Матай 15:1—39
15 Сол кезде Исаға Иерусалимнен парызшылдар мен дін мұғалімдері келіп+:
2 “Неге шәкірттерің ата-баба дәстүрін бұзады? Мысалы, олар тамақтанарда қол жумайды*+”,— деді.
3 Иса былай деп жауап қатты: “Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдай заңын бұзасыңдар+?
4 Мысалы, Құдай “Әке-шешеңді құрметте+!” және “Әкесіне не шешесіне тіл тигізген адам өлтірілсін!”+ деген ғой.
5 Ал сендер: —Егер әлдебіреу әкесіне не шешесіне “менен көрмек игіліктеріңізді Құдайға тарту ретінде бағыштап қойдым”+ десе,
6 оған әкесіне сый-құрмет көрсетудің қажеті жоқ,— дейсіңдер. Осылайша өз дәстүрлеріңе бола Құдай сөзінің қадірін түсіресіңдер+.
7 Екіжүзділер, сендер жайлы Ишая пайғамбар былай деп дұрыс айтқан+:
8 “Бұл халық мені тілдерімен ғана дәріптейді, бірақ жүректері менен алшақ.
9 Олар маған босқа ғибадат етіп жүр, себебі адамдар шығарған ілімдерге үйретеді+”.
10 Содан кейін жұртты қасына шақырып алып, былай деді: “Мына сөздеріме құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар+:
11 адамды аузына енген нәрсе емес, аузынан шыққан нәрсе арамдайды+”.
12 Сонда шәкірттері келіп: “Айтқандарыңызға парызшылдардың ренжігенін байқадыңыз ба?”+— деді.
13 Ол былай деп жауап берді: “Көктегі Әкем екпеген әрбір өсімдік түбімен жұлынып тасталады.
14 Оларды елемеңдер. Олар соқыр жетекшілер. Егер соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлайды+”.
15 Сонда Петір: “Бізге алдыңғы мысалды түсіндіріп беріңізші”,— деп сұрады.
16 Иса былай деді: “Сендер де әлі түсінген жоқсыңдар ма+?
17 Әлде ауызға енген барлық нәрсе асқазанға жетіп, сосын денеден шығып кететінін білмейсіңдер ме?
18 Ал адамның аузынан шығатындары жүректен шығады. Адамды арамдайтын, міне, солар+!
19 Мысалы, жүректен жаман ойлар шығады+: кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық*, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер.
20 Адамды осылар арамдайды. Қол жумай* тамақ жеу арамдамайды”.
21 Иса сол жерден шығып, Тир мен Сидон аймағына бет алды+.
22 Сол аймақта тұратын финикиялық бір әйел: “Ием, Дәуіттің Ұлы, рақым ете көріңіз! Қызымды жын буып, қатты қиналып жатыр!”— деп айқайлады+.
23 Бірақ Иса әйелге бірауыз сөз айтпады. Сонда шәкірттері келіп: “Оған кет деп айтыңызшы, әйтпесе соңымыздан қалмай айқайлап келеді”,— деп өтінді.
24 Ол: “Мен тек Исраил үйінің жоғалған қойларына ғана жіберілдім”+,— деп жауап берді.
25 Ал әйел жақындап келді де, тағзым етіп: “Ием, көмектесе көріңіз!”— деді.
26 Бұған Иса: “Балалардың нанын алып, күшіктерге тастау дұрыс болмас”,— дегенде,
27 ол: “Рас айтасыз, Ием. Алайда күшіктер де қожайындарының дастарқанынан түскен қоқымды жейді ғой”+,— деді.
28 Сонда Иса: “Сеніміңіз ғаламат зор екен! Тілегеніңіз болсын!”— деді. Сол сәтте-ақ әлгі әйелдің қызы айығып кетті.
29 Иса сол жерден кетіп, Ғалилея теңізінің маңына келді+. Сөйтіп, бір тауға көтеріліп, сонда отырды.
30 Сол кезде қасына қалың жұрт жиналып, ақсақ, кемтар, соқыр, мылқау және басқа да көптеген ауру-сырқауларды оның алдына әкеліп жатты. Ал Иса олардың бәрін де сауықтырды+.
31 Жұрт мылқаулардың сөйлеп, кемтарлардың айығып, ақсақтардың жүріп, соқырлардың көзі ашылып жатқанын көргенде, қайран қалып, Исраилдің Құдайын мадақтады+.
32 Иса шәкірттерін шақырып алып: “Халықты аяп тұрмын+. Себебі олар үш күннен бері қасымда жүр, жейтін ештеңелері жоқ. Оларды аш күйінде қайтарғым келмейді, әйтпесе жолшыбай әлсіреп қалар”+,— деді.
33 Бұған шәкірттері: “Мына елсіз жерде осыншама көп халыққа жететін нанды қайдан табамыз+?”— деп айтты.
34 Иса: “Қанша нандарың бар?”— деп сұрағанда, олар: “Жеті нан, бірнеше кішкене балық”,— деп жауап берді.
35 Жұртқа жерге жайғасуды айтқаннан кейін,
36 Иса жеті нан мен балықтарды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, сындырып, шәкірттеріне бере бастады, ал олар халыққа үлестірді+.
37 Содан бәрі жеп тойып алды. Артылғанын жинап алғанда, үлкен жеті себет толды+.
38 Әйелдер мен балаларды қоспағанда, тамақтанған ер кісілердің саны 4000 еді.
39 Жұртты таратқан соң, Иса қайыққа мініп, Магадан аймағына барды+.
Сілтемелер
^ Бұл жерде діни тазару рәсімін жасау жөнінде айтылып тұр.
^ Грекше “порниа”. Түсіндірмені қараңыз.
^ Яғни діни тазару рәсімін жасамай.