Марқа 4:1—41

  • ПАТШАЛЫҚ ТУРАЛЫ МЫСАЛДАР (1—34)

    • Диқан (1—9)

    • Исаның мысалдарды қолдану себебі (10—12)

    • Диқан туралы мысалдың мағынасы (13—20)

    • Шам ыдыстың астына қойылмайды (21—23)

    • Қандай өлшеммен өлшесең (24, 25)

    • Тіршілігін жалғастыра беретін диқан (26—29)

    • Қыша дәні (30—32)

    • Мысалдарды қолдану (33, 34)

  • Исаның дауылды басуы (35—41)

4  Иса қайтадан теңіз жағасында тәлім бере бастады. Қасына көп халық жиналғандықтан, ол қайыққа отырып, жағадан әрірек жүзіп барды. Ал барша халық жағада тұрды+.  Иса оларға мысалдармен көп тәлім берді+. Ол былай деді+:  “Тыңдаңдар! Бір диқан тұқым себуге шығыпты+.  Ол сеуіп жүргенде, тұқымның кейбірі жол бойына түседі де, құстар келіп, шоқып жеп кетеді.  Ал өзге біреулері топырағы аз, тастақ жерге* түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез өніп шығады+.  Бірақ тамыр жаймаған соң, күн шыққанда күйіп, қурап қалады.  Тағы біреулері тікен арасына түседі. Тікен өсіп, тұншықтырып тастағандықтан, олар өнім бермейді+.  Ал өзге тұқымдар жақсы топыраққа түседі. Олар көктеп, бой көтеріп, отыз, алпыс және жүз еседен өнім береді+”.  Бұдан кейін ол: “Құлағы барлар тыңдап алсын!”— деп қосты+. 10  Ол оңаша қалғанда, 12 елшісі мен басқа шәкірттері келіп, мысалдарына қатысты сұрақтар қоя бастады+. 11  Ол былай деп жауап берді: “Құдай Патшалығының қасиетті құпиясын+ түсіну сендерге берілген, ал басқалар үшін естігендерінің бәрі тек мысал күйінде қалады+. 12  Бұл олар қараса да, көрмеу үшін, естіп тұрса да, мәнін ұқпау үшін осылай болды, сондықтан олар ешқашан теріс жолдан қайтпайды және кешірімге ие болмайды+”. 13  Содан кейін ол: “Осы мысалды түсінбесеңдер, басқаларын қалай түсінесіңдер?”— деді. 14  “Диқан Құдай сөзін себеді+. 15  Жол бойына түскендері мынадай адамдарды бейнелейді: олар оны естісімен-ақ, Шайтан келіп+, жүректеріне себілген сөзді алып кетеді+. 16  Ал тастақ жерге түскендері мынаны білдіреді: олар сөзді естіген бойда, қуанышпен қабыл алады+. 17  Бірақ тамыр жаймағандықтан ұзаққа бармайды: Құдай сөзі үшін қиындық пен қуғын-сүргінге кезіге сала, оған сенуден қалады. 18  Сондай-ақ тікен арасына түскендері де бар, олар мынаны бейнелейді: мұндайлар сөзді естігенмен+, 19  осы заманның уайым-қайғысы+, алдамшы байлық*+ пен басқа да құмарлықтар+ жүректерін шырмап алып, сөзді тұншықтырып, өнімсіз етеді. 20  Ал жақсы топыраққа түскендер сөзді тыңдап, шын көңілмен қабылдағандарды білдіреді. Олар отыз, алпыс және жүз еседен өнім береді+”. 21  Ол тағы былай деді: “Жағылған шамды ыдыстың не төсектің астына қоя ма? Оны шамдалға қояды емес пе+? 22  Жасырын нәрсенің бәрі ақырында мәлім болады, жақсылап тығылған нәрсе ашылады+. 23  Құлағы барлар тыңдап алсын+!” 24  Сосын ол мынаны айтты: “Не естіп тұрғандарыңа ден қойыңдар+. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі, тіпті қосып беріледі. 25  Өйткені кімде бар болса, соған тағы беріледі+, ал кімде жоқ болса, өзінде бары да алынып қойылады+”. 26  Иса сөзін былай деп жалғады: “Құдай Патшалығы мынаған ұқсас: біреу жерге тұқым себеді де, 27  түнде ұйықтап, таңертең тұрып, тіршілік ете береді. Ал тұқым көктеп шығып, өсе бастайды. Әлгі кісі оның қалай өсіп жатқанын білмейді. 28  Жер өздігінен бірте-бірте өнім әкеледі: алдымен, көк өскін; сосын, масақ шығады; ақырында, масақ дәнмен толысады. 29  Егін пісіп, науқан уақыты келгенде, ол дереу орақ салады”. 30  Сосын Иса былай деді: “Құдай Патшалығын неге теңеп, қандай мысалмен түсіндіруге болады? 31  Ол қыша дәніне ұқсайды. Жерге себілгенде тұқым атаулының ең кішкентайы болса да+, 32  ол өсіп шыққанда, басқа дақылдардың бәрінен биік болып, бұтақтарын кең жаяды да, оған аспан құстары қонақтап, саясын паналай алады”. 33  Иса Құдай сөзін осы сияқты көптеген мысалмен+ жұрт тыңдай алғанша уағыздайтын. 34  Оларға мысалсыз ештеңе айтпайтын, бірақ шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отыратын+. 35  Сол күні кеш бата Иса оларға: “Арғы жағаға өтейік”,— деді+. 36  Олар жұртты таратып жіберді де, Исамен қайыққа отырып жүзіп кетті. Сол жерде басқа да қайықтар тұрған еді+. 37  Бір уақытта сұрапыл дауыл көтеріліп, толқындар қайықты соққылап, оның іші суға толуға шақ қалды+. 38  Иса қайықтың арт жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері оны оятып: “Ұстаз, құритын болдық! Сізге бәрібір ме?”— деді. 39  Ол тұрып, желге тыйым салды да, теңізге: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырды+. Сонда жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады. 40  Сөйтіп, шәкірттеріне: “Неге сонша қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?”— деді. 41  Бірақ оларды қатты үрей билеп, өзара: “Жел де, теңіз де бағынатын бұл кім өзі?”— десті+.

Сілтемелер

Мұнда сол өлкеде кездесетін бетінде жұқа топырағы бар жалпақ жартас жөнінде айтылып тұр.
Сөзбе-сөз “байлықтың арбаушы күші”.