамайды”.
Сөзбе-сөз “көздерің жаман болса”.
Сөзбе-сөз “бір шынтаққа”. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “Құдайдың әділ талаптарын”.